Сала мамандары марапатталды
Өткен апта кәсіби мерекелермен өрнектелген болатын. Мәселен, 24 қазан күні кітапханашылар мерекесі атап өтілсе, қазанның соңғы жексенбісінде Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері кәсіби күнін тойлады. Қос сала мамандарын қабылдаудың орайы осы аптаға тура келген.
Сәрсенбінің сәтіндегі салтанатты жиында ең алдымен аудан кітапханашылары құрметке бөленді. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев кітапханашылар қауымына құттықтауын жеткізіп, олардың ел руханиятындағы еселі еңбектеріне тоқталып өтті.
-Кітапханашылар – ұлт руханияты-ның шамшырақтары. Сіздер қаламгер мен оқырман арасын жалғайтын орданың дәнекерісіздер. Еліміздің рухани дамуына қосып жүрген үлестеріңіз зор. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Баршаңызды келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Найман Кенжеханұлы.
Ізгі лебіздерден кейін марапаттау рәсімі өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлестері үшін 24 қазан – Кітапханашы күніне орай бірқатар сала мамандарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов бір топ кітапханашыларға Шу ауданының Құрмет грамотасын табыстап, төл мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты жиын соңында «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков те мереке иелеріне өз марапаттарын тапсырды.
Шара соңында аудандық орталықтан-дырылған кітапханалар жүйесінің директоры Б.Алжанбаева, ардагер кітапханашылар өздеріне көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, әріптестерінің жұмыстарына табыс тіледі.
ххх
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында жалғасқан жиында өңірдің әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері де бас қосты. Жиынға жетекшілік еткен аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев ең алдымен сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Ал марапаттау сәтінде аталмыш салада ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен қызметкерлерге «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді. Одан бөлек, аудан әкімінің қолы қойылған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары өз иелеріне тапсырылды.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов бір топ қызметкерлерге Шу ауданының Құрмет грамотасын табыстаса, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков Алғыс хатпен марапаттады.
Мәжіліс мәресінде аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаева, «Мансап» орталығының сектор меңгерушісі О.Умаров аудан басшылығына алғыс білдіріп, әріптестеріне ізгі тілектерін жолдады.
Байжан Емберді.
