Ақпараттық портал

«Төрт тоқсан – төрт өнер»

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімдері О.Төлешова мен Ж.Ембердиева «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы аясында 4-сынып оқушыларымен мектебіміздің түлегі, бүгінде «Шу қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және бақылау» бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген жас ақын С.Спанәлімен «Сыр сұхбат» атты кездесу өткізді.

Мектептің мәжіліс залында оқушылар С.Спанәлі мен оның анасы Ш.Есболғанованы зор қошеметпен күтіп алды. Оқушылардың орындауында ән шырқалып, күй тартылып, қонақтар назарына әсем би де ұсынылды. Сондай-ақ, олар ақын шығармашылығынан «Тағдырға бағынбадың…», «Қасірет пен қасиет», «Ертеңіміз болсын әрқашан», «Ауылдағы тіл жайлы», «Адасқанға жол», «Біз үшін мейрам», «Әсерлі әлем», тағы басқа жыр шумақтарын жатқа оқыды.
Шара барысында жас ақынның анасына бала Серіктің қандай болғандығы жайында сұрақтар қойылды. Анасы оның қимылы ерте дамып, тілінің де қатарластарына қарағанда ерте шыққанын айтып берді. Балалық шағы жайында біраз сұраққа жауап алған шәкірттер жас ақынның өзіне де бірқатар сұрақтар қойды. Серік алғашқы жыр шумақтарын 8-9 жасынан жаза бастағанын айтып, қазақтың біртуар қайсар қызы Ф.Оңғарсынованың «Не болып кетті дүние?!» өлеңін және өз шығармашылығынан да бірнеше өлеңдер оқыды. Жас шәкірттерге балалық шақта уақытты босқа өткізбей, сабақты жақсы оқып, ата-ананы тыңдап, ұстаздарды құрметтеп, кітапханамен байланысты үзбей, жиі кітап оқу керек екенін де ескертті.
Сонымен бірге өзін қуантқан тағы бір жайт, шығармашылығын бағалаған алдыңғы толқын ағалар мен жерлестері оның өлеңдерінің «Шу өңірі ақындарының антологиясы» энциклопедиялық жинағына енуіне негіз болып, нәтижесінде ең жас ақын атанғаны екен. Интербелсенді тақтадан Серіктің түрлі байқауларда қол жеткізген жетістіктері, аудандық, облыстық газеттерде жарияланған өлеңдері, тек ақындық емес, басқа да қырлары слайд арқылы таныстырылды.
Кездесу соңында ақындық өнерге жаны жақын мектебіміздің 9-сынып оқушысы Әділ Ақылбекұлы ақын ағасына арнау өлеңін оқыды. Ал, С.Спанәлі өзінің шығармашылығына қолдау білдірген азаматтар мен осы кездесуді ұйымдастырушыларға да зор алғыс білдірді.
Жанат Шаңғарақбаева,
Мұқағали Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет
пәні мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.