Бұлақ көзін ашып жүрген адамдар
Адамның тұлға болып қалыптасуы оның балалық шағынан бастау алатыны белгілі. Оған мектеп қабырғасында алған білім мен мектептен тыс мекемелерден жинаған машық өз септігін тигізеді. Әсіресе, көп ата-аналар баласының тұла бойындағы талап пен қабілетті шыңдау үшін перзенттерін түрлі үйірмелерге тасып жатады. Бұл тұста мектептен тыс білім беру мекемелерінің рөлі ерекше. Біз басылымның осы санында сондай білім ошағының бірі – Шу ауданының білім бөліміне қарасты Балалар мен жасөспірімдер орталығы, ондағы шәкірттердің шыққан шыңдарына тоқталатын боламыз.
Шынын айту керек, бұл мекеменің босағасын аттамағалы да біраз уақыттың жүзі болған сыңайлы. Өйткені, көзіміз шалған өзгерістер баршылық екен. Мәселен, терезелердің тең жартысынан көбі заман талабына сай ауыстырылып, ғимарат іші де айтарлықтай ажарланған көрінеді. Сондай-ақ оқушыларға қажетті асай-мүсейлер де жаңартылғанын аңғардық. Бұл да болса басшылықтың ел болашағы үшін жасаған қадамы деп қуанып қалдық.
Бүгінде Мейрамхан Асайынов басқаратын Балалар мен жасөспірімдер орталығының тарихы 2002 жылдан басталады. Дәл осы жылы тиісті құжатқа қол қойылған. Ал араға 2 жыл салып мекеме толықтай ұрпақ тәрбиесі ісіне кіріскен. Қазіргі таңда 50-ден аса қызметкер тер төгіп жүрген білім ошағында 22 үйірме жұмыс істейді. 4 бағыттағы үйірмеге 1423 оқушы қатысып, осындағы 37 жетекшіден тәлім алуда. Осындай мәліметті ұсынған Мейрамхан Дәрменбайұлы мекемеден өнер мен білім үйренген шәкірттердің жетістіктерін мақтанышпен баяндады. Сонымен қатар, ол өзінің бір мүдде жолында жемісті жұмыс істеп жүрген әріптестерін атап өтіп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Олардың арасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ғалия Мұстапаева, әдістемелік бөлім меңгерушісі Бақыт Сатылғанова, бұқаралық бөлім меңгерушісі Анар Райымқұлова, «Жас ұлан» ұйымының жетекшісі Айдана Насырхан, шаруашылыққа жауапты Нұрлан Әлменов пен психолог маман Зәуре Олжабаевалар бар.
Одан бөлек, мекеме құрылғалы тізгін ұстаған суретші, мүсінші Қали Қораласбаев, Нағима Райқұлова, Ғалия Мұстапаевалардың да ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін атап өтпеске болмайды. Олар да әр жылдары Балалар мен жасөспірімдер орталығының нығаюына атсалысып, өз қолтаңбаларын қалдырғаны сөзсіз. Тіпті, 19 жыл ішінде қолөнер, спорт басқа да үйірмелерге жүйелі түрде қатысқан шәкірттер бүгінде білікті мамандарға айналуда.
-Балалар мен жасөспірімдер орталығы 4 бағытта қызмет етіп, ертеңгі ел азаматтарын көркем өнер, спорт, қолөнерге баулып, қоғамдық бірлестіктермен жұмыс істеп келеді. Соның ішінде көркем өнер саласында музыка, би, театр, қолөнер бағыты бойынша сурет салу, қолданбалы сәндік өнер, көркем еңбек, оқушылардың техникалық шығармашылығы, тігін, волейбол,үстел теннисі, бокс пен еркін күрес үйірмелері шулық өрендерге қызмет көрсетуде.
Одан бөлек біздің орталық балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында қоғамдық бірлестіктермен қоян-қолтық жұмыс жүргізеді. Бұл қадамдар «Мирас» ұйымынан бастау алған болатын. Кейін келе бұл ұйымның атауы «Жас ұлан» және «Жас қыран» болып өзгергенімен, өзінің түпкі мақсатынан айнымай келеді,-дейді мекеме директоры Мейрамхан Асайынов.
