Ақпараттық портал

Халық театрларының қарымы қандай?

оңғы жылдары ел өміріндегі әр саланың дамуына тың серпін беріліп, өз қызмет бағыттарын заман талабына сай жүзеге асыруға бетбұрыс жасалып келеді. Мұның ішінде мәдениет саласы да бар. Аталмыш саладағы театр өнерінің қоғамда алатын орны ерекше. Бұл тұрғыда өңірімізде жергілікті тұрғындарға мәдени қызмет көрсетіп, мәдени сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында «халықтық» атағы бар екі бірдей театр жұмыс істейді. Оның алғашқысы аудандық мәдениет үйіне қарасты «Шу» халық театры болса, екіншісі Шу қаласындағы «Шу қаған» халық театры.

Қырық мыңға жуық тұрғыны бар қалада орналасқан «Шу қаған» халық театрына бүгінгі таңда Надира Болаева жетекшілік етеді. Аталған театр 2002 жылы драма үйірмесі ретінде құрылып, сахна шымылдығын алғаш рет Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясымен ашқан. Бүгінде халық театрының қоржынында Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана»қойылымы, Ш.Мұртазаның «Сталинге хат» трагедиясы қойылымы, Төле бидің 350 жылдығына орай жарыққа шыққан А.Бекбосыновтың «Төле бидің төрелігі» атты ІІ-бөлімді драмалық толық спектакль бар. Сонымен қатар, Шу ауданының 80 жылдық мерейтойында А.Егеубаевтың «Шу батыр» дастанының желісі бойынша режиссер Күннұр Тілекқызы дайындаған сценариден үзінді қойылып, Тараз қаласында өткен Шу ауданының мәдениет және өнер күндерінде көрсетіліпті. 2015 жылы Шу ауданына қарасты Сауытбек ауылында өткізілген «Қойнауы тарих, өнерлі өлкем – Сауытбегім» атты облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауында Сауытбек Ұсаұлы мен Ақбөпенің айтысынан, М.Әуезовтың «Абай» трагедиясынан үзінділерін көрсеткен. Сондай-ақ, театр ұжымы балаларға арналған қойылымдарды да назарға ұсынып келеді. Мысалы, «Қақпанға түскен қасқыр», «Ер көжек» атты балалар ертегісінен спектакль Шу ауданының біршама мектептері мен балабақшаларында қойылған.
Театр режиссері К.Тұрлыбекованың айтуынша, алғаш құрылған кезден бүгінгі күнге дейін бірнеше қойылым мен спектакльдер көпшілік назарына ұсынылып келді. 2015 жылы Астана қаласынан арнайы тапсырыспен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Д.Рамазанның сегіз көріністен тұратын «Керей мен Жәнібек» тарихи драмалық пьесасына негізделген спектаклді Тараз қаласында өткен Шу ауданының мәдениет және өнер күндерінде көрсетіп, бірінші орынға ие болып қайтты. 2016 жылдың соңына таман Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығынан құрылған комиссия мүшелерінің сараптамадан өткізуімен М.Баджиевтің «Құдалар» спектаклімен «Шу қаған» театры алғаш рет халықтық атағына ие болған.
Театр драма, тарихи драма, ертегі, траги-комедия сынды 4 жанр бойынша жұмыс атқарады. Сондай-ақ, театр ұжымы мәдени іс-шараларға да белсенді қатысады. Олар дәстүрлі мерекелік шаралар, тақырыптық, мерейтойлық, шығармашылық кештерді дайындап, кездесулер мен байқауларды ұйымдастыруда, оларды шеберлікпен өткізуде жоғары деңгейден көрініп жүр.
Қазіргі таңда ұжым қоржынында 6-7 толық спектакль бар. Әр спектакльдің актерлар үшін, оны тамашалап отырған көрермен үшін алар орны ерекше екені хақ. Гастрольдік сапарларда «Төле бидің төрелігі», «Құдалар» «Ер көжек», «Қылмыстық оқиға», «Азиза» спектакльдері назарға ұсынылған. Нашақорлыққа қарсы күрес күніне «Есірткі таратушы» қойылымы қойылды. Жаңа жылдық балаларға арналған ертеңгілікте ертегілерден үзінділер сахналанды.
