Ақпараттық портал

Ат баптаған Аяна

Қазақ халқының өмірі мен болмысы жылқымен тығыз байланысты. Атты ердің қанатына балаған бабалардың бүгінгі ұрпағы да жылқы жануарын ерліктің, еркіндіктің, тектілік пен төзімділіктің нышаны екенін ұққан. Ал сонау ықылым заманда ерлермен қатарласа бұрымдылар да атқа қонып, ел қорғағанын, сенімділікпен семсерлескенін тарих та баяндап өткен. Бүгінде сол тарихты жалғаушы, ер мінезді, қайсар рухты қыздарымыз біздің өңірде де жоқ емес. Соның жарқын мысалы абайлық 12 жасар Аяна Батылқызы.
Аяна – Өндіріс ауылдық окургіне қарасты Абай ауылының жас тұрғыны. Оның кішкентайынан жылқы малына деген ықыласы ерекше. Әкесінің жанында жүріп, ат баптау мен міну өнерін меңгерген жасөспірімнің жылқыға деген алғашқы қызығушылығы небәрі 5 жасында оянған. Әкесі атқұмар жан, жарыстарға жылқы дайындайтын әуесқой бапкер десек те болатындай. Батыл Алиасқаровтың өзі 7-8 жасынан бастап бәйге шапқан, есейе келе ат баптап, бәйгеге шабар жүйріктерді дайындап, олар көршілес аудандарда, одан ары облыстық бәйгелерде оза шапқан. Ал 2017 жылы Астана қаласында өткен әлемдік «EXPO – 2017» көрмесінің ашылу салтанатына орай өткізілген жарысқа екі бірдей жылқы дайындап қосып, жүлделі оралған. Сонымен қатар сол жылы Сарысу ауданында өткен жылқылар жарысында 77 аттың ішінен суырылып шыққан жүйрігі бірінші орынды қанжығалап, автокөлік ұтысына ие болған. Ал бүгінде әкесі сенімді көмекшісіне айналған қызына жылқыға қарау ісін толық сеніп тапсыра алатын күнге жеткен.
Аяна бос уақытын текке өткізбейді. Мектептен келген бойда жылқыға көңіл бөлуге кірісіп кетеді екен. Әкесінің жанында жүріп жылқының ерекше күтімін, мінезін, баптау тәсілдерін үйренген ол: «Ат баптау тек жем беру емес, ол күн сайынғы қамқорлық пен шыдамдылықты талап етеді. Осы уақытқа дейін менің Жұмбақ, Күреңбел, Нұртөбел, Кербез, Тасқара, Ұлан, Түйме, Пішпе, Ебелек атты сәйгүліктерім болды. Жалпы жылқы – ерекше жануар. Мен жылқының тынысын, мінезін бақылап үйрендім. Онымен дос болу үшін ең алдымен оны түсіне білу керек. Себебі әр аттың мінезі бөлек келеді. Бірі жуас болса, бірі адуынды. Сол мінезіне қарай күтімі де өзгереді. Мен үшін жылқыны баптау демалыс әрі үлкен жауапкершілік» дейді. Иә, ол бос уақытында ат үстінде шабуды, далада серуендеуді ұнатады. Тіпті, жаздық демалысын толықтай жылқыларға арнайтын Аяна аттың үстіне отырудан артық демалыс жоқ деп білетіндей.
Қазіргі таңда Аяна өзі дайындаған аттарын бәйгеге қосып үйренген. Жақында ғана Шу ауданының 95 жылдығы мен Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған аламан бәйгеде Жұмбақ атты жүйрігі үшінші орынды иеленіп, Аяна қызға 1 млн теңгенің сертификаты табысталған. Одан бөлек, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері басшыларының атынан ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте Алғыс хаттарға, Жамбыл облыстық бәйге Федерациясы президентінің мадақтамасына ие болған.
– Қызымның жылқыға деген махаббаты бізді қуантады. Бұл халқымыздың қанындағы қасиет. Еңбектен қашпайтын бала ертең де елге пайдасын тигізері анық, – деген әкесі қызының табандылығына ризалығын білдірді.
Таңертең ерте тұрып сүйікті сәйгүліктерін суарып, жем-шөбін беріп, жалы мен құйрығын тарап, ер тұрманын әзірлеу Аяна үшін күнделікті әдетке айналған. Бұл істер қыз бала бойындағы рухты, өжеттілікті оятқан болу керек, Аяна өсе келе спортқа жақындап, бокс үйірмесіне де қатысады. Тіпті, бұл спорт түрінен түрлі жарыстарда бой көрсетіп, республикалық ашық турнирде қыздар арасында екінші орын жеңімпазы атанған.
Мектепте Аяна озат оқушылардың бірі. Әсіресе есеп шығаруды ерекше жақсы көреді. Сыныптастары да оның қайсарлығына тәнті екендіктерін жасырмайды. Ал ұстаздары оған әркез қолдау көрсетіп келеді, әр жеңісін мақтан етеді.
Атқа мінген Аянаның осындай ісі ауыл өмірінің көркі ғана емес, қазақтың асыл дәстүрінің жалғасы. Ол жылқы мәдениетін сақтап қана қоймай, сол арқылы рух пен жігердің мықты болатынын өз қатарластарына дәлелдеп жүр. Осындай батыл әрі еңбекқор балалар барда қазақтың ұлттық болмысы мәңгі жасай бермек.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.