Мектептен тыс білім ошағы басшысының айтуынша, 2023 жыл жемісті болған. Оның ішінде жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін танытуға, үйренген дағдыларын дамытуға, алған білімдерін паш етуге арналған бірқатар жарыстар мен іс-шаралар өткізілген. Мәселен, жыл басында ақиық ақын – Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай БЖО «Жырлайды жүрек» атты аудандық көркемсөз оқу байқауын ұйымдастырған. Аталған байқауда 32 мектептен көркемсөз оқу аталымы бойынша 72 оқушы, сахналық қойылым аталымына 7 мектептен 33 оқушы бақ сынаған. Жүзден жүйрік атанғандар арнайы дипломдармен марапатталып, облыстық сынға жолдама еншілеген. Аталмыш байқаудан іле-шала «Бояулар құпиясы» атты жас суретшілер байқауы өткен. Мұнда да мерейі үстем болғандар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталғанын айта кеткен жөн.
Жасөспірімдер бойына ұялаған өнерді көпшілікке таныту, талабын ұштау мақсатында бұдан бөлек көптеген байқаулар мен түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Осы орайда бұлақтың көзін ашып, балаларға сенімділік сыйлай білген үйірме жетекшілерінің жұмысы мақтауға лайық. Олар әр күнін шәкірттерімен өткізіп, жоспарға сай жұмыс жүргізеді әрі үйірмеге қатысушыларды алуан түрлі аламандарға қатыстырып, шеберліктерін шындай түседі.
Балалар мен жасөспірімдер орталығы елдегі әрбір мерекеге маңыз беріп, оны атап өтуде асқан белсенділік танытуымен көзге түсіп жүр. Оқушыларға өнер үйретіп жүрген олар бұқаралық шаралардың ортасынан табылып, қолдарынан шыққан дүниелермен көпшілікті тәнті етуде. Ал олардың тәлімін сіңірген шәкірттері де республикалық және облыстық байқауларда топ жаруымен ұстаздарын қуантып жүр. Оған Тараз қаласындағы техникалық шығармашылық орталығында 1 мамыр – Бірлік күніне орай өткізілген «Сән толқынында» атты облыстық жас дизайнерлер жарысындағы жас жерлестеріміздің жеңістері дәлел болмақ. Барлығы 5 номинация бойынша өткен байқауда Жанайым Қосжан, Әсем Ақылбек, Әнжу Ерлан, Жаннұр Манат, Арайлым Сүйіндік, Аружан Әбдіхан, Әділ және Асыл Устум сынды БЖО шәкірттері жүлделі орындарға ие болып, алтын, күміс және қола жүлделерді қанжығаларына байлаған. Балғындардың бұл жетістігіне Б.Байсалбаева, Н.Сагитова, А.Устемирова секілді үйірме жетекшілерінің еңбегі зор деп санаймыз.
БЖО ішіндегі бұқаралық бөлім тарапынан да бірқатар жұмыстар атқарылған. Оны осы бөлімнің меңгерушісі А.Райымқұлова мәлімдеп отыр. Атап айтқанда, балалардың бойына сыбайласқан жемқорлықққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында «Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты аудандық сурет салу байқауы өткізілген. Онда кіші, орташа және жоғары жас санатына бөлінген суретшілер қоғамдағы дерт туралы пайымдарын қылқалам ұшында бейнелеген. Осылайша, 15 мектептен 54 оқушы қатысқан дода жоғары дәрежеде өтіп, жеңімпаздар марапатталған. Одан бөлек, үйірме шәкірттерімен мерекелік бағдарлама, қолөнер көрмесі мен дөңгелек үстел ұйымдастырылған.