2017 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, театр ұжымы Е.Әлімжанның «Төле би» драмасын сахналап, «Төле би» рөлін театрдың жас актері Марлен Азаматов сомдады. «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күнінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі – «Беташар» рәсімін сахналады. Халықаралық Күлкі күніне орай облыстық фестивальде «Миграция» атты әзілге негізделген қойылымын дайындап, көрерменге ұсынып, арнайы дипломмен, 2020 жылы қыркүйекте “Театр – өмір айнасы” атты облыстық халық театрларының фестивалінде Б.Римованың «Абай-Әйгерім» атты спектаклінен үзінді қойып, Алғыс хатпен марапатталса, 2021 жылы театр ұжымы «Азиза» спектаклімен облыстық фестивальге қатысып, «Ең үздік режиссер» номинациясын жеңіп алған. Ал, ағымдағы жылғы облыстық фестивальде М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклін назарға ұсынып, Алғыс хатпен марапатталған. Сондай-ақ, 2019 жылы қазан айында «Шу қаған» халық театры кезекті аттестациясына М.Баджиевтің «Қылмыстық оқиға» атты спектаклі қатысты.
Қазіргі таңда «Шу қаған» халық театрында жетекші, режиссер және 3 адам қосалқы әртіс ретінде қызмет етеді. Ал, өткенге көз жүгіртсек, театр шаңырағын көтеруге Е.Мылқыбаев, К.Тұрлыбекова, Е.Азаматов, М.Азаматов, Н.Сансызбаев, Н.Болаева, Б.Сатыбеков, А.Диханова сынды әртістер үлес қосқан. Ал соңғы уақытта театр қызметінің қанат жаюына Е.Мамықбаев, Н.Амангелді, Т.Алтыбаев, П.Тұрарқызы секілді жас мамандардың да зор үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн. Құрылған сәттен бері театр шығармашылық ұжымының өнері облыс, аудан, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде.
-Шын мәнінде аудан басшылығы тарапынан қолдау көрсетілмесе, мұндай театрды өздігімізден құра алмайтын едік. Бұл театр сол жылдардағы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшылығының қолдауымен, жалпы ұжымның атсалысуымен құрылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын түрлі рөльдерге арнайы тіккізген киімдерді осы уақытқа дейін қолданып келеміз. Ал, маман тапшылығы әрине бар. Дегенмен, кең көлемді қойылымдар кезінде жалпы мәдениет саласының қызметкерлері атсалысып, өз үлестерін қосып жатады.
Тағы бір айта кететін жәйт, Шу қаласында халық саны айтарлықтай екені белгілі. Оның ішінде жастар мен жасөспірімдер де баршылық. Сол себептен, келешекте «Қылмыстық оқиға», облыстық фестивальде көпшілікке ұсынылған «Еңлік-Кебек» спектакльдерін аудан жұртшылығының, әсіресе жастар қауымының назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл шығармалардың бүгінгідей құбылмалы заманда жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше деп білеміз,-дейді режиссер Күннұр Тілекқызы.
* * *
Сондай-ақ, Шу аудандық мәдениет үйінің «Шу» халық театры да талай жылдан бері шығармашылықтың қазанында қайнап келеді. 1968 жылы құрылған театрдың негізін сол кезеңдерде Ермек Құлжанов есімді азамат қалап және режиссері болып қызмет еткен. 1978 жылы «халықтық» атағына ие болған театр ұжымы бүгінгі күнге дейін осы атақты қорғауды жалғастырып келеді. Осы жылдардан бастап ұжым шығармашылық жолын шыңдауда О.Бодықовтың «Тірі екенсің махаббат» (режиссер Омарсейіт Бірімбетов), «Апа, апатай» атты көрінісі (режиссер С.Дәулетқұлова), М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар» атты екі бөлімді комедиясымен «халықтық» атағын қорғады.
Сонымен қатар, С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» қойылымын, М.Хасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар» атты екі бөлімді комедиясын, Ш.Досмайловтың «Есірткімен есірген есерлер» қойылымын, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» атты екі бөлімді драма комедиясын, балаларға арналған «Қаңбақ шал» ертегісін сахналаса, Шу ауданының мәдениет және өнер күніне орай А.Егеубайдың «Шу батыр» көрінісін және «Кім кінәлі?» атты мелодраманы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты екі бөлімді поэтикалық драмасын жарыққа шығарып, шығармашылық қабілетті одан әрі шыңдап келеді.
Ал кейінгі кезде яғни, 2010 жылдың мамыр айында Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткен фестивальде «Шу» халық театры Д.Исабековтың «Кішкентай ауыл» атты екі бөлімді драмасымен, 2013 жылы қараша айында облыстық мамандардан құралған қазылар алқасының қатысуымен С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты екі бөлімді лирикалық шығармасымен, 2016 жылы Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» атты екі бөлімді музыкалық комедиясымен, 2019 жылы қазанда М.Қасеновтың «Пай-пай жас жұбайлар-ай» (режиссер Б.Қосыбаева) екі бөлімді комедиясымен «Халықтық» атағы қорғалды.
