Кездесуде келелі мәселелер көтерілді
Өткен апта Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысы Мәди Мәтен, облыс әкімінің кеңесшісі Берік Бегалиев пен ішкі саясат басқармасының басшысы Улана Сламбекова, облыстық мәслихат депутаты Гулам Умаров Шу ауданына арнайы сапармен келген болатын. Өңірге табан тіреген топ бірнеше кездесу өткізіп, өзекті мәселелермен танысты.
Ең алдымен Мәди Мейірбекұлы аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудандық үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен жүздесіп, көкейтесті мәселелеріне құлақ түрді. Аталған жиында Шу аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Б.Шынарбеков, Семей сынақ алаңында болған жауынгерлердің басшысы Б.Қарғабаев, өңірдің зағип жандарының жоқтаушысы Р.Малшыбаев мейманға өздерінің сауалдарын жолдап, бірқатар мәселелердің барын жеткізді. Әрбір сауалды мұқият тыңдаған М.Мәтен өтініштер ескерусіз қалмайтынын ескертті.
Аудан орталығында өткен жиыннан кейін, облыс әкімінің аппарат басшысы Қонаев ауылына барып, ауыл қариялары мен қоғамдастық мүшелерімен кездесті. Ауылдарына арнайылап келген қонаққа қонаевтықтар өздерін толғандырған мәселелерін айтып, келешекте кездесетін түйткілдердің алдын алуға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Түтіні түзу шыққан ауылдың ақсақалдарына көтерілген сұрақтардың барлығы орынды екенін айтқан Мәди Мейірбекұлы әрбір сауал ескерілгенін еске салды.
М.Мәтен сапар соңында Төле би ауылындағы аудандық актив жиынына қатысты. Мұнда ол облыстағы идеологиялық және әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар, бірлесіп шешуге тиісті шаруалардың аз еместігін айтып, шулық қарияларды, мешіт имамдарын, өзге де жандарды жұмылып жұмыс істеуге шақырды.
Әйгерім Боранбай.