Ақпараттық портал

«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» АТАҒЫ НЕ ҮШІН КЕРЕК?

Кейінгі жылдары «Құрметті» деген сөздің қадірі қашты ма, жоқ әлде заман ағымына қарай саясат солай бейімдеді ме, әйтеуір екінің бірі осы атаққа құмар бола бастады. Қазір не көп, атақ көп. Тізе берсең, саусақ жетпейді. Құрметті деген «қадірлі» деген нұсқалы сөзден құралатын атақты оңды-солды әр нәрсеге жапсырып, қадірін қашырып алған сияқтымыз. Неге десеңіз, «Ауданымызға сіңірген ерен еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген ерен еңбегі үшін», «Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін», «Ауданның Құрметті азаматы», «Құрметті депутат» сынды қаптаған атақтан бас айналады. Осыған қарап-ақ сағат сайын өзгерген заманда атақсыз болашақ жоқ па деген ойға қаласың.
Сөз құдіретіне басымызды исек, «Құрметті ардагер», «Құрметті депутат» деп айрықша бөлектегенде ардагерлер мен депутаттардың ішінде құрметсіздері де болғаны ғой деген ой еріксіз еске түседі. «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» деген дана Абайдың бұл тұжырымы жағымсыз мораль мен жанын жеген күйзелістен соң, қазақы мінездің қыр-сырын білгеннен кейін айтылған шындық. Ауыр да болса осы ғақлия күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан емес. Кейінгі кезде атақ қуалайтын, онысына еш шімірікпей, өзін лайықты санайтын жасы бар, жасамысы барлардың қарасы көбейіпті. Өмірбаяндарына жалғауларды көбейтіп, «төсбелгі» алуға құмартатындардың тізімін де көрдік. Төсбелгі деген марапатты қазір кез келген шеберханадан жасайтын хәлдеміз. Ал осы «Құрметті азамат»» атағын иеленетіндердің елге сіңірген еңбегі бар ма, жоқ па оған қарамай-ақ, қоғамдық кеңес, ақсақалдар кеңесі, әкімдіктен құрылған кеңес секілді «кеңестер» өзара кеңесіп, бір-бірінің ұсынғандарын қоштап-қолпаштап, таратып жіберетін болды.
«Қызметтің құлағын ұстағандар бүкіл экономикамыздың өрлеуіне атсалысып, жан-тәнімен жұмыс істеген болып, ал қарапайым кәсіп иелері қол қусырып қарап отырған ба?» деп өмірінің 40 жылын құрылыстың дәнекерлеу саласына жұмсаған Әлібай Дүмшебаев есімді жерлесіміз ашына сөйлеп, өз ойын білдірді. Төле би ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы болған Әбдібек Ормановтан «осы атаққа неге қарапайым еңбек адамдары ұсынылмайды?» деп сұрағанымызда оның «тек қана өкімет болып істегендерге ғана рұқсат бар» дегеніне қайран қалдық. Ол аз десеңіз, «көзіміз көрген соң айтамыз, бұрынғы қызметі мен сақалын бұлдап, аудан әкімдігіне орынды-орынсыз кіріп-шығып жүретін шалдардан не үміт, не қайыр?!» деп 35 жыл пошта байланысында жұмыс істеген Нұрлыхан Қомытов та өз ренішін білдірді.
Осы атақ дегеннен шығады. Соңғы кезде бірер жыл қызмет істеп кеткен әкім-қараларға осы атақты іліп жіберетін дәстүр пайда болды. Көз көріп, құлақ естіп жүргеннен кейін оған нақты дәлел де бар. Осындайда Шерхан Мұртазаның «Іс басындағы азаматтар өз істеріне өздері баға беруден бұрын мені жұрт қалай бағалайды деп ойланса, талай дұрыс істерге жол ашар еді» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Қызметтің құлағын ұстап жүргендерге жалпақшешейлік жасағанда алдымызға жан салмаймыз. Бұрынырақта Жазылбек Қуанышбаев, Әбдірахман Дәуітов, Жарас Оспанбеков, Камшат Дөненбаева, Зылиха Тамшыбаева сынды малшы-механизатор ата-апаларымыздың атақ дәрежесі өздеріне лайық болып, еңбегіне қарай берілген марапатқа бүкіл халық қоштап, қол соғатын. Қысқасы, тамыр-таныстыққа қарап сыйлағанды қою керек. Түрлі «кеңес төрағалары» өзара келісімге келіп, өз таныстары мен көз таныстарын тықпалау осылай жалғаса берсе, әспеттеген атақтың құнының ел арасында қадірі қашатыны айтпаса да белгілі. Сондықтан атақтан шашу шашатын үрдіске сыни көзқараспен қарау керек.
