Тұңғыш рет тойланған мереке
Елімізде сан салалы мамандық бар. Олардың әрбірі атап өтетін кәсіби мерекелері болады. Әдетте, ол даталар белгілі бір оқиғаларға сәйкес түзіледі. Биылдан бастап Қазақстанда ресми түрде жаңа кәсіби мереке – кәсіпкерлер күні аталып өтті. 29 қазан болып белгіленген бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойған.
Кәсіпкерлік тұтас республи-каның әл-қуатын арттыратын сала. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер елдің экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Мұны Мемлекет басшысы да ұдайы айтып отырады.
Тұңғыш мәрте тойланғалы тұрған кәсіби мерекеге орай аудан әкімі аппаратында салтанатты жиын өтіп, ауданның әлеуетін арттыруға сеп болып жүрген кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш кәсіпкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел мүддесі жолындағы әріптестік байланыс үшін алғысын білдірді.
-Өздеріңізге белгілі, биылдан бастап 29 қазан – Кәсіпкерлер күні болып бекітілді. Бұл зор тәуекелдерге бел буып жүрген сіздерге ілтипат көрсетілетін күн. Өңірімізде кәсіпкерлік субъектілері жетерлік. Солардың ішінде сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Сіздер әрдайым қол үшін созып, өздеріңіздің озық жұмыстарыңызбен аудан абыройын асқақтатып жүрсіздер,-деді Серікхан Қуатұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне берілді. Жиынға шақырылған мереке иелерінің бір шоғырына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары тапсырылса, тағы бір парасына Шу ауданының Құрмет грамотасы табыс етілді. Марапаттау барысында аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов мереке иелеріне ізгі тілектерін айтты.
Шара мәресін «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков түйіндеді. Ол бірқатар кәсіпкерлерге Алғыс хаттарды ұсынды.
Құрметке бөленген кәсіпкерлер еңбектерін елеген аудан әкімдігіне алғыс білдіріп, үзеңгілестерін төл мерекелерімен құттықтады. Марапатталғандардың арасында ірі наубайхана иелері, ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер, сауда үйлері мен мейрамхана иелері бар. Жиын барысында олардың әрбіріне «Үздік кәсіпкер-2025» атты мүсінше естелік сыйлыққа берілгенін айта кеткен жөн.
Байжан Емберді.
