Тәлімі мен тағлымы мол туынды
Ауыл балаларының тыныс-тіршілігін, бар болмысын көркем тілмен шебер кестелеген қаламгерлердің бірі – Әлдихан Қалдыбаев екенін еске түсіргім келеді. Жазушы, драматург ретінде оның есімі елге аян. Әсіресе, алыста арман болып қалған балалық шақты, жастық дәуренді көз алдына елестеткен кезде еріксіз толғанасың, тебіренесің, бұл, табиғи заңдылық. Кім де болса балдәурен балғын шағын сағынып жүреді, кейде сағыныш табынын сарғайтатыны да бар. Адам бойындағы селт еткізер сезімдерді де талантты жазушылардың озық ойлары мен жанкешті толғаныстары оята алады. Бұл жағынан Әлекең, Әлдихан Қалдыбаев бағындырған биіктер аз емес. Сол себептен, тума таланттың жарқын жүзі көз алдымыздан кетсе де, көңілімізден кетпейтін тәрізді.
Бұл ретте жазушының өмір дерегіне аз да болса тоқтала кеткенді жөн көрдім. Ол шырайлы Шу өңіріндегі «Кербұлақ» аталатын ұжымшардағы қатардағы еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген. Кербұлақ ауылы жер ұйығы іспетті. Оның табиғаты өте ерекше. Ені айтарлықтай көлемді болмаса да сарқырап ағып жатқан Кербұлақ өзенінің тазалығы мен мөлдірлігін тілмен айтып жеткізу де қиын. Сондай-ақ Кербұлақ тауы да көзге кербез көрінеді. Оның бөктеріндегі әр көктемде бүршік атып көздің жауын алатын әсем гүлдердің санында есеп жоқ. Кейбір қойтастарындағы таңбалар мен жазуларға қарап, бұл өңірде де тарихи тіршілік қазаны қайнағанына көз жеткізгендей боласың. Шөбі шүйгін, суы қанық өңірдің малшылар қауымына қолайлы болған құтты мекені болып табылады. Айта берсек табиғаты әсем, ауасы шипа бұл аймақтың артықшылықтарын болашақ жазушының жас жүрегі ерте сезгендей еді. Сонымен қатар, малшы ауылдардың ала жаздай өткізіп жататын той-томалақтарын және басқа да қызықтарын оның жаны жылы қабылдады. Әсіресе, көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге алу және басқа да ұлттық ойын түрлеріне қызыға қарап, күн-ұзақ тамашалайтын.
Әлекең ауыл баласы болғандықтан ауыл тіршілігімен тыныстады. Ауыл балаларымен бірге ойнап, ержетті. Өз өміріндегі осындай балдәурен шақ ол есейген кезде де есінен бір сәт шыққан емес. Болашақ жазушы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдағаннан кейін, арнайы жолдамамен Қызылорда облысындағы ауыл мектептерінің бірінде қатардағы мұғалім ретінде еңбек жолын бастаған болатын. Әйткенмен, қолына қалам алып жазушылық жолмен жүруді жан жүрегі маза бермей қалады. Бәлкім содан болар, Жамбыл облысына қайта қоныс аударып, шығармашылық топқа қосылды. Осындай ізденісінің нәтижесінде балалар әлемінен сыр шертетін көптеген көркем дүниелерді жарыққа шығарды. Атап айтқанда, «Шаншар атай», «Сағындым сені, інім», «Менің неге мерген болғым келді?», «Солдат болу оңай ма?» және тағы басқа да төл туындылары өз оқырмандарының ыстық ықыласына бөленгенін жақсы білемін. Ал, бүгінгі тілге тиек етіп отырған туындысы «Мен – апамның баласымын» атты романы жарыққа шығысымен қалың оқырмандарға терең ой салғандығы өз алдына бір төбе әңгіме. Бұл романды күндіз-түн демей оқып шыққан жандар, яғни зиялы қауым өкілдері аталмыш еңбекке оң бағаларын бергендігін көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Атап айтар жай, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл облыстық филиалы мен облыстың шығармашылық ұжымдары бұл шығарманың шынайы жазылғандығын бала тәрбиесіне көп септігін тигізетінін ескере отырып, мемлекеттік сыйлыққа лайық деп ұтымды ұсыныс жасаған болатын. Әртүрлі себептермен бұл туынды өзіне лайықты бағасын ала алмады.
