Ақпараттық портал

Ағаның алды – ақ жайлау

Биылғы жылы айтулы даталармен қатар Әлем халықтары Жазушылары одағы мен Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, Шу ауданының Құрметті азаматы, Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеуші Уақ Мәкен Жұмаділұлы 75 жасқа толып отыр.
Мәкен аға екінші жаһандық соғыстан соң көп ұзамай 1948 жылы 16 қарашада Шу ауданы, Бәйдібек (бұрынғы Киров кеңшары) ауылында дүние есігін ашты. Сол ауылда сегіз жылдық мектепті тәмамдаған соң Шу ауданының орталығы Төле би ауылындағы қазақ орта мектебін 1966 жылы бітірген. Бүгінде жетпістің асуынан асып, сексенге құлаш сермеген санасы сергек ел ағасының жүріп өткен өмір соқпақтарын саралай бағамдасақ…

Анасы Жамал Төлепбекқызы ауыр науқастан тым ерте қайтыс болып, артында қалған перзенттерінің басы өзі және артынан ерген 7 ұл-қыз жартылай жетімдіктің зардабын тартып өскендіктен Мәкен ағамыздың жоғарғы оқу орнын ойлауға да шамасы келмеді. Нағашы апасы Қайша мен Жұмаділ Отарбайұлының тәрбиесінде ержетті. Солай бола тұра өзінің өмірлік тәжірибесі арқылы халқымыз бен жаңадан қадам басқан тәуелсіз мемлекетімізге тигізген еңбегі ерен.
Ол 1988 жылдың күзінде Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында көлік жүргізуші болып қызметте жүргенде қоғамдық шараларға білек сыбана араласып, сол тұста аудандық КПК-нің хатшысы болған (С.А.) мен Көктерек кеңшарының директоры (А.Д.) (кейін қайтыс болды) екеуінің арасындағы сыбайлас-жемқорлық әрекетін әшкерелеп, олар жұмыстан босатылып, партия қатарынан шеттетілген болатын.
Ал 1989 жылы Көктерек кеңшарында «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымын басқара жүріп, бір жылдан соң 6 мыңға жуық халқы бар Бірлік ауылында алғашқылардың бірі болып Ақсақалдар кеңесін құрды.
1990 жылы қазанда жергілікті ұлт өкілдері мен күрд ағайындарының арасында жанжал туындап, ол шиеленісті аудан, облыс басшылары мен ОМОН жасақшылары тарқата алмағанда Мәкен Уақ құруға атсалысқан Ақсақалдар Кеңесінің мүшелері шешіп, халықты татуластыра білді.
Осы жайттар негізге алынып, республика, облыс деңгейінде яғни барлық аймақтарда «Ақсақалдар Кеңесі» ұйымдары құрыла бастады. Осыған орай 1995 жылы сол кездегі астанамыз Алматыда «Халықтар Ассамблеясы» отау тікті. 1990 жылы Елбасымыздың Астананы Ақмолаға көшіру жайлы ұсынысына алғашқылардың бірі болып, 1994 жылы 30 тамызда «Жас Алаш» газетінде «Сарыуайымшыл Солженицынның сандырағы жүзеге аспасын десек…» деген атпен Мәкең Жұмаділұлының Президенттің бастамасын қолдаған мақаласы жарияланды.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны, жастайынан жете танып-білетін Қайрат Рысқұлбековты 1988 жылдан бастап ұстазы Сейіткерім Қожаназаровпен бірлесе оны жалған жалалардан ақтап, жастарымызды ұлтшылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Қ.Рысқұлбеков атындағы қор құрып, ауқымды шаралар атқара алды.
Атап айтар болсақ:
-Қайрат оқыған Киров атындағы орта мектепке Қайраттың есімі беріліп, алдына белгі тас орнатылды;
-1992 жылы 10 қыркүйекте туған ауылы Бірлік ауылының орталығына Қайраттың сәулетті ескерткіші орнатылды;
-Алматы қаласының Обручев, Бірлік ауылындағы Гагарин, Астанадағы орталық көшенің біріне Қайраттың есімі берілді;
-Сондай-ақ, ұлтшыл да өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Омбыдағы қазақтың «Мөлдір» мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісоваға «Қайрат» атындағы сыйлықты табыс етті;
-Бірнеше мәрте әуре-сарсаңға түсе жүріп 1993 жылдың шілдесінде Қайрат қайтыс болған Семей түрмесіндегі № 21 камерасында оның мәйітін таңға жуық көрген дәрігер Болат Шалағановпен Мәкен Жұмаділұлы жан-жақты пікірлесе келе оның өміріне Власенконың қолымен қастандық жасалғанын анықтады;
-Қоғамдық ұйым өкілдері мен жерлестерінің атынан Жоғарғы құзырлы орындарға хат дайындап, нәтижесінде 1996 жылы 9 желтоқсанда Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
-Шу ауданының орталығы Төле би ауылы ортасында Мәкен ағаның бұрынғы аудан әкімі Рүстем Дәулетке қайта-қайта өтінішпен шығып алғашқы хандарымыз Керей мен Жәнібекке, Алтын Адам және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке 1996 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Тәуелсіздік монументін орнатуға қол жеткізді.
-2000 жылдан бастап Шу ауданында 23 жыл қатарынан тұрақты түрде Шу қалалық таеквондо президенті, осы жолдардың авторымен ынтымақтасып, шығыс жекпе-жегінен республикалық ашық біріншілік өткізіп келеді. Алдағы уақытта халықаралық деңгейге көтеру мақсатын Мәкен ағамен жоспарлаудамыз.
Осындай игі шаралар туралы баспасөз беттерінде Мәкең жазушы-қаламгер ретінде Халық қаһарманы Қайратты елімізге кеңінен насихаттау шарасымен айналысып келгендіктен оның 7-8 кітабы жарық көрді. Осы шығармашылықтары Астанада орналасқан Қазақ Ұлттық кітапханасына да ұсынылды.
Осындай қарапайым ағамыздың ел ортасында жүргенінің өзі бізге зор мәртебе. “Ағаның алды ақжайлау” демекші, әркез жанымнан табылып, ағалық ақылын аямай жүргендігін құрметтеймін. Ашығын айтқанда, Мәкен Жұмаділұлы қандай марапатқа болса да лайықты!
Марат Тілеуқұлов,
Шу қалалық таеквондо федарациясының төрағасы,
№36 БЖСМ-нің таеквондо бөлімінің жоғарғы санаттағы
жаттықтырушы-оқытушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.