Ақпараттық портал

Бірлігі бекем ел озар

Қонақжай пейілімізден болар, алақандай ауданымызға кімдер келіп, кімдер кетпеген?! Сайын даланың әр атырабында шашыла қоныс тепкен қазақтың құт мекеніне қаншама ұлт өкілдері де келіп қоныстанды. Қиын кездерде бір түйір нанды басқалармен бөле жеген дархан халқымыздың көңілін айтсаңызшы! Төскейі түлік, қойнауы мүлік туған жеріміздің топырағында бір ауыл пайда болса, сол ауылдың құрылуы өзге ұлттардың қатысуымен қаланғанын тарих айғақтайды. Новотроицк селосының іргетасы 1900-1916 жылдары қаланған. Бұл өңірде «Аша» болысы билік етіп, Сырдария губерниясының Әулие ата уезіне бағынған. Шу өзенінің батыс бөлігінің көпшілігі тұрғылықты Сарыүйсін елінен шыққан атақты Сәрсембінің билігіне қарағандықтан, «Сәрсембінің тоғайы» атанып кетіпті. Дәл қазіргі аудан орталығы тұрған жер сол кісінің жайлауы болған екен.

Сөзіміздің басында өзге ұлттың өкілдерінің құшағы кең қазақ жеріне қоныстанғанын тілге тиек еттік қой. Көпұлтты Шу өңірінің де тарихы сан алуан ұлттармен сабақтас. Бұрынғы Новотроицк селосына 1903 жылдары Ресей патшасының «Уақытша» ережесін пайдаланып, мұнда орыс ұлтының қоныс аударушылары көшіп келе бастайды. Бір топ орыстардың басқарушысы Воронеж губерниясынан шыққан Троицкий деген көпес екен. Содан болар, селоның аты Троицк атанған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұл атауға «Ново» сөзі тіркеліп, «Новотроицкое» аталыпты. Жаңа қоныстанушылар селоны төмен, орта, жоғары деп үш көшеге бөліп орнығады. Кеңес билігінен кейін сол үш көше Бірінші май, Октябрь, Украин көшелері атанды. Ал, осы көшелер бүгінгі күні біртуар тұлғаларымыз Балуан Шолақ, Төле би, Дінмұхамед Қонаевтардың есімдеріне ие.
“Кең пейілді кемімес” деген даналықты ұстанған халқымыздың жаратылысынан қонақжай, құшағы ашық, жаны жомарт жұрт екені әмбеге аян. Татулықтың талбесігінде тербелген текті еліміз талай қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлт өкілдерін өгейсітпей, бірінен-бірін алаламай, бәрін бауырына басты. Еліміздегі этносаралық ынтымақ пен қоғамдық келісімнің ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында көтерілген тақырыптардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да зор маңызға ие. Мәселен, «Бір халық» бұл барлық қазақстандықтар үшін ортақ ұлттық мүдделер деген сөз. «Бір ел» бұл барлығымыздың Отанымыз ортақ екенін білдіреді. Ал, «Бір тағдыр», бұл – бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңіс жолдары. Міне, осы үш ұғымды ұштастырудың да зор мәні бар.
Тарихы тереңді бойлаған, өзіндік сүрлеуін қалыптастырған Шу жеріне де тағдыр тәлкегімен қаншама ұлт пен ұлыстар қоныс аударып, тарихи атамекеніне сіңісіп кетті. Қанша халық болса, әр халықтың өзіндік наным-сенімі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық құндылықтары болады. Қазақстан халқы өзге ұлт өкілдерін құшағына басып қана қойған жоқ, елімізде еркін өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасады. Соның жарқын көрінісі, жер-жерде құрылған этномәдени бірлестіктер.
Бүгінде 100 мыңнан астам халқы бар Шу ауданында қазақ, орыс, түрік, неміс, әзірбайжан, күрді және ұйғыр этномәдени орталықтары жұмыс жасайды. Қазіргі таңда этномәдени орталықтар қоғамдық келісім кеңестері арқылы әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, қарапайым халықты толғандыратын түрлі мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы билікпен әріптес болып отыр.
Көптеген ұлттар шоғырланған ауданымызда Қазақ мәдени орталығы 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ал, Кошали Гусейнов жетекшілік ететін «Ахысха Тюркляри» түрік этномәдени орталығы 1995 жылдан жұмыс жасап келеді, 2017 жылы тіркеуден өткен. 1998 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Навроз» аудандық күрді ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Азиз Байрамов та өз қызметін жақсы біледі. Аудандағы тағы бір этномәдени орталық «Насими» әзірбайжан ұлттық – мәдени орталығының жетекшісі Таджир Абдуллаев. Аталған орталық 2006 жылы тіркелген. Ал аудандық орыс қауымдастығы жетекшісінің міндетін Владимир Лыткин атқаруда, орталық 2003 жылы тіркелген.
«Фройндшафт» неміс этномәдени орталығының жетекшісі А.Мырдина, орталық 1989 жылдан жұмыс жасайды, 2016 жылы ресми тіркеуден өткен. 2021 жылдың 7 шілдесінен бастап жұмысын бастаған «М.Қашқари» ұйғыр этномәдени орталығының жетекшісі Жумак Маметов те жүйелі жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Азери» Әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Али Мамедов, «Низами» Шу аудандық әзірбайжан этно-мәдени орталығының жетекшісі Алишир Гусейнов, «Пироз»күрді этномәдени орталығының жетекшісі Фатима Гасановалар да ұлттық тұтастық жолында қызмет жасауда. Бұл этномәдени орталықтар облыстағы, аудандағы барлық мәдени іс –шараларға, байқауларға қатысып, өздерінің салт-дәстүрлерін, мәдениет, қөлөнерлерін көпшілікке көрсету арқылы бірнеше алғыс хаттармен марапатталып, халықтың ыстық ықыласына да бөленіп келеді.
Мемлекеттің экономикасының дамуы, халықтың тұрмысының жақсаруы мен барлық салалардың ілгерілеуі алдымен қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық татулыққа тікелей байланысты екені даусыз. Осы уақытқа дейін табысты жүргізілген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларға этносаралық келісім мен түсіністіктің арқасында қол жеткізілгенін көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат жақсы біледі. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан қоғамдық һәм этносаралық келісімнің дүниежүзіне үлгі боларлықтай өзіндік моделін қалыптастыра білді. Біз осы игі істі әрі қарай жалғастыруымыз керек. Яғни елдегі бірлікті бекемдей түссек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.