Тоғыз гектардан тоқсан тонна
Мал бордақылау бағытындағы жұмыс болған соң, оның жем-шөп қорын өзің дайындасаң, табыс та мол болары сөзсіз. Өз істерін тиянақты атқарып, табысқа жету жолында еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтары баршылық.
Солардың бірі — Алға ауылдық округіне қарасты Сауытбек елді мекенінің тұрғыны, «Қалжан» шаруа қожалығының жетекшісі Әзімбай Тұрмаханбетовке жолыққан едік. Әңгімесін әріден бастаған кейіпкеріміз: «Атам қазақ «Қартайғанда, қартайдым деп қарап отырма, бір нәрсеге жарап отыр» деген екен. Балалар белсеніп, «іс бастайық» деп ақылдасқан соң, соларға мұрындық болып, жәрдемім тисе деген ниетпен мал азығын өзіміз дайындауға бел будық. Биылғы көктемде жауынның болмауы, дән себердің алдындағы шығыстан соққан желдің егіншілікке кері әсер еткенін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Алайда, шын ниеттенсе, адам баласының қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Кез келген іске ең бірінші ниет керек. Данияр балам Тараздан жүгерінің жаңа сортын әкеліп, «тәуекел» деп 9 гектар жерге жүгерінің «Хантай-Алтемира» сортын ектік. Құдайға шүкір, нәтижесі көңілден шығып отыр»,-деп шаруашылық жайынан хабардар етті.
Диханшылық кәсіптің біз біле бермейтін қыр-сыры көп екені мәлім. Қазіргі уақытта ғылым-білімді ұштастырып жұмыс істемесең, көңілге қонымды нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, атқарған ісімнен нәтиже көремін деушілерге заманауи технологиялық әдістердің түрі көп.
Негізі Испаниялық «Хантай-Альтемира» тұқымы 125 күнде пісіп жетілетін сорт. Биылғы құрғақшылықтың әсерінен 15 күнге кешеуілдетіп орылды. Бұл да жаман емес. Қазір сауатсыз адам жоқ. Ғаламтор желісіндегі пайдалы ақпараттарды дұрыс қолдана білгендерге табиғат та сырын жаяды. Мұны біз сөз етіп отырған шаруа қожалық жетекшісінің ісінен аңғаруға болады.
-«Биылғы қуаңшылыққа қарамастан, 9 гектар алқаптан 90 тоннадан астам жүгері жинадық. Біреу айтса, өзім де сенбес едім. Бар-жоғы екі рет су ішкен алқаптан мұншама мал азығының өсуіне себепкер минералды тыңайтқыш пен ауыл үйдің маңындағы мал қиының әсері болды. Алқап үш рет суғарылса, өнім екі есе болатынына көзіміз жетіп отыр. Аз ғана дән сеуіп, мол өнім алуға мүмкіндік бар екенін білдік. Тиімділігі жоғары тың технологияны игере білу қазіргі заман сұранысы. Сондықтан әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, тұқым сорты мен оны егетін алқапты минералды тыңайтқыштармен қоректендіру басты мәселе екенін ұғындық. Жер анамызға қалай күтім жасасаң, солай қайтарым жасайды.
Жалпы, шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. Иелігі-мізде 4 трактор, 1 шөп тайлағыш, 1 шөп шабатын техника, 1 булдозерлік агрегат бар. Қазіргі кезде мемлекеттен жеңілдікпен алған қарызымыздан түгел құтылдық. «Ауыл болсаң, қауым бол» деген. Көп болып бірігіп тірлік қылса, табыс та, береке де болатыны сөзсіз. Қожалыққа жер үлесімен қосылған 12 мүше бар»,-деген «Қалжан» шаруа қожалығының белді мүшесі Данияр Әзімбайұлы өз пікірімен бөлісті.
