Ақпараттық портал

Мектепке дайындық:Базардағы баға қандай?

Жүйрік уақыт зымырап, жаңа оқу жылы да таяп қалды. Бұл мезеттегі көпшілік санасындағы маңызды мәселенің бірі – балалардың жаңа оқу жылына даярлығын құнттау. Әсіресе, ата-аналар қауымының жиғанының бір бөлігі мектеп қабырғасындағы балалардың киім-кешегі мен оқу құралына жұмсалатыны заңдылық. Бүгінгідей қымбатшылық заманда әр теңгені ұқыппен жұмсамасаңыз, шығынға бататынымыз анық. Бұл жағдай әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін қалтаның қалыңдығын талап етеді.

Осыған орай, жуырда біз Шу қаласындағы «Сауда-Сервис» сауда орталығы мен базар аумағында орналасқан «Олжа» сауда үйін аралап, мектепке қажетті киім-кешек бағасын зерделеп шықтық. Мысалы, мектепке киетін ұл және қыз балаларға арналған ақ жейде бастауыш сынып оқушылары үшін 3500 теңгеден басталып, әрі қарай жас өсіміне байланысты 4500-5000-6500-7000 теңге аралықтарын қамтыған. Қыз балаларға арналған сарафан 15 000 теңге болса, белдемше 5000-6500 теңге шамасында. Ұл балаларға арналған кешенді форма (костюм-шалбар) 15-25 мың теңге аралығында тұрақтаса, ұлдар мен қыздардың спорттық киімдері 9000-22000 аралығын көрсетуде. Сондай-ақ, ұлдар мен қыздарға арналған аяқ киім (туфли) бағасы жас ерекшеліктеріне қарай 5000-7000-9000-12000 теңге аралығында болса, спорттық аяқ киім 4000 теңгеден басталып, 22 000 теңгеге дейін бағаланған.
Ал, осы төңіректегі, ауыл-аймақты қосқанда жалпы аудан тұрғындарының басым бөлігі жиі келетін «Арзан» сауда дүкенінде алдыңғы сауда орындарына қарағанда киім-кешек бағасы біршама арзанырақ болып шықты. Нақты айтар болсақ, бастауыш сыныптың ұл балаларына арналған ақ жейде 2200 теңгеден басталып, жас өсіміне қарай шекті бағасы 3900 теңгені құрайды. Ал, қыз балалардың ақ жейдесі 3000-4000 теңге аралығында. Ұлдардың кешенді мектеп формасы яғни, костюм-шалбар 8700-9020-16300 теңге болып белгіленген. Қыз балаларға арналған сарафан 3200-4500 теңге болса, белдемше (юбка) 2050 теңге мен 3200 теңге аралығын қамтиды екен. Кешенді спорттық киім 6020-7700-8550 теңге және спорттық аяқ киімдер төменгі сынып оқушылары үшін 3500 теңгеден басталып, әрі қарай жас ерекшеліктеріне сәйкес 5000-9800-14440 теңге аралығын қамтыған. Осы тұста қызметтік міндетімізге орай тауар бағасын зерделей жүріп, спорттық аяқ киімнің ерекше түріне көзіміз түсті. Байқасақ, сыртқы қабаты мен табаны бір-бірімен тұтасып, түгелдей резеңкеден жасалған екен. Мұндай аяқ киімнің көктем-күз мезгіліндегі жауынды-шашынды күндерде таптырмас дүние екендігі бірден санаға сап ете түсті. Балалардың аяғы су болмайды. Аяқ киімнен су өтпеген соң, аяқ та жылы. Есесіне бағасы 24 415 теңге. Бұл тұрмысы орташа деңгейдегі кейбір отбасылар үшін қымбатырақ болатыны анық. Сонымен қатар, бастауыш сынып қыздарына шақ келетін классикалық аяқ киімдер (туфли) 3500 теңге болса, әрі қарай жас өсіміне сәйкес 5750-8700 теңге аралығында. Ал, ұлдардың туфлиі 5000-7000-9000-17000 теңгені көрсетуде.
Аудан жұртшылығы, әсіресе, Төле би ауылының тұрғындары жиі келетін, аудан орталығындағы «Диас» сауда орталығы да бұл күндері сан түрлі тауарларымен қалың жұртқа кең танылып келеді. Сол себептен, біз мұндағы бағаны да оқырман назарына салуды жөн санадық. Аталмыш сауда орталығында бастауыш сыныптағы ұл балаларға арналған ақ жейде 2720 теңгеден басталып, жас өсіміне сәйкес 3200-3680 теңге аралығын қамтыса, қыз балалардың ақ жейдесі 3760-4800 теңге аралығында. Белдемше (юбка) 2800 теңгеден басталып, 4100 теңгеге дейін бағаланған. Қыз балалардың мектепке арналған сарафан көйлектері 4480-5200-6900 теңге болып белгіленген.
