Халықаралық өнер сахнасына жолдама
Өнер – ұлттың жаны, мәдениеттің айнасы. Сол өнердің ішіндегі ең нәзігі де әсерлісі – би. Би – үнсіз сөйлейтін тіл, қимыл мен сезім арқылы адам жүрегіне жол табатын ерекше өнер түрі. Осы өнерге деген сүйіспеншілігі мен табандылығының арқасында ауданда бірқатар би топтары облыстық, республикалық, халықаралық сахналарда топ жарып, аудан атын асқақтатып келеді. Солардың қатарындағы «Айжұлдыз» би тобы жақында Астана қаласында өткен 10 республикалық «Жарық жұлдыз» би байқауында жұлдызы жанып, Түркия елінде өтетін халықаралық өнер фестиваліне жолдама алды.
Бұл байқау еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік би топтарын бір сахнада тоғыстырған жоғары дәрежедегі сайыс еді. Әр топ өз өнерін лайықты көрсетуге күш салып, ұлттық және заманауи би бағыттарын шебер үйлестіруге тырысты. Солардың ішінде «Айжұлдыз» би тобы ерекше көзге түсіп, арулардың би қимылдары мен сахналық мәдениеті, ырғақ сезімі мен біртұтастығы көрерменді тәнті етті. Олар ұлттық нақыш пен заманауи стильді үйлестіре отырып, би арқылы қазақ қыздарының рухы мен нәзіктігін көрсете білді. Сондықтан болар өнердің биігінде жүрген, әділдік еткен қазылар топтың кәсіби дайындығын жоғары бағалап, жүлделі орындарға лайық деп тапты.
Бұл жерде бас-аяғы 25 баланың басын қосып, бір емес үш түрлі жанрдағы би түрін үздік көрсете білген топ жетекшісі Айгүл Альмахашеваның ерен еңбегі жатыр. Би саласында 25 жылдан бері жетекшілік етіп келе жатқан Айгүл Хасенқызы қазіргі таңда аудандағы қосымша білім беру негізіндегі шығармашылық шаңырақ саналатын – Оқушылар сарайында «Хореография» үйірмесінің жетекшісі. Жүзден аса бишіге бекзат өнерді таныстырып, балалар мен жасөспірімдердің бойындағы талантын аша білген би өнерінің ұстазы жас бишілердің сахна мәдениетінің, талғамының, әсемдік сезімінің қалыптасуына аянбай еңбек етіп келеді.
– Би тек әдемі қозғалыс емес, ол – тәрбие, тәртіп және рухани байлық. Әр қимылда еңбектің, сезімнің, шабыттың ізі бар. Шәкірттерімнің еңбегі еленіп, халықаралық деңгейге жолдама алуымыз – кезекті үлкен жетістігіміз. Би тобының әр мүшесі өз ісіне жауапкершілікпен қарайды, әр қойылым алдында көп дайындық пен жаттығу жасайды. Топтың бірлігі мен өнерге деген сүйіспеншілігі олардың сахнадағы табысының басты сыры, – деп ағынан жарылды жетекші.
Бұл «Айжұлдыз» би тобының алғашқы жетістігі емес, әрине. Бұған дейін де республикалық деңгейдегі көптеген байқауларда үздік шығып, халықаралық сайыстарға жолдама алып келген болатын. Одан бөлек, Айгүл Хасенқызының өзіне де үздік шәкірттер дайындағаны үшін жоғары дәрежедегі Құрмет грамоталары табысталып келеді. Сонымен қатар оның тынымсыз еңбегінің жемісі деп бірнеше шәкіртінің өнер академияларының грант иегерлері атанып, би өнерін өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғандығын ерекше айтуға болады.
Осындайда би тобының жетістігіне тек ұстаз бен шәкірттер ғана емес, ата-аналар да зор қуанышпен ортақтасып келеді. Олар әр өткен байқауға балаларымен бірге барып, тіпті дайындық кезінде де жандарынан табылып, қолдау көрсетуді үрдіс ретінде қалыптастырған.
– Немерем төрт жылдан бері осы би тобының мүшесі. «Айжұлдыз» тобы балаларымыздың екінші отбасына айналды. Әрбір жарыс үлкен еңбек пен дайындықтың нәтижесі. Оған өзіміз куә болып келеміз. Балаларымызды себепсіз дайындықтан қалдырмауға тырысамыз. Себебі би арқылы тәртіпке, бірлікке, мақсатқа ұмтылуға үйреніп келеді. Біз жетекші Айгүл ханымның еңбегіне алғыс білдіреміз, – деп пікірімен бөлісті ата-ана.
Жалпы мұндай жетістіктер жас ұрпаққа шабыт, ал қоғамға рухани қуат береді. Сондықтан өнерге құштар, өз еңбегімен биік белестерді бағындырып жүрген «Айжұлдыз» би тобына алдағы халықаралық сахнада да сәттілік тілейміз.
Балнұр Жексенбекқызы.
