Ұлу жылы ұлы істерге бастасын!
Халқымыз жыл ауысар шақта әр жылдың өзіне тән ерекшеліктерін, сол жылда болған елеулі оқиғаларды, дүниеге келген ұлы тұлғаларды жарыса айтып, одан қала берді “мүшел жасқа кірер жылым” деп жақсылыққа жорамалдап, жылдың қайырлы болуын тілейді.
Шығу тарихы тым тереңге көш тартатын халықтық жыл санау есебі бойынша биыл “Ұлу жылына” қадам бастық. Қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың біріне балаған. Ұлудың денесі жұмсақ болғандықтан бұл жыл жерге де, елге де құт-берекені, ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген. Ұлу жылы ұрпақ өрбітер жыл деп кей деректерде айтса, ұрпағымыздың болашағына үлес қосар “Ұлттық қор-балаларға” жобасының осы жылдан бастап іске қосылуын да жақсылыққа балап отырмыз. Әр жыл өзінің сыбағасымен сүйіншілеп, жақсы жаңалықтарымен елең еткізсе, Ұлу жылы да қуанышты хабардан құр алақан қалдырмасын!
Бастау алар жылға үлкен үміт артып, сенімнің жетегіне еретін халқымыз есігімізден енген жылдың ерек болуын тілеп қана қоймай, жылды жағымды жаңалықтармен бастауға да айрықша мән береді. Бұған қоса жан-жағын әрлеп, төңірегін безендіріп, жаңа жылдың символы ретінде жасыл шыршаны құрып, мерекені шат көңілмен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Соның жарқын көрінісі аудан орталығы – Төле биде және Шу қаласында өткен жаңа жылдық мереке. Қарақұрым халық ағылған Шу және Төле бидегі жаңажылдық мерекеге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы келіп, аудан жұртшылығын құттықтап, ізгі тілегін арнады. Мұнан кейін мерекелік концерт жарасымды жалғасын тапты. Иін тіресе жүрген көпшілік қаумалаған ел арасынан танысын жүздестіріп, бірін-бірі мерекемен құттықтасып жатты.
Қоян жылы Шу ауданы үшін құтты жыл болды десек, асыра айтқандық емес. Өткен жылдарда бастау алған игі істер осы жылда оң жамбасқа түсіп, шешімін тауып, халықтың қажетіне жарап жатыр. Жыл ақырына жетер тұста көптің көңілінен шыққан көптеген жаңалықтар легі де қуанышымызды еселей түсті. Қоян жылында атаулы, даталы күндерді де ерекше үйлесіммен атап өттік.
Әрине, 2024 жылға да жүйелі жоспарлар құрылуда, оларды ел игілігі жолында іске асыруға ерік-жігер мен қажыр-қайрат толық жетеді деп айтуға болатындай. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл”демекші, мұндай абыройлы жұмыстарды атқаруға шулықтар қомақты үлес қосулары тиіс. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. 2024 жыл еліміз үшін мол табыстар мен жетістіктерге толы жағымды жыл болғай!
Айғаным Асқарбек.