Ақпараттық портал

Тәуелсізділік– мәңгілік құндылығымыз

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдауынан басталады. Бұл мемлекеттің өмір сүруінің ескі бетінің аяқталуын және жаңа кезеңінің басталуын белгілейтін ерекше күн. Тәуелсіздік – төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен, ащы термен келген тәтті жеңіс. 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланып, бұл күн мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді. Бұл мереке – халықтың ғасырлық арманын жүзеге асырғаны үшін, республиканың қол жеткізген жетістіктері үшін мақтаныш пен қуаныш мерекесі.
Міне, содан бері Қазақстан әлемде жеке дара әрі дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды.
Бүгінге дейін мемлекетіміз бағындырған биіктер мен жеткен жетістіктер ұшан-теңіз десек, солардың ішінде сот жүйесі ерекше атап айтарлықтай. Тәуелсіз еліміздің тәуелсіз соттары биліктің белді бір тармағына айналып, сала жұмысы үздіксіз ізденіс пен даму кезеңіне толы болды.
Бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған қолданыстағы Конституция сот билігін қалыптастыруда маңызды кезеңге жол ашты. Ата Заңда сот билігінің мемлекеттік биліктің бір саласы ретінде бекітілуі соттар мәртебесін одан әрі айқындап берді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Азаматтық, Азаматтық-процестік, Еңбек кодекстері, сонымен қатар, басқа да қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалар қабылданып, соттың заңдық базасы нық қалыптастырылды. Сот жасауылдары және жеке сот орындаушылар институттары құрылып, сот шешімдерін орындаудың жаңа жүйесі пайда болды.
Сот төрелігіне билер институтының тиімді тетіктерін ендіру мақсатында ҚР «Медиация туралы», «Алқабилер туралы» заңдары қабылданды. Халық өкілдерін сот билігіне қатыстыру оларды сот қызметіне жақындата түсті. Сот құрылымы мен сот өндірісі айтарлықтай өзгерді, жекелеген санаттағы істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылды.
Озық технологиялар сала жұмысына дендеп ендірілді. Сот процестерінің дыбыс-бейне бақылау арқылы жазылуы өз алдына, сондай-ақ, олар бейнебайланыс арқылы да өтуде. Ең бастысы, азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру арқылы ашықтық пен жариялылық қамтамасыз етілді. Электронды ресурстарды кеңінен пайдалану нәтижесінде іске қосылған жаңа ақпараттық сервистер ел азаматтарын үйлерінде немесе жұмыс орындарында отырып-ақ, сотқа жүгіне алатындай жағдайға жеткізді. Осылайша, ел Тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстан Республикасының сот саласы жан-жақты дамыған құқықтық институтқа айналды.
Еліміздің болашағы үшін жанын беріп, осы күнді бізге табыстап кеткен азаттықты бағалау, қастерлей білу – әрбір қазақстандық азаматтың парызы. Сондықтан, тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болу үшін әрбір адам өз тарапынан елге деген, жерге деген сүйіспеншілігін сақтап, еліміздің ынтымақ, бірлігінің бұзылмауына атсалысуы тиіс.

Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.