Ұлағатты ұстаздар ұлықталды
Ұстаз ұғымы ұлылықпен, ұлағатпен ұштасып, қашанда сый-құрметке бөленуімен ерекше. Тарихтағы аты дардай тұлғаларымыздың қай-қайсысын алсақ та ұстазының аты қатар аталып жүретіні текке емес. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, әрбір ұрпақты біліммен сусындататын, тәрбиемен нәрлендіретін ұстазға артылар жүк ауыр. Ал, сол артылған ауыр жүкті жанымен сезіне білген ұлағатты ұстаздарымызды ел болып қолдап, мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату – мемлекет алдындағы парыз. Соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеруге бағытталған біршама істер тындырылды. Атап айтар болсақ, ұстаздардың жалақысы айтарлықтай артып, бірқатар жүктемесі жеңілдетіліп әрі сый-құрметке де бөленіп жүр.
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз”-деп республикалық педагогтар съезінде сөйлеген сөзі дәлел.
Сондай ізгі істердің бірі – Ұстаздар күніне орай аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиын. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме және ұйым басшылары, ардагер ұстаздар, мектеп және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің директорлары және педагогтар мен тәрбиешілер қатысты. Мерекелік шараның шымылдығы ұстаз бен шәкірттің көпті толғандырған мағыналы диалогымен басталды. Ұлтты ұлы мақсаттарға жетелеу үшін ұрпақ қамымен ұстаздар білек сыбана айналысу керектігін ұғындырған көрініске жиналған қауым тәнті болды.
Мұнан кейін мінберге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков көтеріліп, өзінің ұстаздарға деген жүрекжарды тілегін арнады. Сондай-ақ, еңбегі елеулі ұстаздардың кеуделеріне “Еңбек ардагері”, “Кәсіподақ ардагері”, “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерін қадап, тағы бір шоғырына облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Бұған қоса, мәдениет үйінде иін тірестіре отырған барша ұстаздарға аудан басшысы өз атынан арнайы гүл шоқтарын ұсынды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те Ұстаздар күніне орай бірқатар лайықты азаматтарға “Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісін беріп, “Үздік педагог”, “Озық тәжірибелі педагог”, “Мамандығым – мақтанышым”, “Үлкен жүрек” номинацияларын лайықты ұстаздарға табыстап, тағы бір шоғырын Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Салтанатты шарада аудандағы мектептің оқушылары мен мәдениет үйінің өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, мерекенің көркін қыздырды. Мерекелік кеш соңында мәртебелі мамандық иелері бір-бірін марапаттарымен құттықтап, естелікке суретке түсіп жатты.
Айғаным Асқарбек.