Ақпараттық портал

“3D Essay” – шығармашылық пен ой еркіндігін дамытуға бағытталған байқау

Қазіргі таңда ағылшын тілі – әлемдік коммуникацияның, ғылым мен технологияның тіліне айналғаны анық. Сол себепті тіл үйрену тек грамматиканы меңгеру емес, сонымен қатар сын тұрғысынан ойлау, шығармашылық қабілетті дамыту және өз ойын еркін жеткізу қабілетімен тығыз байланысты. Осы мақсатта 9–10 сынып оқушылары арасында аудандық “3D Essay” атты ағылшын тілі пәні бойынша байқау өткізілді.
“3D Essay” байқауының негізгі мақсаты – оқушылардың ағылшын тілінде ой қорытып, өз көзқарасын еркін жеткізу дағдыларын дамыту. Байқаудың “3D” атауы үш бағытты білдіреді: Depth (терең ой), Design (шығармашылық көрініс), және Delivery (жазбаша баяндау сапасы). Бұл үш өлшем бойынша әр қатысушының эссесі бағаланды.
Оқушылар өз туындыларында заманауи мәселелерді қозғап, жеке пікірін дәлелдермен негіздеуге тырысты. Мысалы, кейбір эсселерде экологиялық проблемалар мен жасыл энергетика тақырыптары көтерілсе, басқалары жас ұрпақтың цифрлық дәуірдегі мүмкіндіктері мен қауіптерін талқылады.
Байқау қатысушыларының жұмыстарында тілдік сауаттылық, құрылымдық жүйелілік және тақырыпты ашу деңгейі ескерілді. Сонымен қатар оқушылар өз тақырыбын қандай мақсатта таңдап, өз туындысын қалай жасағандығы туралы айтып, жұмыстарын бейнеролик арқылы қорғады. Әр оқушы өз туындысында тақырыптың негізгі ойын ашуға тырысты.
Қазылар алқасы қатысушылардың сөйлеу мәдениетіне, аргументация сапасына және ағылшын тілін қолдану деңгейіне ерекше мән берді.
Әр шығарма жеке көзқарастың көрініс табуы, кіріспе мен тақырып мазмұнының ашылуы, эсседегі тезис пен қорытындының логикалық байланысы, жұмыстың құрылымдық жүйесі мен мәтін тілінің көркемдігі сынды критерийлер бойынша бағаланды. Ойының ұшқырлығымен, тереңдігімен, дәлдігімен, пікірінің өзектілігімен озып шыққан қатысушыларымыз нәтижесінде марапатталды, ал қатысушылар ағылшын тіліне деген қызығушылықтарын арттыра түсті.
Әр қатысушыға байқауға қызығушылық танытып, жұмысын жолдап, әр түрлі тақырыпта өзіндік көзқарасын жеткізуге тырысқаны үшін алғыс білдіреміз.
“3D Essay” байқауы – тек жарыс емес, ол жастардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттырып, олардың ойлау мәдениетін, тілдік құзыреттілігін және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды іс-шара. Осындай байқаулар арқылы оқушылар тек тіл үйреніп қана қоймай, өз ойын әлемдік деңгейде жеткізе алатын тұлға ретінде қалыптаса алатыны даусыз

Майра Булекбаева,
Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.