Екі ауылда ауыз су жүйесі пайдалануға берілді
Қазіргі таңда ауыз су еліміз бойынша күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны жасырын емес. Қалай тартсақ та, сапалы, таза ауыз сумен барлық елді мекендер қамтамасыз етілген дей алмаймыз. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары ауданымыздағы бірқатар ауылда ауыз суға қатысты талайды толғандырған түйткілді мәселе шешімін таба бастады. Дәлірек айтқанда, өткен жылдан бері өңіріміздегі 6 ауылға ауыз су жүйесін тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келді. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Шу қаласындағы «Қант зауыты» мөлтек ауданы да бар.
Күні кеше ғана аталған ауылдардың қатарындағы Еңбекші мен Көкқайнар ауылдарында ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты пайдалануға берілді. Осылайша, ұзаққа созылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалып отыр. Қос ауылдағы салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы ауылдықтарға өзінің құттықтауын жеткізді.
– Құрметті ауыл тұрғындары, сіздерді көптен күткен ауыз су жүйесінің іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын! Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту – Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға жүктеген негізгі міндеті екені белгілі. Сондықтан біз бұл міндетті жете түсініп, қала мен ауылда тұратын ағайынға таза суды тұтынуға барынша жағдай жасаудамыз. Өйткені, сапалы ауыз су халық денсаулығы мен санитариялық-гигиеналық жағдайды жақсартуға кепіл болады. Шу ауданында 35 елді мекеннің 26-ы немесе 47,3 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылған. Мұндай иігілік жетпеген 7 ауылдағы жағдай да біздің назарымызда. Биыл 6 ауылда тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде Еңбекші мен Көкқайнар және Ақтөбе ауылдарындағы құрылыс өз мәресіне жетіп отыр. Алдағы 2 жылдың ішінде Шу ауданы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады деген жоспарымыз бар. Халқымызда суды тіршілік көзіне балайды. Сонымен қатар, сапалы ауыз су тұрғындардың жиі көтеретін мәселесінің бірі болып отыр. Сол себепті біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жіті бақылауға алатын боламыз, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Ауылдықтардың өмір сүру сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе – ауыз су екені белгілі. Алайда, дәл осы мәселе Еңбекші ауылында көптен бері шешілмей келе жатқан түйткіл болатын. Енді міне, бұдан былай мұндағы 700-ге жуық тұрғын сапалы ауыз суды тұтынбақ. Сонымен бірге, ауыз суға қатысты мәселе аудан орталығынан шалғай орналасқан Көкқайнар ауылында да өзекті еді. Мұнда да қыруар жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ауылда ауыз су жүйесі мен су шығару ғимараты салтанатты түрде ел игілігіне берілді. Аталған шараға қатысқан ауыл тұрғындары мен ақсақалдар өздерінің ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысына ақ баталарын берді.
Айта кету керек, қос ауылдағы құрылыс жұмыстарының сапасына көз жеткізу мақсатында бұған дейін аудан әкімдігінен арнайы комиссия құрылып, мердігерлер тарапынан атқарылған жұмыстар толық зерделенген болатын. Ендігі кезекте ауыл тұрғындары орталықтандырылған ауыз су жүйесіне жаппай қосылуы тиіс. Бұл өз кезегінде ауылдықтардың сапалы ауыз су тұтынуына жол ашса, екіншіден жауапты мекеменің жұмысын жүйелі етуге сеп болмақ.
Су – тіршілік көзі. Алайда көптеген ауылдықтың таза ауыз суға әлі де болса қол жеткізе алмай келе жатқаны шындық. Жоғарыда атап өткеніміздей, 6 ауылда көп жылғы мәселелер оң шешімін табуда. Бірақ мұнымен аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілді деуге болмайды. Мұндай мәселе Тасөткел су қоймасы, Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек, Алайғыр, Құлақшын сынды бірқатар елді мекендерде әлі де бар. Дегенмен, тұрғындардың мемлекет қолдауының нәтижесінде, бағдарламалардың аясында мұндай мәселелер келешекте шешімін тауып қалар деген үміті басым…
Ерғали Қартайған.