Апаттың алдын алуда алдыңғы шепте
Еліміздегі кәсіби мерекелер қатарында 19-қазан – Құтқарушылар күні деп белгіленгенінен ауданымыздың көкірек көзі ояу жұртшылығы да хабардар деп білеміз. Өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асырып отырған түрлі сала қызметкерлері арасында құтқарушылардың да рөлі ерекше. Өйткені, күнделікті тіршілік барысында абайсызда болып жататын оқыс оқиғалардың басым бөлігі осы азаматтардың көмегімен ретке келтіріліп, зардабы жойылады. Кейде олар оқыс оқиға дер кезінде ескертілген жағдайда үлкен қауіптің, көлемді материалдық шығынның, тіпті адам өлімінің алдын алады. Осындай маңызды міндеттерді атқаратын құтқарушылардың қоғамдағы рөлін жоғарғы билік өкілдері де ерекше бағалап, олардың кәсіби мерекесін бекітіп, атап өтуді жолға қойған.
Аталмыш мереке қарсаңында біз Төле би ауылындағы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты № 19 өрт сөндіру бөлімінде болып, мұндағы қызметтің қыр-сырымен таныстық. Қазіргі таңда азаматтық қорғау подполковнигі Абдыкалыков Мұрат Арыстанбекұлы басшылық ететін бөлімшеде 19 қызметкер жұмыс жасайды. Олар төрт адамнан күнделікті тәуліктік кезекшілікте болып, ауданда апатты жағдайды болдырмау, алдын алу , төтенше жағдай орын ала қалған сәтте құтқару жұмыстарын жүзеге асырады. Қиын да күрделі міндеттерді іске асыру техника күшінсіз еңсерілмейтіні анық. Сол себептен, бөлім үш өрт сөндіру автокөлігі, 1 өрт сөндіру автосатысымен қамтылған.
Бөлімде ұзақ жыл еңбек етіп, қызмет тәжірибесін жастармен бөлісіп жүрген аға буын өкілдері бар. Олардың қатарынан өрт сөндіру көлігін жүргізуші Сабыржан Қабылжанұлы, бөлім командирлері Юрий Петрович, Дархан Садыров, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Мақсұтовтарды атап айтуға болады. Ал, олардан үлгі алып, еңбек жолын жалғап жүрген жастардан өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Думан Батырхан, өрт сөндіруші-құтқарушылар Ислам Кариев пен Дархан Елеген сынды мамандар да өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, сенім биігінен көрініп келеді.
Айта кететін жәйт, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тек өрт оқиғасы кезінде ғана қызмет көрсетумен шектелмейді. Олар өрт сөндіруші-құтқарушы болғандықтан, төтенше жағдайларға қатысты барлық жұмыстарды атқарады. Мысалы, соңғы жылдар ішінде көктем мезгілінде Көкқайнар, Жаңажол ауылдарын жаңбыр мен қар суынан тазартып, сайда орналасқан үйлердің дүние-мүлкін шығарып, су ағатын жылғалар қазып, ауыл ішінде жайылған судың далаға ағып кетуіне мүмкіндік жасады. Ал, тікелей өртке қатысты айтар болсақ, жаз мезгілінде қалың қураған шөп қаптаған дала өртін сөндіруге күш салды. Сондай-ақ, Төле би ауылындағы қонақ үйден шыққан өртті дер кезінде өшірсе, осы ауылдағы Шәкіров көшесіндегі көп қабатты үйдің ас бөлмесінен шыққан өртті де уақытылы ауыздықтады. Жедел әрекеттің нәтижесінде адам шығыны болмады.
Бөлім қызметкерлері Шу қаласы мен аудан орталығында ғана қызмет көрсетумен шектелмейді. Қажет кезде ауылдық округтерде де өз міндеттерін жүзеге асыруға дайын.
-Жалпы, бөлімше қызметкерлері апатты жағдайларға байланысты қоңырау түскен сәттен бір минут ішінде жиналып, оқиға орнына бағыт алады. Дегенмен, кейде Шоқпар, Далақайнар секілді алыс ауылдарға жол ұзақтығы салдарынан уақытылы жете алмай қалатын сәттер болады. Соған қарамастан барған жерде өз міндеттерін орындайды.
Ал, көлемді өрт оқиғасы бола қалған жағдайда, әсіресе үй жану кезінде Шу қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімін қосымша көмекке шақырамыз. Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сол себептен, алыс ауылдарға бір жасақ шығатын болса, бір жасақ міндетті түрде аудан орталығында қалады,-дейді бөлім бастығы Мұрат Арыстанбекұлы.
Сонымен қатар, осы жылы қатты жел әсерінен қорадағы шөп, үй жану оқиғасы кезінде көршілес Мойынқұм ауданынан да көмек жасағын шақыртқан көрінеді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, жалпы төтенше жағдайлар бөлімі облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарайтындықтан, ауданымыздың көршілес аудандарға жақын ауылдарында апатты жағдай орын ала қалса, сол аудандардан арнайы жасақ шақыртылады. Мысалы, Балуан Шолақ ауылына Мойынқұм ауданынан, Тасөткел ауылдық округіне Меркі ауданынан келіп жатады.
Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, аса жауапты жұмысты қолға алған сала қызметкерлері зейнеткерлікке де ерте жастан шығады. Бұл да төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүрген жандар жұмысының жеңіл еместігін аңғартады. Сондықтан, алдағы уақытта барлық қызметкерлерге амандық, кәсіби мереке қарсаңында еңбектеріне табыс тілейміз.
Динара Батырхаирова.