Таланттылар байқауында топ жарды
Бар білімді алдындағы шәкіртінің бойына дарытып, баулып, баптаған ұстаздың еңбегінің жемісі сол шәкірті бәйгеге қосылғанда көрінеді. Мектепішілік кезеңнен жетістігі бастау алған шәкірті ауданнан, облыстан дараланып, республикадан жүлделі орыннан көрініп жатса, әрбір ұстаз бөркін аспанға ата қуанады емес пе?! Әр оқушының түрлі сайыс-жарыстарда республикадан жүлделі орын алуы-мектептің ғана емес, ауданның, облыстың абыройы. Қай пәнді алсақ та бір-бірімен байланыстыруға болады. Соның ішінде әдебиеттегі поэзия мен бейнелеу өнеріндегі пейзажды өзара үндестірген байқаудың орны бөлек. Әдебиетте табиғаттың тылсымына тілмен жан бітірсе, ал суретте қылқаламмен жан бітіреді. Екі пәнді егіз ұғым ретінде қарастырған бұл байқаудың салмағы басым.
Сондай байқаудың бірі – І Республикалық Төлеген Айберген оқулары. Аталған байқауға Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептен қатысқан Әлихан Темірбек “Шын дос болсаң, бір келіп сырласып кет” номинациясы бойынша жүлделі 2 орынды иеленіп, 40 мың теңгенің сертификатын алып қайтты.
“Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады” демекші, әрбір оқушы байқауға қатысқан сайын бабы келісіп, шыңдала түседі. Тарихы тым тереңнен тамыр тартатын еліміздің әдебиет әлемінің шеті де, шегі де жоқ екені әмбеге аян. Осы уақытқа дейін талантымен топ жарып, сырлы бояулармен салған суреттеріне жан бітірген Әлихан Темірбек талай сайыстарда қанжығасы майланып келіп жүрді. Ол әдеби кітаптарды оқу арқылы алған әсерін ақ парақтың бетіне әдемі сурет етіп түсіреді. Бұл байқаудың да бағыты сондай болды.
-Осы уақытқа дейін Төлеген Айбергенов атындағы байқау аудан және облыстың деңгейінде өтуші еді, биылғы жылы бірінші рет республикалық деңгейде өтіп жатыр. Бұл байқауда алдын ала үйге тапсырма берілген болатын. Облысқа барғанда “Менің халқым қашаннан ұлы болған” атты Төлеген ағамыздың өлеңін оқу арқылы үй тапсырмасын орындап апарған болатынмын. Бұған қоса, облыста “Ақ қайыңдар” өлеңі бойынша сурет салып, әділқазы шешімімен І орынды алып, республикаға жолдама алдым. Республикалық кезеңде “Кегейлім жердің еркесі,
Жас жаным толқып тұр менің” деп басталатын Төлеген ағамыздың “Кегейлі дәптерінен” атты өлеңін оқып, ерекше шабыт алып, суретті салып шықтым. Еңбегім бағаланып, жүлделі ІІ орынға ие болдым. Бұл байқауға қатысуыма ұстаздарым Қали Қораласбаев пен Жанар Бекбаулова атсалысып, маған бағыт-бағдар берді. Ұстаздарыма алғысым шексіз,-деді өз сөзінде Әлихан.
Қолға алған дүниеңді ақырына дейін жеткізуге талпыну, әсіресе бала болашағы үшін жасаған бастамаңнан ұдайы нәтиже шығарып отыру, ол-үлкен жетістік. Бұл жолда тер төгіп жүрген ұстаздарымыздың қашанда шәкірттері өздерінен озып, биіктен көріне берсін. Сонда ғана ел болашағы баянды болмақ!
Айғаным Асқарбек.