Ақпараттық портал

Қос ауылда сайлау өтті

Өткен аптаның соңында ауданымыздың Бірлікүстем және Көкқайнар ауылдық округтерінің тұрғындары өз әкімдерін сайлап алды. Шу аудандық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметке қарай отырып, аталмыш науқан қызу өткенін, қос ауылдың азаматтарының белсенді болғанын байқаймыз.
Мәселен, Бірлікүстем ауылындағы №425 сайлау учаскесінде дауыс беруге құқығы бар 1245 азамат енгізілген. Дауыс беру күні 600-ге жуық бірлікүстемдік тұрғын өз таңдауларын жасаған. Әкім болуға үмітті төрт кандидат ішінен Қуат Ақбаевқа 1, Асқар Бименбетовке 225, Нұрым Каюповқа 145, Асланбек Қуанышовқа 200 адам дауыс берген. Осылайша, осы округтің бұдан бұрынғы әкімі болған Асқар Өсербайұлы тағы бір мәрте таққа отырмақ.
Сол секілді № 429 сайлау учаскесінде сайлау шарасы сәтті өткен. Себебі, сайлаушылар тізіміне енгізілген 1019 көкқайнарлықтардың 687-і дауыс беруге қатысқан. Мұны белсенділік деп атап өтпеске болмайды.
Округ әкімі болуға тілек білдірген үш қандидаттан бұрынғы әкімі Қуатбек Жамбылов 554 дауыспен үздік шыққан. Ал, Тұрар Башырханның еншісіне 54 дауыс, Қайрат Қамбарұлының қанжығасына 62 дауыс байланған. Сөйтіп жерлестері Қуатбек Тірібосынұлына қайтадан сенім артып, Көкқайнар ауылын түлетуге тілек білдіріп отыр.
Сайлау күні сайлаушылардың белсенділігі түске дейін-ақ байқалған. Сонымен түстен кейін келушілердің қарасы қалың болған. Тиісті учаскелік сайлау комиссияларының мәліметінше, науқан заң бұзушылықсыз өткен әрі кандидаттардың сенімді өкілдері мен сайлау барысын бақылаушыларға жағдайлар жасалып, мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждығы ескерілген.
Әу бастан дауысты көп жинаудан бөлек, артылған сенімді ақтау керектігі әмбеге аян. Сондықтан үлкен жауапкершілікті өздеріне алған қос әкімнің қызметіне табыс, бастамаларына береке тілейміз. Бастысы Әнет баба айтқан ӘКІМ деген сөздің нендей мағына беретіндігін білсе дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.