Ақпараттық портал

Туралықты тұғыр еткен Төле би

Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібековтың Төле би Әлібекұлының
360 жылдығына орай аудан тұрғындарын құттықтауы

Ардақты аудан тұрғындары!
Қадірлі қауым!
Баршаңызға белгілі болғандай, биыл ақылман, үш жүздің төбе биі Төле би Әлібекұлының туғанына 360 жыл толып отыр. Бұл біздің тарихи тұлғаға деген құрметті еселеп, оның өшпес өнегесін жас ұрпақ санасына сіңіретін сәт.
1663 жылы Шу өңіріндегі Жайсан жайлауында дүниеге келген әз бабамызға «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген баға берілген болатын. Сондықтан 360 жылдықты атап өтудің астарында үлкен мән бар.
Осыдан 30 жыл бұрын аудан орталығы Төле би Әлібекұлының есімімен аталып, алты Алашқа сауын айтылған үлкен той өткен болатын. Сол жылы өздеріңіз күнде көріп жүрген еңселі ескерткіш орнатылып, ел мерейі үстем болған еді.
Біз баба есімінің ұрпақ жадында сақталуы, сондай-ақ өткенімізді жаңғырту үшін бірқатар айтулы іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған осы аптаның ішінде куә боласыздар.
Қоғам қайраткері, шешен, дала данышпаны Төле би Әлібекұлы халқымыз үшін құрметті тұлға. Ол әйгілі «Жеті жарғы» заңдар жинағын құрастырушылардың бірі әрі үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ақылманы болған әйдік адам.
Біздің өңірде туып, сонау Ташкент қаласын билеп, сонда дамыл тапқан Төле биді көршілес өзбек халқы «Қарлығаш би» деп атап кеткен. Оның тарихы ел көшсе де үйін ұя салған қарлығаш үшін жықпағанымен байланысты екені белгілі. Оның тектілігі мен тағылымы бәрімізге үлгі болуы тиіс.
«Халқыңа адал бол, жауыңа қатал бол, досыңа адал бол!» – деп ұрпағына ұлағат қалдырған бабамыздың әрбір нақылы бізге баға жетпес байлық. Оны жаттап, келешекке табыстау баршамызға артылған жүк.
Мұқым елге есімі қадірлі, ісі өнеге, ақыл-ойдың телегейі атанған абыздың рухын ардақтау – борышымыз. Әсіресе, ауыл ақсақалдарына зор жауапкершілік жүктелуде. Сол себепті осы той қарсаңында салтымыз сабақталып, дәстүріміз дәріптеліп, Төле би Әлібекұлын жастарға таныта түскеніміз абзал.
Құрметті әлеумет! Баршаңызды Төле би атамыздың 360 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Оның ақылы мен парасаты, бекзаттығы мен болмысы әрбір жасқа жұғысты болсын! Ата жолын қуған азаматтар таусылмасын. Ауданымыз ажарланып, ауылымыз гүлдене берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.