Ақпараттық портал

Қамкөңіл жандарға құрмет көрсетілді

Жыл сайын 13 қараша күні – Халықаралық зағиптар күні аталып өтеді. Бұл дата 1745 жылдың дәл осы күні Валентин Гаюидің дүниеге келгеніне байланысты белгіленген. Ол – өз заманында Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог.
Қазіргі таңда әлемде көзі көрмейтін шамамен 124 миллион адам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағамдауы бойынша кейінгі жылдары олардың саны екі есеге артқан. Жарық әлемді жүрегімен сезініп жүрген жерлестеріміз де аз емес. Олар өзінің өмірге құштарлығымен, азаматтық көзқарастарымен айналасына үлгі көрсетіп келеді.

Атаулы күнге байланысты аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков осы аптаның басында арнайы жиын өткізіп, зағип жандарды қабылдаған болатын. Қабылдау барысында аудан басшысы мемлекеттің мүгедектігі бар азаматтарды қолдау тетіктерін атап өтіп, жерлестеріміздің жігерлеріне жоғары баға берді.
– Халықаралық деңгейде атап өтілетін бұл күн әлем назарын зағип жандарға аударып, оларға құрмет пен қамқорлық жасауға үндейді. Сондықтан біз жарық әлемді жүрегімен сезетін жерлестерімізді әрдайым ардақтап, пікір алмасып, ел тағдырына қатысты шараларға тартуымыз қажет.
Қазіргі таңда мемлекетімізде зағип жандарға әлеуметтік көмек тиісті деңгейде көрсетіліп келеді. Бұл – еліміздің сіздерге деген қамқорлығының көрінісі. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жанданатынына сендіреміз.
Жоғарыда атап өткендей, сіздер өмірге деген құштарлықтарыңыз бен құлшыныстарыңыз арқылы баршамызға үлгі болып келесіздер. Сонымен қатар, сіздерге бұқаралық-мәдени шараларға белсене қатысып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін,-деген Бақытжан Оразалыұлы жиылғандарға зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.
Жиын марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Көрсетілген құрметке разы болған ерекше қажеттілігі бар шулықтар аудан әкіміне көкейтесті мәселелерін жеткізді. Нақты айтқанда, зағип жандардың діттеген жеріне жетуі үшін Инватакси қызметін қолжетімді етуін сұрады. Себебі такси қызметіне жүгіну барысында дөрекі жауап беріліп, көңілге қаяу салып жататынын айтуда.
Мұны мұқият тыңдаған Бақытжан Оразалыұлы мәселені өз бақылауына алып, сын-ескертпелер ескерілетініне уәде берді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.