Тұрғындарға тегін кеңес берілді
Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым һәм күрделі мәселелермен кездесіп жататынымыз жасырын емес. Ал оның түйінін тарқату үшін түрлі есіктерді қағып, талай табалдырық тоздыруға тура келеді. Заңгерлердің ақылы кеңестері арзан тұрмайтын заманда тұрғындар көкейтесті сауалдарына жауап таппай жүреді. Заң мен тәртіп қағидасын қолданысқа енгізген елімізде игі мақсаттағы республикалық әлеуметтік науқандар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
31 қазан күні ауданымызда “Halyq Zangeri” атты республикалық науқаны өткен болатын. Аталмыш акция аясында аудан тұрғындары прокурорлардан, нотариустардан, адвокаттардан, тергеушілер мен сот орындаушылардан, мемлекеттік органдар басшыларынан, өзге де сала өкілдерінен тегін заң көмегін алуға мүмкіндік алды.
Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету. Олардың күнделікті өмірде туындап отырған заң төңірегіндегі сауалдарына тұшымды жауап беру. Азаматтардың тұрғын үй, жер қатынастары, еңбек,салық, азаматтық, отбасылық, атқарушы іс жүргізу, нотариат,сондай-ақ қылмыстық және зияткерлік меншік салаларындағы сұрақтарын қанағаттандыру да осы қатарға жатады.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға таяуда ғана тағайындалған Шу ауданының прокуроры Талғат Қыдыралыұлы Оспанов, өзге де прокурорлар, Жамбыл облысының өңірлік палатасының жеке сот орындаушылары, аудандық заң кеңесінің адвокаты,әкімдіктің бірқатар бөлім басшылары, жастар ресурстық орталық директорлары , Шу қаласы мен Төле би ауылының әкімдері қатысты. Сондай-ақ аудандағы электр қуатын тарату жүйесі мен “Qazaq gaz” аудандық филиалының басшылары да төбе көрсетті.
Межеленген уақытта шараға келген шулықтар өздерін мазалаған мәселелерін тиісті тұлғаларға жеткізіп, түйткілдердің шешілу жолдарымен танысты. Көзбе-көз отырып, заң кеңесін алды.
– Азаматтардың мемлекет заңдарынан хабардар болуы маңызды. Президентіміз айтқандай Заң мен тәртіп қағидасының мән-маңызы әлдеқайда терең. Оны халық санасына осындай акциялар арқылы сіңіруге болады деп ойлаймын. Бүгін аудан тұрғындарымен тікелей жүздесіп, оларды мазалаған сұрақтарға жауап бердік.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Заң мен тәртіпті” берік орнату үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екеніне тоқталған. Біз әріптестерімізбен бірге осы мүдде жолында еңбек ететін боламыз,-деді аудан прокуроры Талғат Қыдыралыұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш акция республика аумағында барлық қалалар мен елді мекендерде бір уақытта өткізілген. 2016 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан игі бастама аясында осы жылдар ішінде 300 мыңнан астам адам көмек алған.
Сонымен қатар дәл осы күні аудан әкімі Б.Жәнібеков өңір тұрғындарының жеке мәселелерін тыңдау мақсатында қабылдау өткізді. Қабылдау барысында жерлестеріміз жеке сұрақтармен қатар тұрғылықты мекеннің мәселелерін жеткізді. Әрбірін мұқият тыңдаған аудан басшысы барлық түйткілдер заң аясында шешімін табатынын айтты.
Байжан Емберді.
