ҚАЛА ӘКІМІ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ
Қалыптасқан дәстүрге сай әр жылдың соңында әр саладағы жұмыстар қорытындыланып, жүйріктер анықталып жатады. Сондай шараның бірі – Жамбыл облысы әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығы екені сөзсіз. Аталған аламанда шулықтар да бақ сынап, биыл екінші мәрте үздіктер қатарынан көрініп отыр.
Өткен айдың соңында Тараз қаласында өткен салтанатты жиында аймақ жастары облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің қолынан «Әулиеата үміті» сыйлығын алған болатын. Солардың қатарында жерлесіміз, Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиевтің болғандығын қуана жеткізгіміз келіп отыр.
Аудандағы, бәлкім облыстағы жас әкім саналатын Елдос Бекболатұлы жарты жыл бұрын ғана теміржолшылар қаласының тізгінін ұстаған. Осы уақыттың ішінде өзінің жастық жалынымен жұмысқа жаңа леп әкеліп, өзін іскер басшы ретінде көрсете білді әрі бұқарамен ашық түрде байланысқа түсіп, тың ойларымен таңдай қақтырды.
Оның осы қырын жоғары бағалаған комиссия мүшелері «Жамбыл облысының ең үздік жас мемлекеттік қызметшісі» номинациясын беруді мақұл көрген. Осылайша, шулық мемлекеттік қызметшілер екінші жыл қатарынан үздік екендерін дәлелдеуде. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Жүзден жүйрік атанған жерлесімізді жеңісімен құттықтап, жұрт қамына бағытталған жұмыстарына сәттілік тілейміз.
Байжан Емберді.