Ауылда жүрген кезімізде қарсы жолыққан үлкендерге «Ассалаумағалейкум, ата» деп сәлем бермей алдынан қия өтпейтін едік. Осындай сәтте аталарымыз «Уалейкумассалам, қарағым» деп қолымызды алғаннан кейін «Сен кімнің баласысың?» деп міндетті түрде сұрайтын. «Атамның баласымын» деген жауапты естіп-ақ батасын қоса алатынбыз. Біздер де өзімізден кейінгілерге осындай сұрақтар қойып, атамның баласымын дегендердің арқасынан қағып, мандайынан сүйіп жүрдік. Қазақи тәрбиенің тұнбасы осылай бола тұрса да Әлекеңнің «Мен – апамның баласымын» деуінде үлкен бір сыр жатқан сияқты. Елдің көбі атасының баласы болғанда танымал жазушы-драматург қалайша апасының баласы болып шыға келді екен? Осы сауалға қажетті жауапты аталмыш романды оқыған кезімде тапқандай болдым. Әлекеңнің апасының баласы болатындай-ақ жайы бар екен. Ең бастысы, талантты жазушының шеберлігіне, тапқырлығына, турашылдығына тәнті болдым. Абзал ағаға осындай өміршең туындыны жарық дүниеге шығарғанына қаншама алғыс айтсам да артық болмас деп ойлаймын.
Менің міндетім – бұл романның мазмұнын қайталау емес, дегенмен, бір-екі үзінді келтірейін. Өткен ғасырдың орта тұсындағы сұрапыл соғыстан кейінгі ауыл балаларының шынайы болмысын жазушы әсерлі әңгімелейді. Алданыш немесе Әлдеш аталатын нәресте дүниеге келісімен нағашы апасы Айшаның оған көңілі ауады. Айша апай қолындағы ұлы әскерге шақырылып, кіші қызы тұрмысқа шыққаннан кейін үйде жалғыз қаламын деген үрейге шалдығады. Жалғыздықтан жапа шеккенше туған жиені Әлдешті анасы емшектен шығарысымен бауырына басып алады. Ес білгелі апасының тәлім тәрбиесінде өскен Әлдеш әкесі Қалқабайды жезде деп, анасы Әміржанды әкпе деп атап кетеді. Сол Әлдеш бастауыш мектепті Кербұлақ ауылында аяқтайды. Бесінші сыныптан бастап Шоқпар ауылындағы мектепке ауысады. Мұндағы мұғалімдер сырттан келген оқушыларды іштарта бермейді, мәселен, Оршыбек есімді мұғалім математика сабағынан дәріс беріпті. Ол ағай соғысқа қатысып, бірнеше қабырғасын сындырған кісі екен. Ауыр жарақаты жанына бата ма, алдындағы оқушыларға қатал кісі көрінетін. Бір күні математик ағай сыныптастарға әртүрлі есеп тапсырмасын беріп сынақ жүргізеді. Бастауышта оқығанда Әлдеш өзінің есепке жүйрік екендігіне күмән келтірмейтін. Бұл жолы да есептердің жауабын дұрыс тауып, оны таза параққа жазып, біраз тосылды. Сол кезде шоқпарлық бала Шегірбаев өз жауабын мұғаліміне тапсырып, сыныптан шыға берді. Бұдан кейін екінші болып Әлдеш те жауабын тапсырды. Ертесіне Әлдеш күтпеген жағдайға тап болды. Математика ағай шоқпарлық оқушыларды жата кеп мақтап, сырттан қосылғандарды түк білмейсіңдер, «колхозниктер» деп даттап салды. Ашуы қатты ағайдың аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты десе де болғандай. Ағайының сөзін аяғына дейін тыңдаған Әлдеш қолын көтеріп сөз сұрайды. Неге десеңіз мұғалім сырттан келгендерді төртінші немесе үшінші сыныпқа түсіріп тастау керектігін атап айтты. Тума табиғатынан намысшыл әрі өжет бала Әлдеш мұғалімге қарап тұрып «Сіз менің есебімді неге тексермедіңіз?»- деп тура сұрақ қойды. Мына сауалдан кейін мұғалімнің өзі іш жия бастағандай балаға бадырайып бір қарады. «Неге тексермеді дейсің, тексердім»,- екі деген бағаның орнына үш қойып берсем қайтеді деп қайта қатулана қалды. Сөзінің аяғын жайбағыстағандай «Сен бесінші сыныпта оқи бересің», – деп сенімді айтты. Сол кезде Әлдеш сөзін жалғастырып: «Ағай, мен Шегірбаевтан есепті кем шығармаймын, маған да бес деген бағаны қоюыңызды талап етемін», -деп әр сөзін шегелеп жеткізді. Сырттан келген баладан мұндай талапты күтпеген ағай ақыры жас баланың меселін қайтара алмады. Осы мысалдың өзі-ақ, апасының мейірімді құшағы мен аялы алақанын көрген ауыл баласының шындыққа тура қарай алатынын айғақтай түскендей.