Қыздар мен ұлдарға арналған кешенді спорттық киім 7200 теңгеден басталып, 9300-10800-13300 теңге аралығын қамтиды. Спорттық аяқ киімдер бастауыш сынып оқушылары үшін 4800 теңгеден басталып, әрі қарай әртүрлі бағамен 9800 теңгеге дейінгі аралықты қамтыған. Ал, классикалық аяқ киімдер яғни, туфли бастауыш сынып оқушыларына 3800-4400 теңгеден басталып, әр түрлі бағамен 11250 теңгеге дейін белгіленген. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларына арналған сабақ сөмкелері 4250 теңге болса, әрі қарай ортаңғы, жоғары сынып оқушыларына 5500-7700-8500, жақсы сапада 10200 теңгеге дейін бағаланған. Айта кететін жәйт, біз сөз етіп отырған «Диас» сауда орталығында барлық тауарларға 10 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Осы жерде қызметтік міндетімізбен жүріп, сауда жасап жатқан аудан тұрғынын жолықтырдық және оның сауда орнына, мұндағы бағаға қатысты пікірін білуді де жөн санадық.
-Мен Төле би ауылында тұрамын. Бұл сауда орталығына жиі келемін. Ғимараттың іші кең әрі жазғы мезгілде салқын, яғни салқындатқыш жабдық орнатылған. Барлық қажетті киімді осы жерден табуға болады. Киім қарауға арнайы орындары да қарастырылған. Сол себептен өзіме ыңғайлы. Сондай-ақ, әр тауарды жеңілдетілген бағамен сатып ала аласыз. Бұл бізге күннің ыстығында базар шарлап жүрмес үшін жақсы мүмкіндік болды,-дейді Төле би ауылының тұрғыны Меруерт есімді азаматша.
-Төле би ауылында тұрамын. Бірақ бұл сауда орталығына бірінші рет келіп тұрмын. Қандай тауар түрлері барын көріп кетейін дегенмін. Сабаққа қажетті біраз киімдер, сөмкелер бар екен. Бағалары да көңілге қонымды. Мүмкін қажетті киім-кешекті осы жерден алатын шығармын. Ғимараттың іші де бала-шағамен келген адамдарға ыңғайлы екен,- дейді Айгерім Өмірбекова.
Газетіміздің кез келген оқырманы балаларына оқу құралдарынан басқа қажетті киім-кешектің жалпы сомасын осы зерделеу жұмыстарының мазмұнына қарай отырып, шығарып алуына болады.
Балалардың мектепке дайындығына жұмсалатын қаражаттың кейбір аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін салмағы ауыр болуы да мүмкін. Сол себептен, мұндай санаттағы балаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету де билік өкілдері назарынан тыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, жергілікті білім бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда ауданымызда мектеп қабырғасында білім алып жүрген, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан 2617 бала бар екен. Алайда, бұл нақты көрсеткіш емес. Білім бөліміндегі жауапты маманның айтуынша, оқу жылы басталғанға дейін бұл көрсеткіш әлі өзгеруі де мүмкін. Дегенмен, осындай санаттағы әр балаға оның мектепке дайындығына көмек үшін үкіметтен 40567 теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жылдағыдай «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биыл да «Жақсылық жаса» ұранымен өз жалғасын табуда. Акция асында жергілікті кәсіпкерлер және өзге де жаны жомарт жандардың демеушілігімен арнайы санаттағы балаларға қолдау көрсетілетін болады. Алайда, бұл осы мүмкіндікті пайдаланып, базардағы кейбір сатушылардың бағаны шектен тыс шарықтатуына негіз болмауы қажет. Өйткені, өздеріңіз жоғарыда келтірілген мәліметтерден байқағандарыңыздай, базар бағасы сауда дүкендерінің бағасынан айтарлықтай қымбат. Ал, шын мәнінде ауыл-аймақтан жұрт жабыла келетін орталық базар көпшілік сауда орны ретінде қарапайым халықтың қалтасы көтеретін, қолжетімді шамада болуы ләзім.
Қалай десек те, алдымызда әр баланың өз қатарынан қалмай, лайықты білім алуына негізделген жауапты міндет тұр. Ендеше, сол міндетке негізделген тың бастама берекесін берсін делік.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.