Ақпараттық портал

Ыбырай жаққан шамның жарығы

Тарихтың терең қатпарларында уақыттың дауылына төтеп беріп, ғасырлар көшінде өз биігін жоғалтпайтын ұлы есімдер болады. Олар өмір сүрген дәуір алыстаған сайын көмескіленудің орнына, қайта жарқырай түседі. Өйткені олардың ғұмыры белгілі бір кезеңнің шеңберіне сыймайды, ал атқарған еңбегі бір ұрпақтың ғана игілігімен шектелмейді. Олар ұлттың рухани жадында мәңгілікке орын алған, болашаққа жол сілтеген дара тұлғалар. Сондай тарихи биігі уақыт өткен сайын асқақтай беретін ұлы есімдердің бірі – қазақ даласына білімнің алғашқы шырағын жаққан, ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы, педагог, жазушы Ыбырай Алтынсарин.

Биыл ұлы ағартушының туғанына 185 жыл толып отыр. Бұл өткенімізге үңіліп, бүгінімізді бағамдап, ертеңімізге көз тастайтын тағылымды белес. Себебі Ыбырай есімі аталғанда, көз алдымызға қараңғылықтың қалың тұманын білімнің сәулесімен сейілтуді армандаған, бар ғұмырын халқының сауатын ашуға арнаған қайсар жүректі азамат келеді. Бір сәтке XIX ғасырдағы қазақ даласына ойша оралып көрейікші. Ұлан-ғайыр дала. Көшпелі тіршілік. Білім алуға мүмкіндік шектеулі. Кітап пен мектептің қадірін түсінгенімен, оған қол жеткізе алмай отырған халық. Осындай кезеңде ел болашағын байлықтың көлемімен емес, ұрпақтың санасымен өлшеген бір азаматтың жүрегінде үлкен арман оянды. Ол қазақ баласының қолына кітап ұстатып, көкірегіне білім сәулесін құю еді. Ыбырайдың ұлылығы да осында. Ол өз заманының шеңберінде қалып қойған жоқ. Халықтың ертеңі мектеппен, мемлекеттің келешегі білімді ұрпақпен байланысты екенін терең түсінді. Сол жолда кездескен қиындықтарға мойымады. 1864 жылы Торғайда қазақ балаларына арналған мектеп ашып, ағартушылық жолдағы тарихи қадамын жасады. Оның «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі де сол ұлы мұраттың жарқын көрінісі. Арада қанша уақыт өтсе де, бұл шығарма өзінің алғашқы қуатын жоғалтқан жоқ. Керісінше, әр дәуірдің баласына бағытталған мәңгілік үндеуге айналды.
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!»
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған бұл өлеңнің шумағынан қазақ қоғамының санасын оятқан тарихи үнді естуге болады. Ыбырай балаларды оқуға шақырғанда, олардың білімді ұлттың қалыптасуын, көзі ашық, көкірегі ояу, өз тағдырына өзі жауап бере алатын қоғамның дүниеге келуін армандады.
Бір жарым ғасыр бұрын қазақ баласының білім алуы үшін күрескен ағартушы бүгінгі заманды көрсе, таңғалар ма еді?.. Себебі кешегі қара тақтаның орнын ақылды тақта, қағаз оқулықтың орнын электронды кітап басты. Бұрын бір кітапты табудың өзі қиындық тудырса, бүгінде әлемдік кітапханалар мен сан түрлі цифрлық платформалар білімнің шекарасын кеңейтті. Жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау, виртуалды зертханалар қазіргі білім кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда, осы тұста бір маңызды сауал туындайды, технология дамыған сайын адамның білімі де тереңдеп бара ма? Ақпаратқа қол жеткізу оңайлағанымен, оны саралау, шындық пен жалғанды ажырату, алған білімді өмірде қолдану қабілеті қатар дамып отыр ма? Ыбырай өмір сүрген дәуірде халықты сауатсыздықтан арылту басты міндет болса, бүгінгі қоғамның алдында бұдан да күрделі міндет тұр. Ол – ақпарат тасқынына жұтылып кетпейтін, өз ойын еркін жеткізетін, сыни тұрғыдан ойлайтын, ұлттық болмысын сақтай отырып, әлемдік өркениетпен терезесі тең сөйлесе алатын ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі баланың қолында әлемнің кілті тұр. Яғни бір ғана смартфон арқылы ол жер шарының кез келген нүктесіндегі ақпаратқа қол жеткізе алады. Бірақ ақпараттың көптігі білімнің молдығын білдіре ме? Әлеуметтік желіге сағаттап уақыт бөлетін жас ұрпақ көркем әдебиет оқуға қаншалықты құштар? Дайын жауапты бір сәтте тауып беретін жасанды интеллект дәуірінде өз бетінше ой қорыту, іздену, талдау мәдениеті қаншалықты қалыптасып келеді? Бұл бүгінгі ата-ана мен ұстазды, жалпы қоғамды толғандыруға тиіс сауалдар. Өйткені технология адамның жұмысын жеңілдетуі мүмкін, бірақ оның орнына ойлай алмайды. Электронды оқулық білім бере алады, алайда кітапқа деген сүйіспеншілікті өздігінен қалыптастырмайды. Жасанды интеллект мәтін құрастырады, бірақ адамның бойына мейірім, ар-ұят, елге деген жауапкершілік дарыта алмайды.
