Спорт саңлағын еске алды
Өткен аптаның соңында Шу
ауданында теңбіл доп тарланбо-
зы Тілеуберді Байдәулетовты
еске алуға арналған арда-
герлер арасында доп додасы
ұйымдастырылды. Оған
марқұмның отбасы, туыстары
мен көзін көрген аяулы достары,
футболды ермек еткен аға
буын өкілдері қатысты.
Жарыстың ашылуында Шу
ауданы әкімі Бақытжан
Жәнібеков сөз алып, жарысқа
қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Бүгін баршамыз белгілі спортшы, уақытында «Локомотив» сапында өнер көрсетіп, Жамбыл облысының чемпионы атанған Тілеуберді Байдәулетовты еске алуға арналған жарыста бас қосып отырмыз. Спортты жанына серік етіп өткен ағамыз жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қомақты үлес қосты. Оның жарқын келбеті жақындарының жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Сонымен қатар Т.Байдәулетовтың ет жақындары өздерінің естеліктерімен бөлісіп, оның азаматтық қырын атап өтті. Мұнан кейін кіші футболдан ашық турнир басталып, қатысушылар жеңіске жету жолында күресіп жатты.
Тартысқа толы ойын нәтижесінде «Ардагерлер» командасы турнирдің жеңімпазы атанса, «Достар» командасы күміс жүлдені иемденді. Сондай-ақ алаңда атой салған «Ақсақалдар» және Д. Қонаев ауылының құрамасы қола жүлдені қанжығаларына байлады. Әдеттегідей, турнир жеңімпаздары ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болып, кубокты төбелеріне көтерді. Одан бөлек, бағалы сыйлықтарға да қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Тілеуберді Байдәулетұлы – 1959 жылы 2 қаңтарда Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Ол 1970-ші жылдың соңынан бастап, 1991-шы жылға дейін «Локомотив» футбол командасының сапында ойнаған. Төл командасының намысын қорғай жүріп Жамбыл облысының чемпионы, бірнеше рет жүлдегері атанған. Сонымен қатар Т.Байдәулетов Қазақстан теміржолшылары арасында футболдан бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық және облыстық турнирлерінің жеңімпазы және жүлдегері болған.
Байжан Емберді.