«Үйірме – өнер бастауы»
Қай заман, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне зор мән беріп келген. Оны «Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні» секілді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Мұның жарқын дәлелдерінің бірі – жуырда аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткен Әуесқой балалар үйірмелерінің «Үйірме – өнер бастауы» атты шығармашылық есеп беру концерті. Аталмыш шара әр мәдени ошақта ағымдағы жылдың 1-қарашасы мен 8-желтоқсан аралағында өткізілген болатын. Ауылдық елді мекендердегі мәдениет ошағы өнерлі ұрпақ тәрбиелеу жолында таланттардың танылуына аянбай үлес қосып келеді. Дәл осы ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардағы әуесқой балалар үйірмелерінен іріктеліп алынған өнерпаздар қатысқан гала концерт ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын да айта кеткен жөн. Жалпы, ауданда 67 балалар үйірмесі болса, 26-желтоқсан күні аудандық мәдениет үйінде өткізілген бұл шараға осы үйірмелерден ерекше таланттары арқылы топ жарып шыққан 6-17 жас аралығындағы үкілі үміттерін ту қып ұстап, асқақ армандарын арқалап келген 98 үміткер қатысып, олар вокал, хореография, қолөнер, көркемсөз оқу, әртістік шеберлік номинациялары бойынша өз өнерлерін ұсынды.
Баланың бойындағы дарыны мен талантына дер кезінде қолдау көрсетіп отыратын мәдениет үйлерінің қызметі ерекше. Өнерлі жетекшілердің еңбектерінің нәтижесі ретінде әуесқой үйірмелердің әр қатысушысы өз мүмкіндігін дұрыс арнаға бұрып, болашақта үлкен өнер иесі атанары сөзсіз.
Іс-шараны Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің үйірме мүшелері әнші балапан, актриса, Ұлту Бектенәлі және сегіз қырлы, бір сырлы Секім Мұхаммед жүргізді.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев шығармашылық есеп беру концерттерінің қорытындысына сай, І орынмен Көкқайнар ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған үйірмені (меңгерушісі Маншук Баймырзаева), ІІ-орынмен Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйін (меңгерушісі Сәби Кендебай), ІІІ-орынмен Бірлікүстем ауылдық мәдениет үйінің үйірмесін (меңгерушісі Сербаева Гүлнар) марапаттап, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Вокал номинациясы бойынша ең кішкентай бүлдіршін Жанерке Ержанның (Шу қаласы) «Жақсы көрем атамды», Айару Аманқұлдың (Шоқпар ауылы) «Көңілді күн», орыс ұлтының өкілі Роман Грибенюктің (Бірлік ауылы) «Мен қазақпын», Әбдіғаппар Темірланның (Қонаев ауылы) «Ауыртпа, Алла анамды!», ағайынды Тынышқұлдар отбасының орындауындағы («Абай тарландары» триосы, Абай ауылы) «Ер жеттім әке», хор ұжымының (Бірлікүстем ауылы) «Ақ бұлақ», Арузат Қыдырбайдың «Сарыарқа», Нұрай Дүйсенқұлдың «Атамекен» әндері, аспапта ойнау жанры бойынша «Ерке сылқым» (Балуан Шолақ ауылы) домбырашылар тобының «Ерке сылқым» күйі, жеке орындауда Аяулым Мейірбектің (Бірлік ауылы) «Ата толғауы» күйі, Табыс Бауырланның (Төле би ауылы) «Қос алқа» күйі, Рауан Досжановтың (Төле би ауылы) «Бозайғыр» күйі, хореография жанры бойынша «Көркем-ай» бишілер тобының (Бірлік ауылы) «Шығыс биі» және «Батырлар биі», «Заманауи би» тобының (Көктөбе ауылы) «Зонтик» биі, «Шабыт» би тобының «Балқадиша» биіне көрермендер ыстық ықыласын танытты. Сонымен қатар, Далақайнар және Бірлікүстем ауылының қолөнер көрмесіне де (үйірме қатысушылары Аяла Қайрат, Мұқан Айдын, Мұса Шахназ, Ақбота Батырбай сынды т.б оқушылар) көрермендер ризашылықтарын білдірді.
Драма үйірмесінің (Көкқайнар ауылы) қатысушылары М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді көрсетсе, көркемсөз үйірмесіне қатысушылар Малика Гахраманов (Жаңа жол ауылы), Әбихан Еркенұр (Сауытбек ауылы), Тлеубек Шырай (Алға ауылы) М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін мәнерлеп оқыды.
Іс-шараға қатысқан барлық оқушыларға және жетекшілеріне аудандық мәдениет үйінің Алғыс хаттары, дипломдар мен сыйлықтарын бөлімнің бас маманы Қ.Файзуллина табыстап, жас өнерпаздардың бұдан да жоғары белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Маржан КӨПБОСЫНОВА, үйірме жұмысына жауапты аудандық мәдениет
үйінің мәдени ұйымдастырушысы.