Ыбырай Алтынсаринді еске алғанда, ең алдымен, ұстаздық ұғымының тереңдігіне тоқталмай өте алмаймыз. Ол балаларды оқыту үшін мектеп ашып, мұғалімдер даярлау ісіне де айрықша көңіл бөлді. Қыз балалардың білім алуына жол ашып, қазақ қоғамындағы ағартушылықтың аясын кеңейтті. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебінің ашылуына ұйытқы болды. Кешегі Ыбырайдың шағын мектептегі ұстаздық қызметі мен бүгінгі мұғалімнің міндеті сырттай қарағанда екі бөлек әлем секілді. Бірақ екеуінің де жүрегіндегі мақсат бір- шәкіртінің өмірден өз орнын табуына көмектесу. Мектептің сәулетті ғимараты, заманауи жабдықтары, озық технологиялары болғанымен, оның рухани өзегін қалыптастыратын – ұстаз. Ұстаздың жүрегіндегі жылу шәкірттің бойына дарығанда ғана білім шынайы құндылыққа айналады. Сондықтан Ыбырайдың 185 жылдығы бүгінгі ұстаздың еңбегіне құрмет білдіру, оның қоғамдағы орнын бағалау кезеңі десек қателеспейміз. Ыбырайдың шығармашылығына тереңірек үңілген сайын оның тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруды көздегенін байқаймыз. «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Атымтай Жомарт», «Таза бұлақ» секілді әңгімелерінің әрқайсысында бүгінгі қоғам үшін де маңызды өмірлік сабақ жатыр. Ол баланы адал еңбекке, қарапайымдылыққа, мейірімділікке, үлкенді сыйлауға, жауапкершілікке тәрбиеледі. Адамның қадірі оның байлығымен емес, адамдық болмысымен өлшенетінін көрсетті.
Қазір әлем өзгеріп жатыр. Баланың тәрбиесіне әсер ететін ақпарат көздері көбейді. Әлеуметтік желі, интернет кеңістігі, түрлі мәдени ықпалдар жас ұрпақтың дүниетанымына әсер етуде. Осындай кезеңде ұлттық тәрбиенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әлемдік өркениетке ұмтылу өз тамырыңнан ажырау деген сөз емес. Керісінше, өз тілін, тарихын, әдебиетін, салт-дәстүрін білетін ұрпақ қана өзге мәдениеттің озығын бағалап, жаһандық кеңістікте өзіндік орнын сақтай алады. Ыбырайдың қазақ баласына арнаған шығармалары да осы ойды аңғартады. Ол баланың бойына біліммен бірге адамгершілікті сіңіруді мақсат етті. Бір кездері қазақ баласының білім алуы үшін бар күшін жұмсаған Ыбырайдың арманы бүгінгі Қазақстанның білім кеңістігінде жалғасын тауып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде мектептер бой көтеріп, білім беру мекемелері жаңарып, жас ұрпақтың ғылым мен технологияны меңгеруіне кең мүмкіндіктер жасалуда. Ауыл баласының да әлемдік білім кеңістігіне шығуына жол ашылды. Дегенмен осы жетістіктерді бағалай отырып, білім сапасы, ауыл мен қала мектептерінің мүмкіндіктері, кітап оқу мәдениеті, мұғалім мәртебесі секілді мәселелерге де бейжай қарамауымыз керек. Ыбырай өз дәуірінде халықты білімге шақырды. Ал бүгінгі ұрпақ сол білімді елдің дамуына, ғылымның өркендеуіне, қоғамның жаңаруына жұмсауы керек. Ол мектеп ашты, біз сол мектептерден шыққан ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Ол оқулық жазды, біз сол еңбекті жалғастырып, заман талабына сай білім мазмұнын қалыптастыруымыз керек. Ол бала жүрегіне ізгілік дәнін екті, біз сол дәннің мәуелі ағашқа айналуына жауаптымыз.
Ыбырай Алтынсарин небәрі 48 жыл өмір сүрді. Бірақ сол аз ғана ғұмырында тұтас бір халықтың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өмірі мәнді өмір сүрудің үлгісіндей. Ол өз көзімен көрмесе де, білімді қазақ ұрпағының дүниеге келетініне сенді. Бүгінде сол арманның жемісін көріп отырмыз.
Ұлы тұлғаның мерейтойын атап өтуде оның мұрасын бүгінгі өмірмен байланыстырып, шығармаларын жаңа ұрпаққа танытып, ағартушылық идеяларын нақты іспен жалғастыруымыз қажет. Өйткені Ыбырайды ұлықтаудың ең үлкен жолы – оның есімін ұмытпау, арманын жалғастыру. Бір кездері қазақ даласында жалғыз шырақ болып жанған білім сәулесі бүгінде мыңдаған мектептің терезесінен жарқырайды. Ендеше, сол жарықты сөндірмеу бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Ыбырай жаққан шамның жалыны уақытпен өшкен жоқ. Өйткені ол шамның майы — халықтың үміті, білтесі — ұрпақтың білімі, ал жарығы — қазақтың жарқын болашағы еді. 185 жыл өтсе де, ағартушының үні әлі естіледі. «Кел, балалар, оқылық!» деген сол бір қоңыр үн бүгін де қазақ даласының әр мектебінде жаңғырып тұрғандай…

Шолпан ТАРАХОВА,
аудандық білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» МКҚК директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.