Таеквондошылар толысып келеді
Шу ауданында әйгілі марқасқа Мұстафа Өзтүрік мектебін жалғастырушы жандар жетерлік. Олар білікті бапкер Марат Тілеуқұловтың қарамағында жаттығып, жарқын жеңістерге қол жеткізіп келеді. Тіпті, ел намысын халықаралық дәрежеде қорғап, байрақты бәсекелерде топ жарып жүргендері де аз емес.
Бүгінде жас буынның бір шоғыры таеквондо өнерінің қыр-сырын меңгеріп, ауданымыздағы спорт мектептерінде машығып жүр. Олар шеберліктерін шындау үшін түрлі деңгейдегі додаларда бақ сынап келеді.
Қыркүйек айының басында Тараз қаласында таеквондодан ересектер арасында облыстық чемпионат өткен болатын. Аталмыш сайысқа Шу ауданындағы №36 БЖСМ-нің шәкірттері де қатысты. Тартысты өткен чемпионатта шулық таеквондошы 80 келі салмақта Нұрасыл Қуандық бірінші орынды иеленсе, бұрымдылар арасында 57 келі салмақта Меруерт Дербестің жолы болып, бірінші орынды еншіледі. Сонымен қатар, 42 келідегі Айгерім Тұрсатайдың айы оңынан туып, жеңіс тұғырынан көрінді. №39 БЖСМ шәкірті чемпионатта көзге түсіп, Жамбыл облысының құрама командасына алынып, алдағы желтоқсан айында Астана қаласында өтетін ҚР спартакиадасына жолдама алды. Ол қазіргі таңда алдын ала Ташкент каласындағы оқу-жаттығу жиынына қатысуда.
Одан бөлек, қыркүйек айының соңында облыс орталығында өткен ашық турнирде де №36 БЖСМ-нің балғын таеквондошылары мықтылықтарын танытты. Мәселен, 28 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрай Мұрат үшінші орын иеленсе, 34 келідегі Полина Бабакова екінші орын тұғырынан көрінді. Сол секілді осы салмақта өнер көрсеткен Елизавета Коварина бірінші орынды иеленді. Дәл осындай 10-11 жастағы ұлдар арасында 32 келі салмақтағы Уәлихан Нұралбай үздік үштіктің қатарына енді.
Жерлестеріміз жеңісті жолын Қостанай облысы Рудный қаласында жалғастырды. Интернационалист-жауынгер Жаңабек Құдабаевты еске алуға арналған республикалық турнирде де шулық шәкірттердің жолы болды. Олардың ішінде Жаснұр Жалғасбек (28 келі) қола жүлдені иеленсе, Бақытжан Әбжапар да жерлесінің жетістігін қайталады. Одан бөлек, 73 келідегі Мухамед Абдулаев бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал, қыздар арасындағы жекпе-жекте Елизавета Коварина жеңіс тұғырынан көрінді.
Байжан ЖЕЛДЕН.