Ақпараттық портал

Мемлекет басшысы Мұхаммед пайғамбар мешітіне зиярат етті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жұмыс сапары Исламда екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан басталды.
Мемлекет басшысы Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентінің келуіне орай оған ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылды.
Осы сапарда Қ.Тоқаев Жидда қаласында өтетін «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысады.
Президент «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммиті аясында Кувейт Мемлекетінің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабахпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қазақ-кувейт ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Кувейтпен байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі және барлық басым бағыт бойынша өзара іс-әрекетке тың серпін беруге дайын.
Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах Астана мен Әл-Кувейт арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар екенін жеткізді.
Президент Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
Қ.Тоқаев Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция, энергетика, «жасыл» энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Өз кезегінде Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстан Сауд Арабиясының Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайту үшін мол әлеует бар. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.
Аkorda kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.