Қазақ десең өзіңе тиеді. Бізде «көңілжықпастық» деген дерт бар. Ел жаңарып, заман дамып жатқанда еселі еңбегімен, өнертапқыштығымен, білім сауатымен көш басында жүрген жігіттер мен қыздарымыз неге осы атаққа ұсынылмайды?! Мәселен, ауданымыздың атын әлемдік аренада дүркіреткен спортшы Батыр Жүкембаев бұл атаққа лайық емес пе?! Жастар жылы болып белгіленген 2019 жылы осы мәселені көтерген едік, «ақылмандар кеңесі» тарапынан ескерусіз қалды. Қорытындысында осындай жас азаматтарды дәріптеп, кейінгі жастарға үлгі ретінде ұсынуға болмай ма? Неге осындай өрелі жастарға осы атақтарды бермеске?! Күн санап зейнеткерлікке шығатын шал-шауқандардың мойнына лента іліп, кеудесіне төсбелгі таққаннан гөрі кейінгі жастарға көңілді көбірек бөлгеніміз жөн. Себебі, қоғам дамуының қозғаушы күші де – жастар. Шама-шарқынша бүгінгі буынға көбірек ықпал жасау – үлкендердің мойнындағы үлкен міндеттердің бірегейі болуы керек. Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы өзі үшін өмір сүреді, өзі үшін қызмет етеді. Тіпті, бір жиында салиқалы, ел қамын ойлап жүр деген алқа би шалдарының бірі «Біз қоғамдық жұмыстарды тегін істеп жүрміз. Жұмыспен қамту орнынан 50-60 мың жалақы бізге неге төлемейді? Көше сыпырғандарға да беріп жатыр ғой» деп өз еңбектерінің «қиындығын» айтып сөз тастады. Қоштағандар да болды. Осындай сөз қорытып сөйлегендерді қандай топқа қосарымызды білмедік.
«Тірі жүргеніңді міндет қылып, немереңнің нанын тартып жеме. Жас буын жетіскенінен көше сыпырып жүрген жоқ қой, қоқыс тазалап көше сыпырсаң саған да төлейді» деп уәж айтар кісі де шықпады. Міне, біздің үлкендердің келешек ұрпаққа қалдырар бүгінгі үлгі-өнегесінің сиқы осы. Құдайға шүкір, қазіргінің шалдарына үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жәрдем-көмектің түрі жетіп артылады. Өкініштісі сол, шүкіршілік аз. Жыл санап зейнетақыларына үстеме қосылып жатыр, медициналық көмек тегін, аракідік ауданымыздың «Құрметті азамат», «Құрметті ардагер» дегендеріне түрлі шипажайларға жолдама берілуде, ауданымыздағы түрлі іс-шараларда төрдегі орын да бұйырып жатыр. Өздері қоғам, мемлекет қайраткері атанғысы келіп, онысына еш шімірікпей, өзін сол атаққа лайық көретіндер қазіргі зымыран замандағы жастардың бастарына келіп жатқан қоғамдық ахуалдың қиындығын ескермей, бұрынғы гөй-гөйді айтып шаршатқандықтан кейінгі жастардың үлкендерге деген құрметтерінің азайып бара жатқанын неге сезінбейміз? Мұндайда «Жеміс ағашынан мол мәуе күтем десең, түбіне су құюды ұмытпа» деген шығыс нақылын жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Мэлс БЕЙСЕМБАЕВ,
Шу қалалық ардагерлер алқасының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.