Ақпараттық портал

Ауылымыз сапалы сумен қамтылды

Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылының құрылғанына 93 жыл болды. Кезінде Еңбекші ессіз қалған ауыл болатын. Әсіресе, 1992-94 жылдардағы тоқырау кезеңінде жарықсыз күн кештік. Сол тұстардағы, әр ауыл өз бетінше күн көрген заманда ауыл қариялары жиналып, көше кезіп, әр үйден қаражат жинап, жарық орнаттық. Тоқырау жылдарында ауылдық кітапхана өз жұмысын тоқтатып, кеңес үкіметінен қалған, тозығы жеткен мектеп те жабылып,балаларымыз көше қыдырып кеткен кездер болды. Билік өкілдерінің алдында бірнеше рет көтеріп жүріп, нәтижесінде ауылдан жаңа мектеп ашылды. Қазір өз қызметін жүзеге асыруда.
Көптен күткен сайлау нәтижесінде Нұрлан Абашов есімді азаматтың бізге әкім болғанына көп уақыт өте қоймаса да, ілкімді істерді қолға алып, мардымды жұмыс жасап келеді. Қуанатын жағдай – 120 отбасы мекен еткен ауылымыз сапалы ауыз сумен қамтылып, орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл істің басы-қасында жүрген Рахым Ақботаевқа тұрғындар да зор ризашылығын білдіруде. Көмекшісі Кәрім Байгелдиев есімді жігіттің де еңбегі ерен. Бұл азаматтардың алдағы жұмыстары да жемісті болсын дейміз.
Кеңесбек Дуанбаев,
Еңбекші ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы,
Шу ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.