Ақпараттық портал

Жер шекарасын нақтылау – маңызды іс

Соңғы жылдары әр өңірде кеңестік кезеңдегі тозығы жеткен ескі ғимараттар сүріліп, орнына жаңа нысандар бой көтеруде. Сондай-ақ әр жыл сайын жаңа жер учаскесін алып, тұрғын үй салып жатқандардың да қарасы қалыңдаған. Бұл тұста тұрғындар үшін маңыздысы ең әуелі өзіне тиесілі жердің шекарасын нақты анықтап алу. Бүгінгі таңда жер кезегінде тұрғандардың да саны айтарлықтай. Мысалы, бір ғана Төле би ауылдық округі бойынша айтар болсақ, қазіргі уақытта округ әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес мұнда 2006 жылдан жер кезегіне тіркелгендердің саны 3071-ді құраған. Жер учаскесіне кезекте тұрған азаматтардың кезегіне сәйкес Төле би ауылының инфрақұрылымы дайын, «Батыс» тұрғын аумағынан алаңы 147, 73 гектар жер телімін беру көзделген. Бұл жер телімі жоспар бойынша жалпы жер кезегінің тізімінде тұрған азаматтардың ішіндегі 380 азаматқа бөлінеді. Яғни, 147,73 гектар жер 380 жер иесіне шақталған. Бүгінгі таңда 207 азаматқа жер телімдерін беру жөнінде шешім шығарылған. Сонымен қатар, құжаттарын рәсімдеу үшін 376 азаматтың қолдарына құжаттары тапсырылған.
Ал, өз кезегімен жерді алған азамат оның нақты шекарасын анықтау ісіне тыңғылықты зер салуы қажет. Өйткені, соңғы кездері осыдан бірнеше жыл бұрын жер алған азаматтар арасында жер учаскесінің шекарасын анықтауға қатысты дау –дамай көбейген. Басты себеп – шекара сызығының нақты белгісінің жоқтығы. Біреулер жер алған кезде мамандар белгілеп, қазып берген қазықты жоғалтып алса, енді біреулері көршілес үй иелері жерінің қандай да бір өлшемінің өз жеріне еніп тұрғандығын айтып, өзара келіспеушілікке бой ұрындыруда. Өткен жылы ғана бір жерлесіміздің көршілес орналасқан үй иесімен арадағы шекара сызығына келіспей, сотқа дейін барып, ақыр соңында бетонмен тұрғызылған қоршауды қайта қиратқан жәйттерінің орын алғандығын өз көзімізбен көрген болатынбыз. Бұл қираған қоршау сол үйдің иесі үшін үлкен қаржылық, материалдық шығын екені айтпаса да түсінікті. Сол себептен, әр азамат жер алу кезінде шекараны шегендеп алуға баса көңіл бөлгені жөн.
Соңғы жылдары жер өлшеудің заманауи құрылғылары пайда болып, бұл мамандар жұмысын едәуір жеңілдетуде. Мысалы, GPS деп аталып жүрген спутниктік құрылғы Шу ауданына 2012 жылда қолданысқа енген. Тұрғын үйге жер алған азаматтардың жері тиісті мамандар арқылы осы құрылғымен өлшенуде. Осы орайда, аталмыш жұмыстармен айналысатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының Шу аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің мамандарымен тілдесіп, заманауи құрылғының артықшылығы, қазіргі уақыттағы жер құжаттарын рәсімдеу жолдары туралы мағлұмат алған едік.
Бөлімдегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, аудан әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясы жер алуға ниет білдірген қандай да бір азаматтың жергілікті ақарушы органға өткізген өтініші бойынша оң қорытынды шығарған жағдайда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі жердің алдын-ала шекарасын белгілеп, бастапқы жер таңдау актісін дайындау барысында сызбаға байланысты алғашқы төрт қазықты қағып береді. Мұнан кейін Шу аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің мамандары жерді базаға енгізу, оның координаттарын отырғызу, соған байланысты жер иесінің көршілерімен келісімдер жүргізу яғни, тиісті заңда көрсетілген тәртіп бойынша құзырлы мемлекеттік органдармен (аудандық жер қатынастары бөлімі, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімі, жергілікті әкімдік) бірлескен келісім арқылы жерге орналастыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жұмыстың жобасын аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі бұйрықпен бекітеді. Содан соң жергілікті атқарушы орган – қала немесе ауыл әкімшіліктері жер беру жөнінде шешім немесе қаулы шығарады.
