Өзен жағалағанның өзегі талмайды
Кәмелеттік аттестат қолға тиісімен мектеп түлектерінің көпшілігі жоғары білім алуды аңсап, армандайды. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Бүгінгі кейіпкеріміз Шу өңірінің төл перзенті Ибраимов Нұрахан Нүпбайұлы да осындай биік мақсатты көздеген болатын. Ол қазіргі Төле би ауылындағы бұрынғы Максим Горький атындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдады. Он жыл бойы орыс тілінде дәріс алғандықтан жастайынан Мәскеу қаласына барып оқығанды жөн көрген.
Үлкендердің кеңес беруімен Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына алдымен атбасын тірейді. Естуінше, мемлекеттік емтихандарды осы институттың базасында тиянақты тапсырса, студенттік өмірі Мәскеуде жалғасатын болады. Өкінішке қарай, бұл жаққа баруға тілек білдірген талапкерлердің көптілігінен қажетті құжаттары қабылданбай қалады. Үлкен өмір жолына жаңа қадам басқан жігерлі жас басқа мүмкіндіктерді іздестіреді. Соның нәтижесінде Беларус ауылшаруашылық академиясында оқуға аңсары ауып, жан жүрегі қалайды. Қарапайым ауыл баласы ауылшаруашылық саласының жоғары білімді маманы болсам деген қиялы тал бойына қанат бітіреді. Абырой болғанда қабылдау емтихандарын талапқа сай тапсырып, студент атанады. Сол кездегі Нұрахан Нүпбайұлының қуанышында шек болмайды.
Төртінші ұлына оң сапарын тілеп, екі көзі төрт болған анасы Сараға жеделхат жолдайды. Арада екі сағат өткеннен кейін қалааралық байланыс арқылы анасымен, ағаларымен тілдеседі. Бұрын-соңды мұндай алыс сапарға шығып көрмеген жас студент ауылдағылардың өзін қызу құттықтайды деп ойламаса керек. Ол табан астында іштей толқып, теңіздей тебірене түсті.
Бір сәт академия жанындағы орындыққа оңаша барып отырған еді. Көз алдына бұдан бір жыл бұрын дүние салған әкесі Нүпбайдың жарқын жүзі ойламаған тұста елес берді. Әкесі марқұм басқа ұлдары сияқты Нұраханды да ерекше еркелетіп өсірді. Төрт көздері түгел жиналып отырғанда әкесі: «Осы Нұрахан балам ат жалын тартып, ержеткенде инженер болады»-деп мейірімді жүзбен айтып отыратын.
Сол Нұраханы бүгінгі күні инженер болмаса да, аталмыш мамандыққа бет алғандығын қайран әкем білмей кетті-ау дегенде жанарынан бір тамшы ыстық жас ыршып кеткендігін өзі де аңғармай қалған.
Бір күні бәрі ақ дастархан басында басқосып отырғанда мынадай қызықты жайт болған еді. Әдеттегідей, әкесі Нүпбай Нұраханы көзіне түсе қоймағандықтан «Менің инженер балам қайда?»-деп жиналған жұртты елең еткізді. Осы кезде Сара апай да әңгімеге араласып: «Төрежан-ау, инженер болатын балаң ит қуып кеткен жоқ, қазір кеп қалар» -деді. Өз күйеуінің азан шақырып қойған атын да елдің көзінше атамайтыны сол кездегі тәлім-тәрбиенің жарқын көрінісі еді бұл.
Тарихтан сыр шертсек, Нүпбай ақсақал аудан орталығында орын тепкен «Түрксіб» ұжымшарында қатардағы колхозшы болып еңбек еткен. Кей жылдары малшы, сушы, мұрап сияқты жұмыстарды істеді. Әсіресе, мұрап болып жүрген кезінде жұмыстан үйіне шаршап қайтатын. Өйткені, Тайлақ тоғанындағы суды тұтынушыларға реттеп берудің ауыртпалығы аз болмағанға ұқсайды. Турасын айтқанда, жаздың аптап айларында суға деген сұраныс тіпті көбейіп әрі күрделеніп кететін. Су дауы да жер дауы сияқты жүйке тоздырған шақтары жетіп жататын. Осындай су төңірегіндегі қарбалас кезеңді жастайынан естіп өскен Нұрахан инженер-гидротехник мамандығын таңдаған кезде қандай да бір қиындықтан тайсала қоймайтындығына сенімділік білдірді.
