Ақпараттық портал

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ – ЕЛ ІШІНДЕ

Жыл басында халық қалаулылары елді мекендерді аралап, өздерін сайлаған тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауды әдетке айналдырған. Сонымен қатар олар жергілікті жерлердегі жұмыстарды көзбен көріп, туындаған мәселелермен танысады. Бұл Парламент депутаттарының алдағы өтетін алқалы жиындарда ала баратын «олжасы» екені белгілі.

Өткен аптада өңірімізге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Б.С.Орынбеков өзінің жұмыс сапарымен келген болатын. Құрметті мейманды арнайы күтіп алған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков атқарылған шаруалардың шетін тарқатып, бірнеше нысанның тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Бекболат Серікбекұлы алғашқы бас сұққан мекеменің бірі – шаһардың кіреберісінде орын тепкен орталық қазандық болды. Мұнда «Шу-Жылу» мекемесінің директоры Руслан Куккузов сенаторға бас қазандықтың қысқы маусымдағы қарбалас тіршілігін таныстырып, бүгінгі ахуалын баяндады.
Қазіргі таңда теміржолшылар қаласындағы 75 әлеуметтік маңызы бар нысан мен 57 көппәтерлі және 226 жеке тұрғын үйді жылумен қамтып отырған мекеме 67 адамды жұмыспен қамтып, лайықты жалақыларын төлеп отыр. Жиынтық қуаттылығы сағатына 56,5 Гкал жылу энергиясын өндіретін қазандық көгілдір отынға көшкен. Кәсіпорын басшысының сөзінше, жылу тарататын мекеме былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 27 млн 161 мың теңге қаражат жұмсаған, ал ағымдағы жөндеу жұмыстарына 7 млн 600 мың теңге қарастырылып, кәсіпорынның жеке қаржысын қосқанда 17 млн 378 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып, негізгі құралдар сатып алынған.
Осының барлығына қанық болған құрметті мейман халыққа жылуды үздіксіз, тиісті температурада тарату, туындаған мәселелерді алдын ала шешу, сондай-ақ жылу желілерінің жай-күйіне жіті назар аудару керектігін атап өтті.
Мұнан соң сенатор Шу аудандық орталық ауруханасына бас сұғып, ахуалын білді. Жоғары медициналық мекеменің бас дәрігері Жайдар Әйтішев әлеуметтік нысанды аралатып, жылу қазандығының жағдайын мәлім етті. Аталмыш мекеменің жылу жүйесі табиғи газбен жылытылып, ғимарат орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. 159 орындық аурухана қажетті заманауи жабдықтармен жарақталған.
Өз кезегінде Б.Орынбеков қос мекемедегі жұмыстың жүйелілігін сақтау керектігін ескертіп, өзінің ұсыныстарымен бөлісті. Сенатордың аудандағы сапары Төле би ауылындағы әл-Фараби атындағы орта мектебі мен Қонаев ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінде жалғасын тапты. Аталған қос нысан да ел игілігіне жуырда берілгенін атап өткен жөн.
Құрылысы ұзаққа созылған 300 орындық білім ошағында бүгінде 370 бала білім алуда. Ыңғайластырылған ғимарат аумағы 1472 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 58 мұғалім білім беретін мектеп құрылысының мердігері «Айна Сити» ЖШС болды.
Ал, Қонаев ауылындағы өрендердің қуанышын еселеген спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген. Жобаның сметалық құны 365,2 млн теңгені құрайды. Жалпы аумағы 1486 шаршы метрлік спорт сауықтыру кешенінде балалар мен жасөспірімдер спорттың бірнеше түрінен шеберліктерін шыңдауда. Құрылысты уақытында берген «Астанаэнергомастер» ЖШС-не ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.
Құрылыс сапасын көзбен көрген сенат депутаты білім ошағы мен спорт нысанына қатысты өз көзқарасын білдірді. Сонымен қатар Бекболат Серікбекұлы сапар барысында түйген сын-ескертпелерін жеткізіп, басшылықтың барынша жүйелі жұмыс істеуі қажет деген тұжырымын айтты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.