Ақпараттық портал

Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді

Елімізде қарашаның 15-і Ұлттық валюта – Теңге күні тойланады. Сонымен қатар, төл валютаның туған күні қарсаңы қаржыгерлер күні болып бекітілген.
Биыл теңгенің айналымға енгеніне тура 30 жыл. Ұлттық валютаға теңге деп теңеу ұсынған – Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов екенін айта кеткен жөн.

Қаржыгерлер күнін атап өту мақсатында апта басында арнайы жиын өтіп, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков мереке иелерін құттықтаған болатын.
-Бүгін өздеріңіздің кәсіби мерекелеріңіз – Ұлттық валюта күні қарсаңында бас қосып отырмыз. Теңге күніне орай жүрекжарды лебізім мен ыстық құттықтауымды қабыл алыңыздар.
Биыл мемлекеттігіміздің мерейі болған төл теңгеміздің айналымға енгеніне 30 жыл толып отыр. Осы жылдардың ішінде елдің экономикасы еселеніп, әлеуметтің әл-ауқаты артты. Сонымен бірге тұрмыс жағдайлары түзеліп, түрлі салада серпін жасалды. Бұған ұлттық валютамыздың қосқан үлесі қомақты.
Жұмыр жердің жүзінде жаңа мемлекет құру ісі оңай емес екені белгілі. Соның ішінде төл теңгеміздің тарихы аға буынның көз алдында. Мемлекеттік рәміздермен көмкерілген ақшамызды ардақтау, оны орнымен жұмсау баршамыздың борышымыз,-деді аудан басшысы өзінің лебізінде.
Мұнан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қаржылық қатынас саласында серпінді жұмыс істеген сала мамандарына өңір басшысы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етіп, тағы бір шоғырына Құрмет грамотасы мен Алғыс хатты тапсырды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те мереке иелеріне өз құттықтауын жеткізіп, кәсіби мерекеге орай мамандарды Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.