Ақпараттық портал

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері құрметке бөленді

Ауыл шаруашылығын дамыту мемлекетіміз көздеген маңызды міндеттің бірі. Ол жүзеге асу үшін ең алдымен асырушы саланың майдангерлері – шаруалар мен диқандарға қомақты қолдау көрсетілуі тиіс. Біздің өңірде мемлекет ұсынған мүмкіндіктерге сүйеніп, тасын өрге домалатып жүрген жандар жетерлік. Олар дамылсыз еңбегімен ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға да атсалысып келеді әрі зор талпыныстары жергілікті атқарушы орган тарапынан ескерусіз қалған емес.

Жуырда аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында алқалы жиын өтіп, мұнда біз сөз етіп отырған ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері марапатталды.
Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, “Amanat” партисы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков шулық шаруалар мен диқандарды сондай-ақ ветеринария саласының ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтап, ізгі лебіздерін жеткізді.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, ауыл шаруашылығы еліміздегі асыраушы сала. Себебі ағайынның әл-ауқаты шаруалар мен диқандардың табысына тікелей байланысты. Сондықтан сіздердің тынымсыз тіршіліктеріңізді ел дамуына қосып отырған сүбелі үлестеріңіз деп бағалауға болады.
Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, мол табысқа кенеліп отырмыз.
Жалпы алғанда, жыл жемісті болды. Оның барлығы өздеріңіздей еңбекқор жандардың маңдай терімен мүмкін болды. Сондықтан сіздердің ақадал жұмыстарыңызға мың мәрте алғыс білдіреміз,-деді Бақыт Аязұлы жиын барысында.
Ең алдымен мереке иелеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталса, еңбек ардагерлері «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеуделеріне ілді.
Одан бөлек, осы жиында Шу ауданының Құрмет грамотасы мен аталмыш партияның аудандық өкілдігінің Алғыс хаты асыраушы саланың басы-қасында жүргендерге табыс етілді.
Жиын соңында «Дәстүр» тобы әсем әннен шашу шашып, көрерменнің қошеметіне ие болды.
Өз кезегінде құрметке бөленгендер көрсетілген ілтипатқа ризашылығын жеткізіп, қанаттастарына ақжарма тілегін паш етті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.