Ақпараттық портал

Көлік қызметкерлері құрмет төрінде

Тамыздың бірінші жексенбісі күні еліміздің көлік қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл күн өмірін көлік басқару, жүк және жолаушы тасымалдау саласына арнап, ел экономикасының дамуына аянбай еңбек етіп жүрген жандардың жұмыстарына алғыс айтылатын күн.

Осыған орай, аптаның соңында Шу аудандық Мәдениет үйінде Көлік қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылған болатын. Аталған жиында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сала ардагерлері мен мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Дәл осы күні Шу қаласындағы «Т.Рысқұлов» ескерткішіне және «Теміржолшылар» саябағындағы «Басмасшылар» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткенін де айта кеткен жөн.
– Ел мен елді қауыштырып, алысты жақындатып, аманат етіп артылған жүкті жеткізетін көлік қызметкерлері қоғамда ерекше құрметке ие. Әсіресе, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының Қазақстанның көлік логистикасы саласында ерекше орны бар. Әрі Шу-Мойынты темір жолының салынғанына биыл 70 жыл толып отыр. Бұл тарихи оқиға мерекені одан әрі айшықтай түседі.
Көлік логистикасы – экономиканың күретамыры болғандықтан бұл саланы дамытуға мемлекетіміз айрықша көңіл бөледі.
Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерін, автобус паркінің қызметкерлерін де төл мерекелерімен құттықтаймын, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттауға беріліп, еңбек ардагерлеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, сала мамандарына ауданның және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді.
Одан бөлек, осы жиында теміржолшылар өздеріне тиесілі марапаттарға қол жеткізіп, өңірдің өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаны тамашалады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.