Құтқарушылар құрмет төрінде
19 қазан – елімізде құтқарушылар күні атап өтіледі. Бұл төтенше жағдайда жедел әрекет етіп, қиындықпен бетпе-бет келетін құтқарушыларға құрмет көрсетілетін күн. Аталмыш кәсіби мереке 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылуымен тікелей байланысты.
Жемісті еңбек етіп, тілсіз жауды тізгіндеп жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтау үрдісі аудан басшылығы тарапынан ұмыт қалған емес. Осыған байланысты Төле би ауылында салтанатты жиын өтіп, сала мамандары марапатталған болатын.
Ең алдымен аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, өзінің жылы лебізін жеткізді.
– Адам өмірін төтенше жағдайдан арашалау аса маңызды жұмыс. Сіздер жас ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуге лайықты бүгінгі күннің батырларысыздар! Антқа адалдық танытып, аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп жүрген сіздерге алғысымыз шексіз. Бұдан әрі де жауапты жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Мамыражай күндеріміз көп болсын!
Сонымен қатар бүгін Байзақтағы әскери бөлімдегі жарылыста қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған шағын футбол турниріне сәттілік тілеймін,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, аудан басшысы сала ардагерлеріне “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісін табыс етіп, бірқатар қызметкерлерді Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапаттады. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов пен “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков құтқарушыларға құрмет көрсетті.
Одан бөлек, жиында Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі бастығының орынбасары Мансур Шаикрамов сөз алып, әріптестерін құттықтады. Сонымен қатар, шулық азаматтық қорғау жүйесінің мамандарына ТЖ министрі С.Шәріпхановтың бұйрығымен бекітілген марапаттарды тапсырды.
Ақжарма тілектерге құтқарушылардың Жамбыл облысы бойынша ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұржан Биназаров та қосылып, марапаттарын ұсынды.
Салтанатты жиын соңы Байзақ ауданындағы қайғылы оқиғадан қаза тапқан құтқарушыларды еске алуға арналған шағын футбол турниріне ұласты. Кіл жүйрікті анықтау үшін горнизон құтқарушылары Шу өңіріне келіп отыр. Атап айтқанда Т.Рысқұлов, Меркі және Қордай, Мойынқұм аудандарынан барлығы 7 команда қатысуда. Оның ішінде жергілікті “Достар” командасы мен алаң иелері бар. Жарысты ұйымдастырушы Шу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Кариев жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен кубоктар табысталатынын айтты.
Байжан Емберді.