Ақпараттық портал

СІБІР ЖАРАСЫ – ҚАУІПТІ АУРУ

Республика көлемінде 2023 жылдың 5 айында тұрғындар арасында сібір жарасына күдікті 6 жағдай Жамбыл (5), Алматы (1) облыстарында тіркелді. Тұрғындар арасында тіркелген сібір жарасына күдікті 6 жағдайдың 4 (66,7%) жағдайында сібір жарасы расталды және расталған 4 жағдай Жамбыл облысының Талас (3), Жуалы (1) аудандарында тіркелді. Ауру жұқтыру көзі – мәжбүрлі сойылған ауылшаруашылығы жануары. Берілу жолдары мен факторлары – мәжбүрлі сойылған ауылшаруашылығы жануарының (жылқы) қанымен және етімен тығыз жанасу.
Сібір жарасы – бұл індет көптеген үй жануарларының ауруы. Бұл індеттің қауіптілігі – ауру малдан адамға жұғуы. Адамнан адамға жұқпайды. Індеттің қоздырғышы – сібір жарасының бактериялары. Сыртқы орта әсеріне сібір жарасының микробы өте төзімді тығыз қабық – спора түзуіне байланысты, топырақта ондаған жылдар бойы сақталады. Сібір жарасы адамға малдан және малдың өлексесінен жұғады: малды бағып-күтіп жүргенде,сойғанда, терісін алғанда, өлген малды көмгенде және т.б., сонымен қатар ауру малдан өндіріліп алынған тағам арқылы жұғады. Ауру көбіне тері арқылы таралады. Микробтың теріге енген жерінде кішкене ғана, қатты қышитын, қолмен ұстағанда бұл ыссы және қызыл түсті дақ пайда болады, кейін айналасында іші ашық сұйықтыққа толған күлдіреген бөртпелер шығып, шиқан тәрізді жара пайда болады, олардың іші уақыт өте келе қан аралас қою сұйықтыққа толып, қышыған бөртпелер қасу салдарынан жарылады да, бетінде қара түсті қабыршақ пайда болады. Қабыршақтың астынан іріңді қанды сұйық шығады, соңғысының ішінде сібір жарасының микробтары болады. Жараның пайда болуымен қатар дене қызуы көтеріледі, әлсіздік және қалтырау байқалады. Жай шиқандарға қарағанда, сібір жарасы ауырмайды.
Егер адам сібір жарасы қоздырғыштарымен ластанған шаңмен демалса, өкпе зақымданады болады, ал егер қоздырғыштарымен ластанған тамақ жеп, су ішетін болса асқазан-ішек жолдары зақымданады. Бұл жағдайларда ауру өте ауыр және қауіпті өтеді. Адамда ауру қоздырғышын жұқтырған мезгілдің жасырын уақыты 2-5 күнге созылады. Сібір жарасы сепсистік түрге айналуы мүмкін. Егер ауруды уақытында емдесе, адам айығып, жазылып кетеді. Ауру асқынып кетпей тұрып тез арада дәрігерге бару керек.
Сібір жарасының алдын алу әрекеттері қандай? Ең бастысы – үй жануарлары арасында ауруға жол бермеу, малдарды уақытына ауруға қарсы егу.
Егер мал ауыра қалса жедел мал дәрігеріне хабарлау керек. Өлген малдан мал дәрігерінің рұқсатынсыз терісін алуға болмайды. Бейтаныс жерден малдың етін алмаңыздар. Қолдан жүн, тері сатып алу қауіпті, бұл шикізаттар залалды болуы мүмкін. Малдың сібір жарасынан өлгенін өртеп жою қажет. Жайылымда өлген малдың орнын өртеу керек, ал егер қой, ешкі, т.б. қорада өлсе, бүкіл қораны ҚР аумағында рұқсат етілген дезинфекциялау заттарымен залалсыздандыру қажет. Шөп қалдығын, көңін және астындағы төсенішін өртеу қажет. Жайлауда, қорада, аулада сібір жарасынан өлген малмен бірге болған малды басқа малдан оқшаулау қажет. Мал дәрігерінің сараптамасы туралы белгілері жоқ ет өнімдерін, мал дәрігерінің рұқсатынсыз, лажсыздан сойылған мал етін және рұқсат етілмеген жерлерден ет, сүт өнімдерін сатып алуға болмайды. Егілген жануарларды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне болмайды. Ауру малды күткенде немесе сойғанда арнаулы киім кию (резина қолғап, етік), оларды жұмыс аяғында заласыздандыру, қол, бет, мойын терілірінің жарақаттанбауын қадағалау. Ауру малдарды күтіп болған соң қолды мұқият жуу қажет. Сол секілді қолды жумай тамақ ішпеу керек.
С.Кожанбекова,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.