2013 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен Жамбыл облысының 75 жылдығына арналған облыстық халықтық театрларының «Театр-КZ» фестивалінде «Шу» халық театры С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты екі бөлімді лирикалық қойылымымен өнер көрсетті.
2020 жылы қыркүйек айында Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрларының «Театр – өнер айнасы» фестивалінде М.Әуезовтың «Абай» драмасын, араға бір жыл салып, дәл осы фестивальде «Абылайдың арманы» спектаклін сомдап, екі мәрте Алғыс хатпен мараппатталса, өткен жылы қыркүйек айында М.Әуезовтың 125 жылдығына орай «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын сахналап, «Ең үздік спектакль» номинациясымен мараппаталды.
Театр ұжымымен 2021 жылы М.Мақатаевтың 90 жылдығына «Тағы да Майгүлге» өлеңінің бейне түсірілімі дайындалған. Ақпан айында аудандық мәдениет үйінде офлайн форматта қазақ халық поэзиясының алыбы, жырау, ХХ ғасырдың гомері, жыршы – Ж.Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жамбыл Жабаев –ұлы дала ақыны» тақырыбында театрландырылған қойылым ұйымдастырылып, «Шу» халық театры ақынның жастық шағынан сыр шертті. Б.Қосыбаеваның режиссерлігімен қойылған бұл көріністе жас ақын рөлін театрдың жас актері Қ.Бауыржан сомдады.
Күлкі күніне арналған «Күлеміз бе…?» атты онлайн іс-шараның бейне түсірілімі әлеуметтік желіге ұсынылды. «Мәдениет және өнер қызметкерлері» күніне арналған мерекелік сазды бағдарламада «Шу» халық театры ұжымы интермедиялар сахналады. Шілде айында «Дәстүр мен ғұрып» бағыты бойынша әжемнің ертегісі әлеуметтік желі қолданушыларына ұсынылды. Қараша айында аудандық мәдениет үйінің сахнасында «Абылайдың арманы» спектаклі сахналанды. Желтоқсан айында «Жеті лақ» спектаклі балабақшаларда балалар назарына ұсынылды.
Ал, өткен жылы Аяз Бетбаевтың 80 жылдығына орай «Жастық шағынан үзінді» көрермен назарына, А.Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай «Ахметтің жазған хаттары» атты бейнебаян желі қолданушыларына көрсетілді. С.Шәкіровтың 100 жылдығына орай «Сәдудің ерлігі» атты қойылым халық назарына ұсынылса, Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай «Қонаевтың Шәмшімен кездесуі» атты қойылым сахналанды. «Театр – өмір айнасы» атты облыстық конкурсқа М.Әуезовтың 125 жылдығына орай «Айман -Шолпан» музыкалық комедиясын сахналады. Комедия «Үздік спектакль» номинациясымен марапатталды. Жаңа – 2023 жылды қарсы алуға арналған «Жаңа жылдық қойылым» сахналанды.
Ал, ағымдағы жылы М.Жұмабаевтың 130 жылдығына орай «Мен жастарға сенемін» атты әдеби-сазды кеш “Шу” халық театры әртістерінің катысуымен “Жүз жылдық махаббат” (Д.Исабеков) атты театрландырылған қойылыммен ашылды.
«Шу» халық театрының әр жылдардағы өзге де шығармашылық жұмыстары жетіп артылады. Құрылған кезеңнен бастап, бірнеше қойылымды сахналаған өнерпаздар әлі де шығармашылық шыңдалу мен ізденіс үстінде. Бүгінгі таңда «Шу» және «Шу қаған» халықтық театрларының жетекшілері Надира Болаева мен Эльмира Тулешова және режиссерлер Күннұр Тұрлыбекова мен Марлен Азаматовтар театр жұмысының одан әрі өркендеуіне бар күш-жігерлерін салып келеді.
Жергілікті халықтың рухани дамуына, мәдениет саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып, еселі еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің, оның ішінде театр ұжымының алар асуы алда деп білеміз. Театрдың қоғамдағы рөлін осы саланың қазанында қайнап, тыныс-тіршілігінен хабардар болған және өмірлерін өнерге арнаған азаматтар ғана жақсы түсінеді. Сондықтан, жоғарыда аталған екі театрдағы маман тапшылығын болдырмау, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп отырса, алдағы уақытта театр жұмысын мамандармен бірге өзге облыстар мен өзге аудандарға ұсынсақ, бұл жалпы аудан мәдениетінің абыройының асқақтауына сеп болары хақ.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.