Ақпараттық портал

Төл туындым Төле биге телінген

Өткен ғасырдың бас кезінде орыс жазушысы Максим Горький қазақтың зиялыларына “Сіздер алтын сандықтың үстінде отырсыздар” деген екен. Демек, өресі биік халқымыздың өткенінің өткелдері өлшеусіз тарихпен өрілгені өзімізге ғана емес, өзге елдерге де аян болып тұрғаны ғой. Ықылым заманнан-ақ тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр деген тәмсілді айтып келеміз. Тарихымыздың әлі де ашылмаған ақтаңдақ беттері көп. Арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, елдігімізді сақтап қалу жолында, бірлігіміздің тас қамалдай берік болуына, ұлтымыздың тоз-тоз болып, ұсақталмауына барын салған қайраткерлеріміз қаншама?! Соның ішінде “елдестірмек елшіден” демекші, талай даулы мәселелерде қара қылды қақ жарып, орақ тілімен, от аузымен төрелігін айтқан би-шешендеріміздің ел тарихында алар орны ерек. “Біздікі”, “бізден шыққан”, “өзіміздікі” деп иемденуден аулақпыз. Төле би бабамыз қазақ халқы, қала берді түркі жұртына ортақ тұлға, ортақ қайраткер. Дейтұрғанмен, Төле би Әлібекұлының кіндік қаны тамған жері Шу өңірі екендігі кейбір деректерде кездесетіні көпке мәлім. Қазақтың төбе биі саналатын Төле би бабамыз шыққан топырақта туып, сол топырақта аунап-қунап өскен талантты бір ұлы бола тұра Төле биге шығармашылығымның төрінен орын бермеу өнеріме сын деп білемін. “Тізеден сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме” деп тілеген текті ұлтымыздың төбе биі саналған Төле би бабамызға арнаған “Төле би толғауы” симфониялық күй поэмам бар. Бұл күй-толғауда ұлы даланың ұлы перзентін ұрпаққа танытуды көздедім.
Үш жүзді ұйыстыра білген ұлылардың көксегені елдің тыныштығы, береке-бірлігі болды. Қашанда қаймағы бұзылмаған халықтың татулығын ойлаған олар кейінгі ұрпақ жүз-жүзге бөлініп, бір-бірімен қырық пышақ болсын демеп еді. Ұлтты ортақ мүддеге жұмылдыратын да, ұлт болып ұйыстыратын да, ұлтты дамудың даңғыл жолына түсіретін де ең басты киеміз-бірлік екені бесенеден белгілі. Бірлік дегенде Төле бидің өміріндегі мына бір оқиға еріксіз ойға оралады:
Бірде Төле би бабамыз ауыр дертке шалдығып, көңілі құлазып, төсек тартып жатқан шағында оның бас жағында Әйтеке би, қаз дауысты Қазыбек би, аяқ жағында Көкі би, Мәлік би, Ержан би отырса керек. Сол сәтте сәлем беріп, үйге ұқыпты, қызылды-жасылды әдемі киінген, үстіне қару-жарақ асынған, егде тартқан үш адам кіріп келеді. Келгендердің біреуінің көзі шапыраштау, енді бірі шашы селдір қасқабас, ал үшіншісі доғал имектілеу, құстұмсық екен деседі. Келгендер Төле биге қарап «Біз үшеуміз үш жүзден сіздің көңіліңізді сұрай келдік. Халқымыздың ендігі алдан күтер бақыты бола ма, аяулы еліңізге қандай өсиет айтып кетесіз?» депті келген топтан ұшқырлық таныта сөйлеген құстұмсық кісі. Төле би жөткірініп, басын көтеріп алып “Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, руға бөлінгендердің құруға асыққаны, атаға бөлінгендер адыра қалады. Қазақ халқы осы күнге дейін өзара достық, ынтымақта болып келдік, ендігі қазақ бақыты таздың басында, соқырдың көзінде, пұшықтың мұрнында қалмаса екен” депті.
Тәуелсіздік таңы атқалы етек-жеңімізді жинап, жоғымызды тауып, өшкеніміз жанды. Енді, бет-бетімізбен кету жарамас-ты. Тәлім-тәрбие беруде, үлгі-өнеге көрсетуде сара жолы бар текті халқымыз “тек” деген бір-ақ ауыз сөзімен ұрпағын түзу жолға салған.
Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
күйші, композитор,
«Құрмет», «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері.
Шу ауданының Құрметті азаматы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.