Ақпараттық портал

ТАРИХТЫ ТАНУ – ТАҒЫЛЫМДЫ ІС

Көнеден күй шертетін дүниені көзбен көріп, құлақпен естудің әсері бөлек екені белгілі. Сондықтан жастарды жәдігерлермен таныстыру арқылы тарихтың сырын түсіндіруге мүмкіндік мол. Мұндайда экспедиция, тур мен квест ойындарының алар орны ерекше деп есептейміз.

25 қазан – Республика күні ұлттық мерекесіне орай Шу ауданындағы “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы және аудандық Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен “Шоқан экспедициясы ” атты тарихи бағыттағы квест ойыны өткізілді.
Квест ойыны Балалар-жасөспірімдер орталығы ғимаратынан бастау алып, көне Ақтөбе қалашығына дейін жалғасты. Ойын барысында оқушылар екі топқа бөлініп, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі – этнограф, географ Шоқан Шыңғысұлы Уалихановтың зерттеулерімен жан-жақты таныса алды. Сондай-ақ түрлі өлең жолдары арқылы жасырынған сұрақтардың сырын ашып, карталар сызып, экспедиция жасады. Қойнауына сыр жасырған көне қалашықтың өткенінен сыр түйді.
Одан бөлек, қазан айында Бірлікүстем ауылдық округінде “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің Бірлікүстем ауылдық округі жастармен жұмыс жөніндегі маманы Айжан Аралбайдың ұйымдастыруымен тарихи мекен Баласағұн (Ақтөбе) қалашығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
«Көне қала күмбірі» атты экскурсияның мақсаты – жас ұрпаққа туған жердің тарихи мұрасын таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік пен адалдыққа, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
Экскурсия барысында оқушылар Баласағұн қалашығының тарихымен танысып, оның ежелгі мәдени және рухани орталық ретіндегі маңызын білді.
Бұл орайда Домалақ ене орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Нұрғали Нұржанның қолдауына алғыс айтуға болады. Өйткені жас ұстаз жасөспірімдерге елді сүю, заңың құрметтеу, оған адал болу турасында әңгіме өрбітіп, өмірлік өнегеге жарарлық кеңестер берді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.