Жаңаша формат жастарды жігерлендірді
Тарих қойнауына енер жылды таразылап, жаңа жылдан жаңа леп, жаңа бетбұрыс күтіп, болашақты бағамдайтынымыз белгілі. «Жаңа» деген сөздің өзі жанға қуат, көңілге медет сыйлайды. Соны түсінген көреген басшымыз “Жаңа Қазақстанға” қадам басамыз деп әмбе жұртқа жар салды. Ал, сол жаңа Қазақстанның іргесін жалынды, жігерлі жастар қалайтыны анық. “Жас келсе, іске” демекші, қандай игі істің болмасын басы-қасында өскелең ұрпақ бой көрсетіп жатса, келешегімізге сеніммен көз тастаймыз.
Біздің өңірдегі аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жанындағы Жастар ресурстық орталығында да қазіргі заманның ағымына бейімделген жаңашыл, жасампаз жастар жетерлік. Қандай іс болмасын басы-қасынан да табылатын сол креативті жастар. “Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап” деген ұстанымды басшылыққа алған орталықта шетінен “сен тұр, мен атайын” деген жастардың қарасы көбейіп келеді. Олардың әр бастамасында, ойға алған істерінде, жүйелі жоспарларында жан жадыратар басымдықтар байқалатындай. Жыл қорытындысын “Шу жастар” атты жастар премиясымен түйіндеген олар ерекше кеш өткізді. “Жасы кіші демегін ақылы асса, аға тұт” деген нақылды өн бойына ұялатқан атқамінерлер артынан еріп келе жатқан жас буынның қай бастамасы болмасын, қолдауға даяр екендіктерін аңғартты. Содан болар, бұл мерекелік кеште де бой көрсетті. “Шу жастар” жастар премиясына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, “Amanat” партиясы аудандық филиалының жауапты хатшысы Болатхан Ниязбеков және басқа да ел тізгінін ұстап жүрген азаматтар қатысты. Бұған қоса шараға білім, медицина, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік, өнер мен спорт, басқа да салаларда аудан абыройын асырып жүрген жастар жиналды.
Жастар премиясының кешін ерекше форматпен бастаған қос жүргізуші ауданда орын алған жағымды жаңалықтармен көпшілікті қуантып қойды. Мерекелік кеште “Үздік жас мемлекеттік қызметші”, “Үздік жас педагог”, “Үздік жас кәсіпкер”, “Үздік жас құқық қорғау қызметкері”, “Үздік жас журналист”, “Үздік жастар ісі жөніндегі маман”, “Үздік жас теміржолшы”, “Үздік жас мәдениет саласының маманы”, “Үздік жас құтқарушы”, “Үздік жас медицина маманы” деген номинациялар бойынша жас та болса алдыңғы саптан көрініп жүрген, сайдың тасындай іріктелген, өз ісінің мамандары марапатталды. Сондай-ақ, спортта сүбелі жетістігі бар жастарымыз “Үздік жас боксшы”, “Үздік жас көкпаршы”, “Үздік жас футболшы”, “Үздік жас волейболшы” аталымдарына лайық деп танылды. Өз саласының қыр-сырын меңгеріп, мамандығының үздігі атанып, қара үзіп, топ жарған жастарға “үздік” деп басталатын статуэтка мен Алғыс хат және бағалы сыйлықтар табысталды.
Жастардың қай заманда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылады. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түсуіне жол ашу-мемлекеттің мерейлі міндеті болмақ. Осыны ескерген Шу аудандық және қалалық Жастар ресурстық орталығының жылды осындай оңды іспен аяқтауы, келер жылға үлкен шабыт сыйлары анық.
Айғаным Асқарбек.