Немесе, тағы бір мысал. Жаңа оқу жылы қарсаңында әкпесі Әміржан киім-кешегін тазалап, қажетті нәрселерін дайындап жатқанда Әлдеш досы Вованың сөзін қимай, екеуі екі атқа мініп, әдеттегідей жарыс ұйымдастырғысы келеді. Ана жүрегі алдын ала бір нәрсені сезгендей талай мәрте жарыстыңдар ғой, бүгін сабырлық сақтап үйде болыңдар деп ескертеді. Бірақ баланың аты бала ғой. Әміржан әкпесінің үйге кіріп шығып жүрген сәтін пайдаланып, екі бала аттың басын жіберіп, жарыс жалауын желбірете бастайды. Екеуі де ауылдан әжептеуір алыстап кетеді. Бір кезде Әлдештің мінген аты Вованың атымен қатарласа келіп ажырық шөпке сүрініп табаны тайып құлайды. Бозбала ойда-жоқта жержастанып аяғын сындырып алғандығын сезе қояды. Дегенмен алғашында оны ет қызуымен байқамайды. Вова досы қайта айналып келгенде: «Мен мектепке бара алмайтын болдым, аяғымды сындырып алдым» деп бар сырын жасырмайды. Ұялған тек тұрсын ба? Вова досын аяп кетіп: «Мүмкін аяғың сынбаған шығар, етің ауырып қалған шығар» – деп жұбатқандай болды.
– Дәл бүгін сенімен жарысатын жөнім жоқ еді…
– Бұлай боларын кім білсін, мен мектепке бармаймын ғой, менің-ақ аяғымның сынғаны дұрыс болар еді…
– Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді сен апам мен әкпеме бұл жағдайды хабарла…
– Жарайды, айтқаның болсын, – деген Вова атының басын ауыл жаққа бұрды.
Көп кешікпей қос өкпесін қолына ұстаған апасы мен әкпесі… «Құлыным-ай, бұл Құдайға не жаздық» деп дауыс шығара, Әлдештің қасына жақындады. Бала деген адамның бауыр еті емес пе, қос ананың да ет жүрегі елжіреп, етегі жасқа тола еңірейтіндей жөні бар-ау. Осы көріністің өзі-ақ ана мен баланың бір-біріне деген сүйіспеншілігін, мейірімділігін жазбай көрсетсе керек.
Романды оқи отырып, ауыл балаларының еркелігін, намысшылдығын, сөзге беріктігін анық байқайсың. Жазушы балалық шақтың болмысын бояусыз түрде көркем тілмен әр санаға сіңіретіндей етіп жеткізе білген. Бұл романның жарық көргеніне он шақты жыл өтті. Әлі де болса мектептегі жоғары сынып оқушылары осы кітапты тауып оқыса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, қазақи тәрбиенің қаймағындай көрінетін, әрі жас жеткіншектерге дұрыс тәлім-тәрбие беретін құндылығымен де аса қымбат.
Жалпы айтқанда, белгілі жазушы, драматург Әлдихан Қалдыбаевтың балалар әлеміне дайындаған көркем дүниелері қай кезде де оқырмандар мен сыншылар тарапынан оң баға алғандығы айдан анық. Бұған атақты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалар дүниесін әдемі игерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан, біздің әдебиетімізге жарқын беттер қосты», – деген сөзі жадымызда жаңғырып жүр. Сондай-ақ талантты жазушы Мұрат Сыздықовтың: «Айтатын кез әлдеқашан келген, балалар мен жасөспірімдерге арналған 12-кітап, 3 пьесаның авторы Әлдихан Қалдыбайұлы – қазіргі балалар әдебиетіндегі ең ірі тұлға», – деген сөзі де әділдік туын қолға ұстатқандай. Қаламы қарымды қаламгер жайлы жылы лебіздер мұнымен шектелмейді. Оның бәрін тізе беруді мақсат етпедім.
Қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай қаламгерлерінің бірі, қазақ балаларының үлкен жүректі абыз атасының Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлдихан Қалдыбаевтың Тараз қаласында тұрған көпқабатты тұрғын үйінің көрнекті бөлігіне өткен жазда мемориалдық тақта орнатылғанын зор мақтан тұттық. Әлдихан Қалдыбаев жайлы бүгінгі мақаламды мынадай өлең шумақтарымен түйіндегім келеді.
Бағалайық жақсы менен жайсаңды,
Асыл аға жан еді ғой байсалды.
«Мен апамның баласымын» – деп жазып,
Роман сыйлап, оқырманға ой салды.
Бұл кітапты қайталап та оқыдым,
Көңіліме көп нәрсені тоқыдым.
Бала жайын, бала жырын жырлаған,
Тебіреніп, теңіз болып толқыдым.
Балалар ғой бар байлығы ауылдың,
Алдын алып тұратындай дауылдың.
Ерттеп мініп, еркеліктің тұлпарын,
Дегеніне көне қоймас бауырдың.
Баптады ол бабын тауып баланы,
Ардақтады аяулы жан ананы.
Жастайынан жалаң аяқ жүгіріп,
Кезіп көрді, танып білді даланы.
Балдай тәтті бала тілін түсінген,
Кейде күліп, кейде ол да күрсінген.
Қол жетпеген арманы да бар шығар,
Ең бастысы елге тарту ұсынған.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.