Сауытбек ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы, «Әбіке» шаруа қожалығының басшысы Нүсіп Сабыралиевке де ауыл ахуалын білу мақсатында жолыққан едік:
-«Қалжан» шаруа қожалығының иесі Әзімбайдың кіші баласы Даниярдың іс-тәжірибесі көпке үлгі болуда. Ауылда тұрған соң ауылдасыңның қамын ойлау керек. Биылғы құрғақшылыққа қарамастан, 9 гектардан 90 тонна жүгері жинаған азаматтың ісіне ырзалықтан басқа не айтасыз. «Жас келсе іске» дегендей, заманауи технологиямен еңбек етіп, тыңайтқышпен қоректендіріп, жаңа сортты тұқым сеуіп, мол өнім жинады. Осындай жастардың ісіне қолдау жасалып тұрса, бұдан да көп жетістіктерге жететініне сенім мол. Шаруашылықты дамытуға ғылыми өзгерістер енгізіп, мол табыс табуға болатын әдіс-тәсілдерді игеру заман талабы. Ел аумағында шаруашылық кооперативтерін құру арқылы жұмыссыздықтың да жолына тосқауыл қоюға болатынына сөзіміз жетсе де, көзімізді жеткізу қиын боп тұр. Әйтпесе «ауылда жұмыс жоқ» деген сылтау айтатындар бірігіп жер үлестерін бір жерге шоғырландырып, ақылдаса отырып еңбек етсе, көптің алмайтын қамалы жоқ. Ол үшін шаруашылық мүшелерінің біліктігін арттыру керек. Жасыратыны жоқ, қазір ауыл жастарының арасында трактор айдау, мал бағу жұмыстарына қызығушылық жоқ. Себебі, еңбекақы мен табыс көлеміндегі қаржы жеке адамдардың иелігінде. Ынталандыру жұмыстарының жоқтығынан, еңбекақының дұрыс белгіленбеуінен қазіргі жастардың ынта-жігері тасқа тигендей болады. Қазіргі жас әрі жаңа толқын басшы азаматтар титтей жылт еткен жаңалықты қалт жібермей, қолдау білдіріп отырса, құба-құп болар еді. Өкінішке орай ауыл әкімдерінің шар байлап, сауық құрған іс-шараларда әлеуметтік желілерге шығып, көрініс жасап, өтірік айтуды әдетке айналдырғандарын байқап жүрміз. Күн сайын өзгеріске толып жатқан заманда жаңа технологияны ауылшаруашылығы ісіне көптеп енгізуді қолға алу керек. Ол үшін тағы да басқарушы азаматтардың сындарлы біліктілігі көпшілікке ауадай қажет»-деп өз ой-толғамдарын ортаға салды.
Қызығушылығымыз артып, Даниярдан қарға мен шегіртке секілді кез келген дәнді-дақылдардың жауынан жүгері алқабын қалай қорғағанын сұрадық.
«Әр нәрсенің өзінің амалы болатынын, табысқа жетудің сан түрлі тәсілдері бар екенін енді біліп, ұғынып жатырмыз. Жүгері алқабының дәні толыса бастағанда «Ваучик» деп аталатын арнайы ұнтақ дәріні суға араластырып, су бүріккіш аппаратпен шашып шықтық. Нәтижесінде қарауыл қойып, үркіту жұмыстарынан қолымыз босады. Ауылымыздағы ағын судың тапшылығы талай пайдалы жұмыстарға қолбайлау болып отыр. Алға ауылдық округіне қарасты ауылдарда қызылша өніміне сұранып тұрған алқаптар жетерлік. Біраз жылдардан бері сөз болып келе жатқан қант зауыты іске қосылатын заман болса, тамшылатып суғару әдістерін де қолға алсақ деген ниет бар»,-деп Данияр ағынан жарылды.
Иә, көпсөзділіктен гөрі іске көшетін уақыт келгенін, заман ағымын түйсінген Данияр секілді білімді, жаңалыққа жаны құштар азаматтардың қоштаушылары көп болса, ел байлығы еселеп артатынына кәміл сенуге болады.
Несіпхан Қоңырбаев.