Ақпараттық портал

Жабдықтар жаңартылып, қызмет сапасы артуда

Өңірдегі халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан қоғамдық рөлі маңызды мекемелердің бірі – аудандық электр жүйесі мекемесі болып табылады. Бірнеше жыл бойы екі бөлек қызмет ұсынып келген Шу қалалық электр қуатын тарату жүйесі мекемесі мен Шу селолық электр қуатын тарату жүйесі мекемесі 2019 жылы аудандық электр жүйесі мекемесі болып бірігіп, базалық орталық Төле би ауылында қалды. Қазіргі уақытта аудандық электр жүйесі мекемесі «ЖЭС» ЖШС-нің құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Бейсебаев Нұрман Еренсізұлы басшылық етіп отырған ұжымда жүзден астам адам еңбек етеді. Мұндағы қызметтің басты мақсаты – тұрғындарды электр қуатымен сапалы әрі үздіксіз қамтамасыз ету.
Бұл жолда мекемедегі бірқатар жабдықтар жаңартылып, қажетті жөндеу жұмыстары да біртіндеп жүзеге асырылуда. Мысалы, ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында бекітілген кестеге сай меншіктегі барлық электр жабдықтарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Атап айтар болсақ, «Жанқұлиев» шағын ауданындағы 35/10 кВ қосалқы стансаның іске қосылуына байланысты Алға ауылы (254 жеке тұлға, 8 заңды тұлға), Сауытбек ауылы (150 жеке тұлға, 6 заңды тұлға), «Батыс» мөлтек ауданының бір бөлігі (458 жеке тұлға, 46 заңды тұлға), «Автобекет» аумағы (422 жеке тұлға, 31 заңды тұлға) осы стансаның әуе желісіне қосылды. Бұл өз кезегінде 35/10 кВ «Кос-кудук», 35/10 кВ «Новотройцк» қосалқы стансаларындағы жүктемені азайтты.
Сонымен қатар, соңғы жылда ҚС-35/10 кВ «Кос-кудук» қосалқы стансасына қайта жаңғырту жұмыстары жасалып, КРУН-10 кВ жабдығы КНР-4 типті жабдыққа ауыстырылды. Майлы ажыратқыштардың орнына ваккумды ажыратқыштар орнатылды. Шығыстағы 10 кВ әуе желілері кабелді желіге ауыстырылды. Ал, Қонаев ауылындағы «Ленинск» қосалқы стансасына жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында қуаты 2500 кВа трансформатор орнатылып, кернеуі 35 кВ №52 әуе желісі қайта орнатылды. Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде кернеудің сапасы жоғарылады. Қосалқы стансада апатты өшірулер болған жағдайда стансаны резервті электр қуатымен қуаттандыру мүмкіндігі пайда болады.
Сондай-ақ, Сауытбек ауылында инвестициялық бағдарлама бойынша ағаш бағаналар темір бетонды бағаналарға ауыстырылып, ӘЖ-10/0, 4 кВ сымдары жаңартылды. Алға ауылының Бармақ, Болат, Жамансарт, Қарашаш, Шымырқұл, Каден көшелеріндегі ағаш бағаналар темір бетонды бағаналарға ауыстырылып, әуе желілері жаңартылды. Төле би ауылындағы ҚС-10/0,4 кВ №69 трансформаторынан қуаттанатын Шәкіров, Гагарин көшелеріндегі ағаш бағаналар темір бетонды бағаналарға ауыстырылып, әуе желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Байқасаңыз, тұрғындарға сапалы қызмет ұсыну бағытында бірқатар ескі дүниелер жаңартылып, жаңа жабдықтар алынып, жұмыстың жүйелі жүзеге асырылуына негіз болуда. Енді, әр еңбеккер өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, мекеме тынысы одан әрі кеңейе бермек. Бұл тұста міндетті мінсіз атқаруға тырысып, сенім биігінен көрініп жүрген жандар жоқ емес. Олардың қатарынан 35/10 кВ «Көкқайнар» ҚС-ның электромонтері Н.Оразов, Т/Ж электромонтері А.Абдраманов, 35 кВ-ӘЖ электромонтері Н.Қауымбаев, Т/Ж шебері Р.Жуманбаев, 35 кВ-ӘЖ шебері А.Әшім, ОДТ кезекші электромонтері П.Бұғыбаева, бақылаушы А.Байсыдыков, жүргізушілер К.Бузубаков, Б.Көпбаев, 35/10 кВ «Киров» ҚС электромонтері С.Сүлейманов, абоненттермен жұмыс бойынша инженер Н.Қыздарбекова, есеп бойынша инженер Б.Тоқсанова сынды еңбеккерлердің есімдерін атап айтуға болады.
Маңызды міндеттерді жүзеге асыра отырып, жергілікті халықпен біте қайнасып қызмет етіп келе жатқан мекеме жұмысына алдағы уақытта да сәттілік тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.