-Жер беру жөніндегі қаулы шыққаннан кейін, жер иеленетін азамат Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы біздің бөлімге жер актісін дайындау бойынша өтінішпен жүгінеді. Біз Жер кадастрлық ісі деп аталатын іс қағаз (дело) ашамыз. Жерге орналастыру жобасы мен азаматтың жер актісін дайындау бойынша өтініші осы іс қағаздың ішінде болады. Мұнда жердің ауданы, мекенжайы, құқықтың түрі көрсетіледі. Уақыт ағымында тараптар арасында жерге қатысты дау-дамай, келіспеушілік туындаған жағдайда оның барлығы осы ісқағазға тіркеліп, барлық мәліметтер жердің тарихы ретінде сақталады. Жалпы, жерге орналастыру мен межелік белгілерін көрсету жұмыстары қатар жүргізіледі.
Жерді орналастыру мәліметтері мен базадағы мәліметтердің сәйкестігіне жерді орналастыру жұмыстарын жүргізіп отырғандықтан, біз жауапты боламыз. Ал, қағылған қазықтың ұрланбауына, жоғалмауына жердің иесі жауапты. Өйткені, бұл қазықтың көршілес тұрғындармен шекараны анықтауда, құжат рәсімдеуде маңызы мен рөлі ерекше. 2006-2012 жылдар аралығында жер алған тұрғындар өз жерлерінің шекарасын белгілейтін қазықтың орнын білсе немесе қазық қағылған орнында тұрса, сол бойынша әрі қарай қоршау, үй салу сынды құрылыс жұмыстарын жалғастыра алады. Яғни, GPS құрылғысымен жерді қайтадан өлшетудің қажеттілігі жоқ. Ал, қазық жоғалған жағдайда жер иесі аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне өтініш жазады. Бұл бөлімде массивтің бас жоспары, сызбасы, таңдау актісі болады. Осы құжаттарды негізге ала отырып, біздің бөлімнің мамандары жоғарыда айтып өткендей белгіленген координат арқылы шекараны анықтап, қайтадан қазық қағып береді. Бұл тұста бөлімнің мамандары жердің шекара сызығын GPS құрылғысымен нақты бекітіп, он бес күн ішінде жер иесіне межелік белгінің орнатылғандығы жөнінде мөр басылған құжат береді және шекара сызығы бұдан былайғы уақытта өзгертілмейді. Сонымен қатар, бұл қызметтер ақылы түрде жүзеге асырылады. Ал, егістік алқабына қатысты жер көлемінің шекарасын белгілеуді облыс орталығының мамандары жүзеге асыруда, -дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының Шу аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің басшысы Смағұлов Арнұр Мұханұлы.
Байқағанымыз, жер учаскесінің шекарасын белгілеу ісіне аса қырағалықпен қараған жөн. Бірі ауылдас, бірі көрші, өзара келісіп аламыз деген сыңаржақ пікір болмауы қажет. Өйткені, өз үйінің қасындағы бос жатқан жерді қандай адам иеленетінін ешкім нақты айта алмайды. Қылдай жерге қырғын шығаратын азамат кезігіп қалса, оның әуре-сарсаңы да көп болатыны анық. Жоғарыда Төле би ауылдық округі бойынша жер кезегіне тіркелген тұрғындардың сандық көрсеткішін бекерге меңзеп отырған жоқпыз. Өйткені, ол азаматтардың барлығы алдағы уақытта өзіне тиесілі жерді иеленеді. Бұл бір ғана елді мекеннің сандық көрсеткіші. Ал, аудан бойынша жер кезегінде тұрған қаншама халық бар. Сол себептен, қалың қауым жердің шекарасын анықтау мәселесі төңірегінде айналасындағылармен түсініспеушілікке ұрынбай, бір құжатты екі рет рәсімдеп, әуре-сарсаңға түспеуі үшін мәселенің мән-жайын біліп жүрсе игі. Мақаланы жариялаудағы басты мақсатымыз да осы.
Соңғы он жыл ішінде жер, құрылыс саласына қатысты шаруалардан қол үзген кейбір тұрғындар үшін тағы бір айта кететін жайт, жылжымайтын мүлікті түгендеу басқармасының аудандық филиалы, 2015 жылдан жер кадастры бөлімі, 2018 жылдың тамыз айынан әділет басқармасының жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметі біріктіріліп, бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының Шу аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі деп аталады және бұл аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының екінші қабатында орналасқан. Кез келген уақытта жерге қатысты шаруаларыңыз шыға қалса, бұрынғыдай сан жаққа сабылмай, бірден Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратына келіп, мәселенің күрмеуін бір орыннан тарқатып, бағыт-бағдар ала алатыныңызды да назарға салуды жөн көрдік.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.