Ақпараттық портал

Шағын кәсіппен айналысуға жол ашық

Халықтың тұрмысын түзеуді, табысын арттыруды басты мақсат еткен мемлекетімізде түрлі әлеуметтік бағдарламар мен жобалар қолға алынып, жүзеге асуда. Кез келген елдің экономикалық дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің алатын орны ерекше. Аталған сала дамыса, елдің өрісі кеңейіп, өркен жайып, дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау біздің елдің де басымдық берген салаларының бірі. Бұл бағытта Үкіметтің қолдауының арқасында айтарлықтай нәтиже бар. Түйсігі бар жанға мемлекеттің қолдауы жетерлік, тек көзін тапса болғаны. Иә, екі қолға күрек ұстаймын деген жандарға елімізде мүмкіндік мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жеке кәсіппен емін-еркін айналысуға жол ашып, ешқандай кедергі мен шектеу болмайтынын айтты. Бизнесті негізсіз тексеруге де тыйым салынған. Кәсіпкерлер тек қана салық органдарының алдында ғана есеп береді. Ендеше шағын бизнес субъектілерімен жұмыс жүргізу деңгейінің ахуалын білу үшін Шу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Серікбаев Алтайбек Есіркепұлымен сұхбаттасқан едік.

-Біздің ауданда қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікке тіркелу деңгейі қалай және шағын бизнес субъектілерінің саны қанша?
-Кәсіпкерлік саласы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі болып табылады. Сондықтан бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан біздің тараптан кәсіпкерлік саласы бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді.
Қазіргі таңда халықтың кәсіппен айналысуға деген құлшынысы да жоғары. Өзінің сүйікті ісін табыс көзіне айналдыру мақсатында жекелеген азаматтар біздің мамандарға жүгінеді, біз сол бойынша жол көрсетіп, қолдау білдіреміз.
Бізде шағын бизнес субъектілерінің қатары жылдан-жылға артып келеді. Жалпы Шу ауданы бойынша шағын бизнес субъектісі ретінде тіркелген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың саны-10253, оның ішінде жалпы тіркелген заңды тұлғалар саны-452 және жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтар саны-9801. Ал, соның ішінде ағымдағы жылдың 11 айындағы мәліметке тоқталсақ, жыл басынан тіркелген жеке кәсіпкерлер саны-1216, заңды тұлғалар саны-63.
– Сіз басқаратын мекеме тарапынан кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
-Кәсіпкерлерге салық міндеттемелерін сапалы және мезгілінде орындау мақсатында ағымдағы жыл басынан мемлекеттік кірістер басқармасының әлеуметтік желілерінде, яғни «Instagram», «Facebook» парақшаларында 224 хабарламалар жарияланды. Сондай-ақ, ауылдық округтерде салық төлеушілермен кездесу жұмыстары жүргізіліп, Шу қаласының орталық базарларында, сауда үйлерінде қолма-қол түсіндірме жадынамалары таратылды. Аталған бағытта түсіндірме жұмыстары күнделікті жүргізілу үстінде.
Қазіргі таңда салық төлеушілердің іс-әрекеттерін оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан «Е-Salyg Business» және «Е-Salyg Аzamat» мобильді қосымшалары 2022 жылдың қаңтар айынан бастап ел аумағында қолданысқа енгізілген. Бұл жерде «Е-Salyg Business» мобильді қосымшасы арқылы салық төлеушілер салық органдарына келмей-ақ аталған қосымша арқылы:
– жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге;
– салық есептілігін табыс етуге;
– салық режимдерін ауыстыруға және де бақылау-кассалық машиналарын тіркемей-ақ мобильді қосымша арқылы кассалық чек беруге мүмкіншіліктері бар. Бұл қосымшаларды тұрғындар арасында тіркеп қолдану мақсатында күнделікті әлеуметтік желілерде және халық көп шоғырланған орындарда жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ағымдағы жыл басынан мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан 54315 мемлекеттік қызметтер көрсетілді, оның ішінде қағаз тасығышта көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны – 121, электронды түрде -54194, яғни 99,8 пайыз. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алудың жоғары деңгейде болуының басты себебі – ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетімен электронды сервис жүйелерін қолданудың ерекшіліктерін жан-жақты түсіндіру нәтижесінде іске асуда деп білемін.
-Салық төлеуден жалтарып жүргендер жайлы не айтасыз? Оларды қандай жаза күтеді?
-Салық төлеушілер тарапынан ҚР Салық Кодексімен белгіленген салық міндеттемелерін мерзімінде және толық орындамаған жағдайда оларға тиісті шаралар қолданылады. Мәселен, салық есептіліктерін мерзімінде тапсырмаса, онда ол салық төлеушіге №17 үлгідегі хабарлама беріледі.
Салық есептіліктерін табыс етіп, есептелген салық сомалары мен әлеуметтік төлемдерін төлемей жүрген салық төлеушілерге №14 хабарлама қалыптастырылып, мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан салық төлеушінің тапсырған салық есептіліктерімен, уәкілетті органдардан және басқа да органдардан алынған мәліметтер бойынша камералдық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде салықтардың есептелмеуі, толық есептелмеуі анықталса, онда камералдық бақылау қорытындысымен тиісті хабарлама орындау үшін қойылады.
Және де әрбір жіберілген кемшіліктерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылады. Сондықтан ауданымыздың салық төлеушілерін белгіленген салық міндеттемелерін мерзімінде және сапалы орындауға шақырамын.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.