Нұрахан Нүпбайұлы жоғарыда аталған академияны бітіріп, Шу өңіріне жоғары білімді инженер-гидротехник болып оралды. Осы кезде бұл аймаққа су мамандары ауадай қажет болатын. Атап айтқанда, сыйымдылығы 620 млн текше метр Тасөткел су қоймасы, сол қоймадан бастау алатын ұзындығы 53 шақырым магистральды канал пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудандағы қант қызылшасы көлемін едәуір арттыру мақсатында «Шусовхозводстрой» тресі өз алдына шаңырақ көтеріп, тың жерлерді игеріп, оны сумен қамтамасыз ету жолында үлкен жұмыстар атқарды. Бұл треске бірнеше жылжымалы механикаландырылған колонналар бағынышты болып, егістік алқаптарында қызу еңбек қазаны қайнай түсті. Сол бір кезеңде кейіпкеріміз Тасөткел су қоймасының инженер-гидротехнигі болып, білек сыбана кірісті.
Туған жерін түзетуге, егіс далаларын ылғалдандыруға бар күш-жігері мен білімін сарқа жұмсады. Қатардағы инженердің өз мамандығына деген адалдығы мен жауапкершілігі басшылық тарапынан оң баға ала бастады. Арада үш жыл өткен соң Нұрахан Нүпбайұлы Тасөткел су қоймасының басшысы болып тағайындалды. Атап айтатын жайт, Тасөткел су қоймасы көлемі жағынан кең-байтақ республикамыздағы Шардара және Қапшағай су қоймаларынан кейінгі үшінші орынды иеленетін. Жаңа қызметті де абыройлы атқарғандықтан аудан басшылығы оған аудандық су жүйелерін басқару басқармасының бас инженері қызметін ұсынады. Бір жылдан кейін сол басқарманың басшысы болып тағайындалады.
Нұрахан Нүпбайұлы аудандық су басқармасын ондаған жылдар бойы баянды басқарып, сол ұжымнан үлкен құрметке бөленіп, зейнеткерлік демалысына шықты.
Ол басшылық қызметте жүрген жылдарда шаруашылықтарды қажетті сумен қамтамасыз етуді басты назарда ұстады. Әсіресе, тозығы жеткен, пайдалануға жарамайтын бұрынғы тоғандарды қайта қалпына келтіруге көп еңбек етті. Мәселен, Күйген, Қарабас, Тайлақ, Естемес және тағы басқа да тоғандар күрделі жөндеуден өткізіліп, су өткізу мүмкіндіктері арттырылды. Сонымен қатар, аудандық су басқармасы әр шаруашылықтың сұранысына қарай уақтылы әрі қажетті мөлшерде су бөліп беруді де тұрақты бақылап отырды.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданда су мамандары сол кезде де жетіспейтіндігі анық байқалды. Сондықтан Нұрахан Нүпбайұлы кадр мәселесін түбегейлі шешу жолында аянып қалмады. Атап айтқанда, су шаруашылығында қызмет атқаруға тілек білдірген көптеген жастардың арнайы орта және жоғары білім алуына қолдау көрсетті. Аудандық су басқармасының мамандары тоғандардағы сулардың пайдалану жағдайларын да назардан тыс қалдырмады.
Атам қазақтың: «Күндізгі су – бу, түнгі су – ну» деген қанатты сөзін басшылыққа ала отырып, ала жаздай күндіз де, түнде де тексеру ұйымдастырды. Шаруашылықта сушылар тарапынан ағын су ысырап болса, бұл мәселе туралы дер кезінде дабыл қағылатын. Осындай қашқын судың кесірінен талай басшылар мен мамандар тиісті жазаларын алып жатты. Айналып келгенде, бұл талап пен талғамның жоғары екендігін таныта түсті.
Бүгінгі таңда саналы ғұмырын ауданның су шаруашылығын одан әрі дамытуға арнаған еңбек ардагері Нұрахан Ибраимов елдің елеулісі болғандығын да атап өткен жөн.
Ол Шу аудандық мәслихатының екі шақырылымында депутаты болып сайланды.
Ол Шу ауданының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Ол елге сіңірген еңбегі үшін оннан астам мемлекеттік медальдармен марапатталды.
Ол қандай қызмет атқарса да көпшілікке қайырымдылық пен қамқорлық жасаудан қалыс қалып көрген емес.
Айтулы азамат Нұрахан Ибраимов ауылшаруашылық саласында талмай қызмет етіп, ел-жұртынан алғыс арқалаған күйінде санаулы күндерден соң 70 жасқа толғалы отыр. Әкесінің мерейжасына өзіндік тарту-таралғыларын табыс ететін ұрпағы аз емес. Солардың қатарынан кенже қызы Қымбаттың әке жолын ардақтап, Астанадағы ауылшаруашылық университетін жақында ғана қызыл дипломмен аяқтағанын қалай мақтан тұтпаймыз?!
Өзен жағалағанның өзегі талмайды деп өсиет қалдырған даналар ұрпағына қажетті мамандыққа жол сілтегендей көрінеді. Осының маңызы көп жандарға жетсе дейміз.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист.