Шенділер шешкен түйін. Немесе серіктестіктен түсер салықтың көлемі қанша?
“Біз жер асты, жер үсті тұнған бай мемлекетпіз”, “Қазақстанда Менделеев кестесінде кездесетін барлық элементтер бар” деген сөздерді ел аузынан жиі ұшырастырып жатамыз. Ол сөздің жаны да бар. Кезінде желмаясымен желіп жүріп Жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз Шу өңірінен өтіп бара жатып “Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы нар қамыс екен, іші толған жолбарыс екен” деген екен. Қат замандардан бағасы асқан жері шұрайлы Шу өңірінде қазба байлықтары бар “Шатыркөл” кен орны бар екендігі әмбеге аян. Әйтсе де бұл кен орны ұзақ жылдар бойы Шу ауданының игілігі үшін қызмет етпей, оның төңірегіндегі түйткілдер шашауы шыққан мәселеге айналғалы қашан?! Осы түйінді тарқатуға ауданның жанашыр азаматтары ширек ғасырдан астам уақытын сарп етіп келеді.
Ел игілігі жолындағы қай маңызды құжатты аша қалсаңыз да “Ең басты міндет-қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс жағдайын түзеу” делінген жолдарды ұшырастырасыз, демек халықтың тұрмысы-басты назарда деген сөз. Әр жердің топырағы, сайы, тасының тасасындағы байлық пен барлықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, яки әлдебіреудің қарнын қампайтуға ғана жарамай, сол елдің азаматтарының кәдесіне жарауы тиіс. Шулықтардың тұрмысының түзелуіне, қандай да бір мәселе көтерілсе байбаламға салынбай, байыппен шешуге барын салып жүрген Шу аудандық қоғамдық кеңесі бірнеше рет арыз-шағымға арқау болып, Шуды шулатқан Шатыркөл кен орнындағы түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға талай отырыс өткізіп, облысқа, тіпті республикаға сан рет сабылды. “Еститін мемлекет” құрып, Жаңа Қазақстанға қадам басамыз дегеніміз тегін емес екен. Көзі ашық халықтың жанайқайын жоғары жақтағылар естіп, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Өткен аптаның жұмасында “Amanat” партиясы Шу аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаевтың төрағалығымен қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме және ұйым басшылары қатысты.
Ең алдымен күн тәртібіндегі мәселе бойынша “Zhanashyr Project” ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде бас инженер Алдияр Қазкен баяндама оқыды. Ол өз баяндамасында 2023 жылы Шу ауданының және Жамбыл облысының бюджетіне 58 млн теңге түсетінін, сондай-ақ “Janashyr Project” ЖШС мекенжайын Шу қаласына ауыстыратынын және 2024 жылы жергілікті бюджетке шамамен 1,1 млрд теңге салық түсетінін жоспарлап отырғандығын атап өтті. Бұл жаңалық жиынға қатысушылардың көңілін күпті етті. Бүгінгі таңда Жайсан кенішіндегі 187 жұмысшының 34-і жергілікті тұрғындар қатарынан, яғни 20 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып бос жұмыс орындарына шулық азаматтарды тарту жоспарлануда. Бұған қоса аталған серіктестік Көкқайнар ауылындағы 2 мұқтаж отбасының үйін жөндеуге 7 млн теңге бөліп, Қонаев ауылындағы бір отбасыға 10 тоннаға жуық көмір түсіріп берген.
Баяндама тыңдалып болған соң қатысушылар тарапынан сұрақтар қарша борады. Ең алғашқы қойылған сұрақ, әрине “Шатыркөл” кен орнынан пайдалы қазбаның ашық түрде тасымалдануы, жүктің үсті арнайы жапқышпен жабылмауы көпті алаңдататыны төңірегінде өрбіді. Пайдалы қазбаларды кеніштен Бірлік станциясындағы қоймаға дейін тасымалдау кезінде жолдарға шаң басу жұмыстары жүргізілмейтіндігі және соның салдарынан жақында ғана бір адам өлімі тіркелгендігі айтылды. Серіктестіктің бас инженері кен орнынан тасымалданатын жүктің үсті арнайы жапқыштармен жабылатынын айтқаны сол еді, жиынға қатысып отырған бірнеше азамат оған бұлтартпайтын дәлелдер бар екендігін алға тартты. Серіктестік өкілі шаң рудадан емес, жолдағы шаңнан шығады деп айтып қалды. Жол бойына шаң басу үшін уақытылы су себіліп тұрса, мұндай олқылықтар орын алмас еді ғой. Келген қонақты қысымға алмай, қатысушылар өздерінің ұсыныстарын ортаға тастап, қазба байлықтарын таситын жүк көліктерін тізгіндеушілердің жарыса жүйткитінін және оларды тәртіпке келтіру үшін ауысыммен кезекші қою қажеттігін атап өтіп, мұндай тексерістің арқасында бір-ақ аптаның ішінде жөнге келетінін жеткізді. Бұған қоса, кен өндіру жұмыстарының салдарынан сол маңға жақын аумақтағы ағын судың жүйелері бұзылатындығын және ол жергілікті тұрғындардың ағзасына зиянын тигізетіні көңілге кірбің ұялататынын тілге тиек етті. Баяндамашының айтуынша, серіктестік әр тоқсан сайын ауадан, судан, шикізаттан, қалдықтардан сынама алып, радиациялық мониторинг жүргізіп, арнайы аккредитациядан өткен зертханаға жіберіп, қорытындысын облыстық экология департаментіне өткізіп отырады екен. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін бұл сынамалардан ешқандай теріс нәтиже байқалмапты. Тіпті, ол судан төңіректегі малдар суаттап жатқанын, жылқы малы ішетінін айтып өтті. Сонда да атқамінер азаматтар бұған сеніңкіремейтінін, біздің “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ-дағы РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының Шу аудандық бөлімшесімен бірігіп, қайта сынама алып, зерттеу жүргізуін талап етті. Осы өңірдің отын оттап, суын ұрттап, құдығына қауға салғаннан кейін қазба жұмыстарының қызу тіршілігіне жергілікті тұрғындарды тарту қажеттігі басты назарға алынуы керек деген Жасұлан Әлкенұлы кен өндіру ісіне кадрлар даярлау үшін Шу ауданының түлектеріне арнайы гранттар ұсынып немесе квоталар қарастырып, мықты маман шығаруға жол ашуды қолға алса деген тілегін жеткізді. Аталған серіктестікті сын тезіне салған қатысушылар бюджетке салық төлеп қана қоймай, ауданның мұң-мұқтажын ескеруге мардымды қаражат бөлсе деген ниеттерін жеткізді.
Жиында қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Әбжапарұлы отырыста бірқатар ұсынымдар қабылданғанын айтып, бөлінетін салық түсімінің уақытылы және ойдағыдай аудан қазынасына түсуін қадағалауды аудандық кірістер басқармасы басшысы Алтайбек Серікбаевқа тапсырды.
“Келісіп пішкен тон келте болмас” демекші, ел жайын ойлауға қам қылған азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп осындай нәтижеге қол жеткізді. Бірлескен жұмыс мұнымен тоқтап қалмақ емес. “Жас келсе іске” демекші, Жаңа Қазақстан құруда жаңаша көзқарасы бар, жігерлі жастардың өз ойын қаймықпай айтқандары да қуантты.
Айғаным Асқарбек.