Шаттыққа бөлеген шырша мерекесі
Қоян жылы босағамызға құтымен қадам басқанда берекелі жыл болғай дескен едік. Әне-міне дегенше сыбаға мен сыралғыдан сырт айналдырмай, өзінің естеліктерімен тарих қойнауына енбек. Санаулы күндерден кейін тарих сахнасының төріне 2024 жыл жайғасып, ұлу жылымен қауышпақпыз. Ұлу жылы ұлтымызды ұлы мақсаттарға жетелеп, ұрпақ қамы үшін тындырылар тірліктердің айы оңынан тусын деп тілейік. Кетер жыл мен келер жылдың өткелінде тұрған өр халқымыз әр жылды жақсы істермен тәмамдауды дәстүрге айналдырған. Жаңа жылды әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз асыға күтеді десек, оларды қуаныш пен шаттыққа бөлеуде шет қалған емеспіз.
Соның жарқын көрінісі, Шу қаласындағы сәні мен сәулеті келіскен “Құралай” мейрамханасында өткен Шу ауданы әкімінің жаңа жылдық шыршасы. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев, аудандық кәсіподақ төрайымы Аида Бекмурзина, ауданда орын тепкен білім ошақтарының қызметкерлері және әр мектептен келген 150-ге тарта оқушылар қатысты.
Әсем безендірілген залдың ішіне енгеннен-ақ бейне бір ертегі әлеміне тап болғандай күй кештік. Балалар сүйіп көретін “Балапан” телеарнасындағы мультфильмдерден алынған кейіпкерлердің кастюмін киген балалар өз образын лайықты түрде ойнап шықты. Жаңа жылдық шыршада Мардан мен Маржан, Айсұлу мен Күнсұлу, Мұз ханшайымы, Гүл ханшайымы, Аққала сынды персонаждардың диалогы әдемі үйлесім тауып, жаңа жылдық шыршаға жиналған балалардың көңілін өздеріне аударып отырды. Олар Шу жерінің тарихын қаузап, өткеннен өнеге болар мысалдарды да келтірді. Әрі жаңа жылдық кейіпкерлер түрлі ойындар ұйымдастырып, балаларға жұмбақ жасырып, заманауи әндерден құралған попурилерге жас өрендерді билетіп, Аяз ата қоржынынан сыйлықтар үлестірді. “Қуанса, бала қуансын” деген ұстанымды ұран ететіндігін дәлелдеген атқамінер азаматтар балалардың қолдарынан жетектеп, бірге би билеуден де тартынбады. Мерекелік кеш басталған тұста жағымсыз кейіпкер Мұз ханшайымы мерекенің шырқын бұзбақ болып, барлық балаларды қаһарымен мұз қылып қатырып, кеш жүргізушісі Марданның жүрегіне зұлымдықты ұялатып, өзімен бірге алып кетеді. Сол сәтте көмекке Айсұлу мен Күнсұлу, Гүл ханшайымы кезекпен келіп, қатқан балаларды жібітіп, қамыққан көңілдерін серпілтті. Міне, осыдан кейін мерекелік кешке Аяз ата мен Ақшақар кіріп келгенде балалар шат-шадыман күйге енді. Аяз ата сиқырлы таяқшасымен шыршаның шамдарын жағып, көңілді кеш басталып кетті. Қос бұғыға жегілген арбаға балалардың сыйлығын толтыра ұлу да келіп, жыл иесі ретінде төрге жайғасты. Бұған қоса, балғын балақайларға арналған мерекеде әуелеген ән де айтылып, биші өрендеріміз мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды.
Мұнан кейін, аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы балаларға жылы лебізін айтып, сағына, сарыла күткен мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, Шу ауданының жаңа жылдық шыршасына қатысып отырған балақайларға тәттіге толы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттарын табыстады. Жүзі жылы әкімді көрген балалар жанына алма-кезек аяңдап, естелікке суретке де түсіп жатты. Жаңа жылдың тосын сыйлары мұнымен біткен жоқ. Дастархан басына жиналған балалар түрлі тәттілерден ауыз тиіп, алдарына қойылған ыстық тамақтан да дәм татты. Тәтті үміттің жетегіне ергіш келетін балдәурен шақтың балғындары жүзіне күлкі үйіріліп, қос езуі кемпірқосақтай керіліп, үйлеріне тарқасты.
Айғаным Асқарбек.