Шәкірттері шашасына шаң жұқтырмайтын жүйрік болса бапкерінің мерейі үстем болары сөзсіз. Сондықтан біз бас сұққан мектептен тыс білім беру мекемесіндегі үйірме қатысушылары өз ұстаздарын жарқын жеңістерімен қуантуда. Мысалы, бокс үйірмесінің жетекшісі Е.Көпесбайдің шәкірті Сырым Мұратбек Солтүстік аймақтық Қазақстандық бокс чемпионатында бағы жанып, бірінші орынды иеленген. Сәуір айында сүйіндірген өрен Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясында оқитынын атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда бимен шұғылданушылардың саны артып келеді. Олардың жеңістері туралы ақжолтай жаңалықты жиі байқаймыз. Сондай өнерлі өрендерді баптап, Шара Жиенқұлованың ізбасарларын тәрбиелеп жүрген хореографтың бірі – Әсел Маханова. Әсел Абайқызы Балалар-жасөспірімдер орталығында би үйірмесінде білім беруде. Ал оның жас бишілері үлкен додаларда бақ сынап, жұлдыздай жарқырап жүр. Оған «Кел, билейік» атты дарынды бишілер байқауында шулық жас бишілердің бір мәрте бас жүлдеге, 8 мәрте бірінші орынға, 3 дүркін күміс жүлдеге ие болуы дәлел.
БЖО оқушыларының республикалық байқауларға қатысуы да белсенді. Республикалық жас өнерпаздар арасындағы шығармашылық көркем-фестивалінде қолөнер жанры бойынша Айжан Смағұлованың шәкірті Қаракөз Жұмахан екінші орынға ие болса, Бағила Игенбекованың балғындары бір жыл бұрын үш мәрте бірінші орынды еншілеген. Сондай-ақ Е.Иманбаеваның шәкірті Нұрдәулет Нұрлыбай «Кенгуру математика барлығы үшін» зияткерлік ойын конкурсында екінші орынды қанжығасына байлаған. Ә.Сыдықованың үйірмесіне қатысушы Бағжан Ержан да республикалық шығарма жазудан бас жүлдені еншілеген.
Оғландарымыздың облыстық байқаулар-дан да олжалы оралғандары аз емес. Мейрамхан Дәрменбайұлының айтуынша, үйірмеге қатысушы облыстық сында жүлделі орындарға ілініп, ұстаздардың үмітін ақтаған. Еңбегі далаға кетпеген ұстаздардың қатарында үйірме жетекшілері З.Қораласбаева, А.Жикаева, Г.Сүлейменова, Б.Байсалбаева, Н.Сагитова, А.Устемирова, Қ.Қораласбаев, Б.Көпжанов, А.Смағұловалар бар.
Жалпы алғанда заман көшінен қалмай, ағыммен қатар келе жатқан БЖО ұжымының бүгінгі адымы жақсы. Келер жылы 20 жылдық мерейтойларын атап өтуге бекінген мекеме бірқатар шаруаларды жоспарлап отыр. Оның ішінде қорытынды есеп беру кеші тізім басында тұр. Бұдан бөлек, ойға алған жұмыстары баршылық.
Хакім Абай бір сөзінде «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген екен. Бұл даналық дүйім жұрттың жадында жаңғырып тұрғаны анық. Шәкірттеріне жақсы ұстаз болып, биік белестерге жетелей білген балалар-жасөспірімдер орталығының ұстаздарына оқушылардың да, ата-аналардың да ризашылығы шексіз. Өйткені, өнерлі жанды тәрбиелеу – оның болашағына баспалдақ салумен бірдей.
Әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұни да бір нақылында «Өнер-білім берем десең басынан, бер оқуға балаларды жасынан» деген-тін. Бұл да байыбына бара білген жанға айқын бағдар. Себебі баласын бай болуға тәрбиелеп, өнер-машықтан мақрұм қалдыратын ата-аналар да аз емес. Оларға Абай атамыз «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейтін ақыл айтады.
Қорыта айтқанда, мүсін қашағандай машақаты мол мамандық иесі – мұғалім. Балаларға білімнен бөлек өнер үйретіп жүрген БЖО ұстаздары да ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуда. Сол жолдағы барлық бастамалары баянды һәм табысты болсын деген тілек білдіреміз.
Байжан Емберді.