Қорықшылар құрметке бөленді
Елімізде қазан айының үшінші жексенбісінде орманшылар төл мерекелерін атап өтеді. Жыл сайынғы жаңылмас дәстүр бойынша аудан басшылығы орман шаруашылығы қызметкерлерін қабылдап, қызметте үздік атанғандарды марапаттайтыны белгілі. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты.
Осы аптаның алғашқы күнінде аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков “Қосқұдық”орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің мамандарымен жүздесіп, кәсіби мерекеге орай игі тілегін жеткізді.
– Орман – біздің баға жетпес байлығымыз, халқымыздың ен дәулеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тал егу, орманды алқаптарды ұлғайту ісіне назар аударып отыр. Сіздер қыстың қара суығы мен бұрқаған дауылына, жаздың аптап ыстығына қарамастан табиғаттың осынау керемет сыйын көздің қарашығындай қорғайсыздар! «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» деген даналық сөз бар. Кешегі Керей мен Жәнібек хандар бастаған ұлы дала ұрпағы тектілігімізді жоғалтпай, табиғатымызды қорғайды деген үміттемін,-деді аудан басшысы өзінің лебізінде.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, сала мамандарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ жиынға қатысқан аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те орманшыларды мерекемен құттықтап, тиісті марапаттарды тапсырды.
Өлкеміздің өкпесіндей болған орманды қорғау, оған күтім жасау оңай жұмыстың қатарынан емес. Оның үстіне броконьерлерден де қауіп бар екені анық. Осының барлығына зор жауапкершілік арқалайтын орман сақшыларын біз де кәсіби мерекелерімен құттықтап, қиын да қызық жұмыстарына табыс тілейміз.
Байжан Емберді.