Ақпараттық портал

Қаржылық сауаттылық – тұрғындардың қаржылық әл-ауқатының негізі

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі қаржы нарықтарының даму деңгейіне байланысты, ал осы нарықтардың негізгі қатысушысы – халық болып табылады. Мысалы, қазақстандық коммерциялық банк капиталының шамамен 50 пайызы халықтың мерзімді және ағымдағы шоттарындағы қаражаттары негізінде қалыптасқан.
Осылайша, халықтың қаржылық сауаттылығы өз кезегінде қаржылық өнімдер мен қызметтерге деген сұранысқа әсер етеді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру экономикалық реттеудің де өзекті міндеті болып табылады.
Қаржылық сауаттылық – бұл капиталды сақтау және көбейту үшін ақшаның қалай жұмыс істейтінін, оны қалай табуға және басқаруға болатындығын нақты түсіну болып табылады. Бүгінде көптеген қазақстандықтардың банктік несиелері өтелмеген. Сонымен қатар, еліміздің азаматтары микро қаржы ұйымдарынан да несие алған.
Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық үстемақылары, ең бастысы қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын тұрғындар қарызының өсуіне алып келеді. Халықтың бір бөлігінің қарыз ауыртпалығы мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Осы орайда ағымдағы жылдың 26 маусымынан бастап ауданымызда «Қарызсыз қоғам» атты «Аманат» партиясының жобасы іске асып келеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы «Аманат» партиясы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ және «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығы» РҚБ бірлескен бастама болып табылады. Аталған жоба – ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылықтарын көтеруге бағытталған. Бес күндік тегін оқуда қатысушыларға жеке және отбасылық бюджетті құрастыруға, тауарлық несиесіз тауарлар мен қызметтерді алу мүмкіндігін, несие мен қарыздың тұзағына түспеу жолдарын талдай білуге, несие нарығын талдап, дұрыс және тиімді шешім қабылдау үшін несиелеу шарттарын түсіне білуге, қаржылық инвестиция құралдары мен жалған компаниялардың алаяқтық әрекеттерін ажырата білуге, жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін білуге үндеп, өз құқықтарын қалай қорғау керектігін білу туралы ақпараттар беріледі. Сондай-ақ, жоба аясында кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге немесе кәсіп ашуға ниет білдірген азаматтарға бизнес жоспарды қалай дайындау керектігін үйретеді.
Екі апта шінде Балуан Шолақ, Бәйдібек, Жаңа жол, Белбасар ауылдарының 142 тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырды. Соның ішінен 26 тұрғын банк есеп шоттарын бұғаттауды, нотариалдық әрекеттерді жасауға бұғаттауды алып тастауға, 3 адам жеке банкроттылыққа беруге, 10 адам несиені өтеу бойынша жеңілдетілген графикке қоюға қаржы сарапшылары Алтынай Танатова мен Алтынай Молдашеваның көмегіне жүгінді. Сонымен қатар, тұрғындар қаржылық сауаттылыққа байланысты тегін заңгерлік кеңестер алды.
Осы аптада «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы Қонаев ауылында және Бірлік ауылдық округтерінде жүзеге асырылуда. «Қарызсыз қоғам» жобасы Жамбыл облысының барлық аудандарында жылдың соңына дейін өтеді. Жобаға қатысуға ниет білдірушілер «Аманат» партиясы Шу аудандық филиалына келіп, қосымша ақпарат алуға және тегін оқуға қатысуларыңызға болады.
Болатжан НИЯЗБЕКОВ,
«Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.