Ақпараттық портал

Білім ошағы пайдалануға берілді

Заман алға озған сайын дөңгеленген дүние түрленіп, әлем қарыштап дамып, білім мен ғылым саласы түрлі технологияның игілігін көріп, ауыз толтырып айтар жетістіктерге қол жеткізіп келеміз. Бізде жан-жақты қаруланған, өте мықты білім беру жүйесін қалыптастыруға қажетті алғышарттар жетерлік. Осы алғышарттар, атап айтсақ кәсіби мамандар, отбасылар,
ресурстар кең-байтақ еліміздің кез келген бұрышында әр бала үшін ең жақсы мектебі бар мемлекетке айналуына мүмкіндік береді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде көптеген мектептер бой көтеріп, заман ағымына сай жасақталып, білім беру жолында қызмет етіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, қазіргі заманауи стандарттарға сай жаңартылған мектепте оқу бүгінгі ұрпақтың тілегі. Осыған орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырды. Президент әрбір қазақстандық оқушының білім алуы мен жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керектігін атап өткен болатын. Ұлттық жоба апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушылар орнының тапшылығын жоюға бағытталған. Соның жемісі болса керек, ағымдағы аптаның алғашқы күнінде сәулеті келіскен, алыстан көз тартатын, іші кірсе шыққысыз Әл-Фараби атындағы орта мектебі бой көтеріп, жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудандағы мектеп директорлары, ұстаздар, ата-аналар, оқушылар қатысты.
Ең алғашқы құттықтау сөз облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлына беріліп, ол көптен күткен қуанышты сәтпен баршаны құттықтап, алдағы уақытта “Жайлы мектеп” жобасы бойынша салынған мектептің тұсаукесерінде бас қосатын күнге жетейік деген лебізін айтты. Мұнан кейін, сөз аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлына және ардагер ұстаз Закира Мамытқызына берілді. Аудан басшысы мектептің салыну барысында кездескен келеңсіздіктер мен орын алған олқылықтарда мектеп ұжымы және ата-аналар сабырлылық танытқаны үшін оларға алғысын білдірді. Соңғы үлгідегі жиһаздармен жасақталып, білім алу үшін барлық жағдай жасалған мектептің құрылысын жүргізген “Айна сити” ЖШС директоры Нұрбол Абдрасилов мектептің кілтін мектеп директоры Эльмира Нетаеваға салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, лента қию рәсімі орын алғаннан кейін, барша қонақтар жаңа ғимараттың ішіне бас сұғып, мектептің ішкі бөліктерін аралап, танысты.
Мектеп салу, мектептердің техникалық мүмкіндіктерін арттыру сынды игі бастамалардың көбеюі білім саласының қарыштап дамуына мүмкіндік беретініне еш күмән жоқ. Қашанда жаңа дүниеге жаны құмар, жаңашылдықтан қалыс қалмайтын еліміздің айы оңынан туып, жаңа әрі сапалы ғимараттар ел игілігіне беріле берсін. Ұрпақ үшін жасалар игі істер жемісін беріп, озық ойлы елдерден оқ бойы оза шабайық.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.